Денсаулық

Астананың медициналық әлеуеті таныстырылды



Елорда әкімдігі мен қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мұрындық болуымен Астанада ТМД елдері және Қытайдың дәрігерлері мен медициналық агенттеріне арналған ақпараттық тур ұйымдастырылды. 20 мамыр мен 1 маусым аралығында елорданың жетекші медициналық нысандарын аралайтын шетелдік қонақтар Астананың медициналық әлеуетімен танысу үшін шақырылды. Бұл өз кезегінде елордадағы медициналық туризмді дамытуға септік етеді.

Тур барысында аталған елдерден келген медицина мамандарына қаланың ең үздік емдеу мекемелері, медициналық қызметтердің негізгі бағыттары, сонымен қатар қаланың туристік инфрақұрылымы таныстырылды. Атап айтқанда, турға қатысушылар «UMC» корпоративтік қоры, Ұлттық балаларды оңалту орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, ҚР Президенті Іс басқармасы ауруханасының, Халықаралық «UMIT» томотерапия онкологиялық орталығының, Green Clinic, Razzak Residence Clinic, Doctor Dent, Callisto Beauty Clinic, Tulip Medicine сияқты ұйымдардың жұмысын барып көрді. Бұл мекемелер онкология, кардиохирургия, нейрохирургия бағытында емдеудің озық әдістерін ұсынады және балаларды оңалту мен экстракорпоральды ұрықтандыру мүмкіндіктерін көрсетеді. Осы қызметтердің шетелдік науқастарға қалай көрсетілетіні туралы да тур барысында толық мәлімет берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр елорда медицинасына шетелдіктер тарапынан қызығушылық артқаны байқалды. Әсіресе, кардио­хирургия, нейрохирургия, стоматология, балалар реабилитациясы және репродуктология салаларына сұраныс өскен. Мәселен, Қытайдан келетін науқастар тарапынан ЭКҰ бағдарламасына қызығушылық көбейген. Бұл мұндай қызметке жаһандық ауқымда сұраныс жоғары екенін және осы бағытта Астанадағы медициналық қызмет көрсету сапасына сенім орнағанын білдіреді. Осыған орай түрлі елдердің медициналық агенттері аталған бағдарламаға қатысуға белсенді түрде шақыртылуда. Олардың түрлі елдерден келетін медициналық туристердің қажеттіліктерін түсінуі мен сараптауы Астана қаласында тиісті емді қабылдау үшін жайлы және тиімді саяхатты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұлттық балаларды оңалту орталығына келген кезде қонақтардың бірі, әзербайжандық медициналық агенттік директоры Камала Гулиева елорда медицинасын жоғары бағалады.

– Бізді Астана қаласының әкімдігі мен қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы арнайы шақырды. Қазақстан шетелден медициналық туристер қабылдауға айтарлықтай дайын деп санаймын. Өзім науқастарды шетелдерде емделуге жіберумен айналысамын. Елордадағы емдеу мекемелерінің жұмысымен танысу барысында көбінің заманауи талаптарға жауап беретін технологиялармен жабдықталғанына көзіміз жетті. Әсіресе, мен сіздің қалаңыздағы онкологиялық орталық жұмысының жоғары деңгейде екенін айтқым келеді және менің ойымша осы бағытта науқастарды жіберуге әбден болады, – деді ол.

Іс-шараның мақсаты – елорданың медициналық туристік әлеуетін таныс­тыру ғана емес, сонымен қатар түрлі елдердің медициналық мамандары және агенттерімен арада ынтымақтас­тық пен әріптестік байланыс орнату.

 

 

 

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button