Ел тынысы

Астананың әр ауданы Наурыз нақыштарымен әрленеді



Биыл Әз-Наурызда елорда әкімдігі қаланың барлық ауданында түрлі мерекелік іс-шараларды қызықты етіп өткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана қаласы мәдениет басқарма басшысының орынбасары Нұран Камзин Наурызды тойлау жоспарымен бөлісті.

Оның айтуынша, «ЕХРО» халықаралық көрме орталығында отандық және шетелдік қолөнершілердің қатысуымен «Көшпелі өркениет» фестивалі өтеді. Бүгінде мерекелеу тұжырымдамасы әзірленіп, сахналық алаңдар дайындалып жатыр.

«21-22 наурыз 11:00-ден 16:00-ге дейін елордамыздың Орталық алаңында, «Қазақ елі» монументі, «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда, елордалық саябақ пен EXPO алаңының аумағында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың 5 ауданында 30-дан астам мерекелік концерт өтеді. 21-22 наурыз күндері сағат 12:00-ден бастап аудан Алматы ауданының 12 тұрғын үй алабында және Байқоңыр ауданында 8 тұрғын алабында, Сарыарқа ауданының 4 алаңында, Есіл ауданында 4 алаң, сонымен қатар Нұра ауданында 4 алаңда мерекелік шаралар өтеді», – деді спикер.

14 наурызда сағат 19:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Тал бесіктен – Жер бесікке…» атты театрландырылған қойылымын ұсынады. Іс-шара «Астана Опера» театрының Күләш Бәйсейітова атындағы камералық залында өтеді. Бұл іс-шара – қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарына негізделген хор қойылымы. 15 наурыз күні сағат 19:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Наурыз айы туғанда» мерекелік театрландырылған концерт жоспарланған.

«Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, ел ішінде кеңінен таратып, дәріптеу мақсатымен өтетін мерекелік бағдарламада – бесік жырынан бастап салт-дәстүр әндері, халықтық және Қазақстан композиторларының ұлттық нақыштағы әндері, ұлттық билері орындалады», – деді Нұран Камзин.

17 наурызда «Бәйтерек» монументінің алаңында ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіледі. Ал, ақсақалдар мен көпбалалы аналар «Наурыз бата» береді деп жоспарланған. 19 наурыз күні сағат 16:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Наурыз ұлттық сыйлығының» марапаттау рәсімі өтеді. Ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттауға арналған «Наурыз» Ұлттық сыйлығы биыл 9 аталым бойынша табысталады. 20 наурызда «Арғымақ» спорт кешенінде ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылмақ.

«21-24 және 29-31 наурыз аралығында Қуыршақ театрында «Наурыз-Думан» қуыршақтар шоуы өтеді. Сондай-ақ 14 наурыз Көрісі күні – Амал мерекесінен бастау алып әрбір күннің тақырыптық іс-шаралармен толықтырылады. Наурыз мейрамын мерекелеу аясында барлық алаңда киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Сонымен қатар ұлттық спорт ойындары өткізіледі», – деп хабарлады Астана қаласы мәдениет басқарма басшысының орынбасары.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button