Руханият

Топжарған



Талапкер кезде алғаш жолықтық. Оның толық аты-жөні Қонысбай Іскендірұлы Әбілов екенін сонда білдім. Оқуға қабылданғандар тізімін хабарлайтын кезде күтіп, әңгімелесіп, бір жерде тұрған едік, тегіміз қатар аталғанда, қуанғаннан құшақтаса кеттік. Содан өле-өлгенше арамыз ажыраған жоқ, жұбымыз жазылмаған дос болдық.

Мен оған шешем сақтап жүрген өзінің бала кездегі хатын әкеліп көрсетіп, бір мәз болып күлгеніміз бар.

Жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Сабаққа бірге дайындалдық. Өлеңді бірге жаздық. Қыздарға бірге қырындадық.

Қонысбайдың жазба және суырып-салма ақындығы, әзілқой-сатириктігі, әншілігі мен күйшілігі, композиторлығына қоса домбырадан бастап, гитара, баян, мандолина, аккордеон, пианино, саксофон сияқты кез келген музыка аспабында ойнай беретін ерекше қабілеті бар болып шықты. Қолына екі қасық берсең, тыңқылдатып музыка шығарып отырады. Өзі шешен. Күлдіргі. Кез келген отырыстың гүлі. Анекдотты қолма-қол ойдан құрас­тырып шығарады. «Сегіз қырлы» деген теңеу оған аздық ететін еді. Бірінші курста жүргенде Нұртілеу Иманғалиұлы, Марат Нұрқалиев, Бақберген Табылдиев, Бақыт Ахмеров сияқты кілең өнерлі жігіттердің басын қосып, «Ләйлім-шырақ» атты вокальді-аспапты ансамбль құрды.

Екінші курста жүргенде «Қанат қақты» кітабына Қадыр Мырза Әли ағаның алғысөзімен өлеңдер жинағым шығып, елдегі әке-шешеме өзімше қаламақы жіберіп, курстастардың «жу-жуымен» Қонысбай екеуміз жатақханаға үлкен сөмке толы «қызыл» әкеліп, бөлмеде алқа-қотан отырыс жасағанбыз. Сол отырыста Қонысбай бір жарқылдап еді-ау! Суырып салып, әрқайсымызға әзіл-өлең, анекдот шығарып, дуылдатқаны естен кетпес!

Оның ауызша күлдіргі әңгімелерінің кейіпкерлері өз ауылының адамдары болатын. Мен оған: «Осы сенің ауылыңда кілең қожанасырлар тұратын сияқты. Жөні түзу біреуі бар ма өзі?» деп әзілдейтінмін.

Сол бір жылы Қонысбайдың қайтыс болған әкесінің зиратын салысуға барғанымда ауылдастарымен танысып, таңырқап қайттым. Шетінен аузымен құс тістеген айтқыш шешендер! Қонысбай аузынан тастамайтын Ахаң, Жахаң, Нұрхан, Сырағаң, Ғафаң, Сейіт, Кеңшілік сияқты кілең ұлылар мен классиктер туса туғандай ел екеніне көзім жетіп оралдым!

Қонысбай айтатын «Айсаның әңгімелері» көп кешікпей менің репертуарыма көшті. Ал менің айтып жүрген әңгімелерім оның аузында тіпті түрленіп кететін. Ол «Бала махаббаты» атты алғашқы әнінің шығу тарихын айтып берген. Мен «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы» деген алғашқы кітаптарымның аттарын Қонысбаймен ақылдасып қойған едім. «Жедел жәрдем» деген өлеңімді Қонысбайдың ой салуымен жазған болатынмын.

Қонысбай студенттік жылдардағы көптеген өлеңімнің алғашқы оқырманы да, сыншысы да болды. «Хат» деген өлеңіме «Көздеріңе ғашықпын» деп, басқа өлеңімнің атын қойып, алғаш ән шығарған Қонысбай болатын. Ол әні Торғай, Көкшетау өңірінде белгілі әнші Ғазиза Жұмекенованың орындауында танымал болды. Соңыра бұл өлеңге дарынды ақын, әнші композитор Елена Әбдіхалықова қарындасым шығарған «Көздеріңе ғашықпын» деген әсем ән шартарапқа тарап кетті. Жалпы, осы өлеңге менің туған әпкем композитор Бағдат Есдәулетова да, белгілі композитор Оралхан Көшеров те ән шығарған.

Қонысбай болашақ жары Мүнира арумен кездескен соң ертерек үйленіп, пәтерге шығып кетті. Бір бөлмеде тұрған Нұртілеу де, Марат та, Тоқтар да біртіндеп үйленіп, шаңырақ көтеріп, жатақхананы тастап кетті…

Олардың орнын күзетіп, Төлеген ақын жазған «аңшының қосына тастап кеткен қарауылдай» жалғыз қалдым… Өмірде де солай  болды… Бәрі кетіп қалды… Жаза алмай жүрген себебім содан болуы керек…

Атақты Ғафу ақынның:

«Торғайда бір ақын бар Қоныс деген,

Шеберден айналайын оны істеген!» деген егіз жолы қанатты сөзге айналғалы қашан?!

Қонысбай Әбіл! Алты Алаштың ардақты ақыны! Сөз сүлейі! Сайыпқыран сатирик! Қайталанбас қаламгер!

Ол айтыстың туын желбіретіп, «Торғайдың топжарғаны» атанды. Әсерлі әзілге бай әңгімелер жинақтарын қалдырды. Әдемі әндер тудырды. Әзіл-сықақтың көрігін қыздырып, ұлттың көңілін көтерді. Астананың ұлттық келбеті үшін қажымай күресіп, қазақ тілінің қайтпас қайраткеріне айналды.

…Ол Ұлттық Пантеонда, өзі ардақ тұтқан Әбіш ағасының, сыйласып өткен Фариза апасының қасында, басқа да тұлғалардың қатарында жатыр.

Бірақ туған Торғайы, киелі Қостанайында ескерткіші, көшесі, мектебі бар ма? Өзі өркендеуіне үлес қосып, ғұмырын берген Астанада ше?

«Қазақстанның Халық ақыны» атағын иеленген тарихтағы 5 тұлпардың бірі еді  ғой!..

70 жасың құтты болсын, әйгілі «Әй-әй Ақын»!

Тасқын басылса, халқыңның қабағы ашылса – тойың да басталар!

Бәлкім, сенің мерейтойың халқыңның қабағын ашар?!

  Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button