Әлеумет

Басты жауапкершілік – ата-анада



Кез келген ата-ана баласының үлкен азамат болып өскенін қалайды. Адам болсын дейді. Ендеше «жақсы адам» деген не? Баланың жақсы адам болып өсуіне кім жауапты? Алдымен ата-анасы. Кәмелетке жеткенге дейін бала алдындағы жауапкершілікті ата-анасы алады. Мектеп мұғалімі, тәрбиеші, психологтардың қызметі өздерінің міндеті аясында ғана көрініс табады. Олар белгілі бір дәрежеде оқытып, шығармашылығын дамытып, бағдар беруге ғана құзыретті. Одан артығын мойнына ала алмайды.

Баланың ізгілік бас­тауын отбасынан іздеу керек. Отбасындағы белгілі бір тәрбиелік құндылықтар, өзіне және басқаларға деген қарым-қатынасы мен көзқарасы әрқашан отбасында қалыптасады. Бұл – заңдылық. Мүмкін басқа да жағдай болуы мүмкін, жетім болса, толық емес отбасы, тағы басқа жағдайларда мәселе басқа. Олардың қоғамға икемделуі қиындау келеді. Сонда да олардың жанында тілектес жанашыры, білікті тәрбие­шілер болса, ондай баланың болашағы жарқын болмақ.

Ата-ана бірінші кезекте баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Оның қатарына ақпараттық қорғаныс та кіреді. Егер мұны елемей, бала тәрбиесіне немқұрайды қараса, «жемісі» де көп күттірмейді. Интернет, ұялы телефон ата-ананың баланы тәрбиелеу барысына қатыспауының басты себебіне айналып келеді. Қол телефонды тілі шықпаған сәбиге алданыш етіп қойғаннан бастап өздерін бала тәрбиесінен «азат» етеді. «Мінеки, телефон» деу арқылы өздерін жауапкершіліктен босатты. Осылайша бала тәрбиесіне қатысты бар жауапкершілікті әлеуметтік желіге жүктей салды. Содан кейін «балам мені неге тыңдамайды?» деп таңғалады. Оның бір көрінісі транссексуалды, трансгендерлікке қатысты жасөспірімдердің сұрақтары пайда болып, қолжетімді ақпаратқа қарай икемделе бастағанда білінеді. Електе екшелмеген, сүзгіден өтпеген ақпараттың соңы – осы. Ата-аналар адамның жыныстық жаратылысына қатысты сұрақтарды елемеуге тырысады не болмаса «ұят болады» деп айтады. Бұл, әдетте, баланың қызығушылығын одан әрі оятып, сұрақтың жауабын өзі іздей бастайды. Бұл ретте балаға шын жаны ашыған адам сұрақ қаншалықты ыңғайсыз болса да ұғынықты етіп, мәнін түсіндіргені жақсы. Егер жас күнінен баланың сеніміне кіріп, дұрыс қарым-қатынас орната алса, бала психологиясындағы ауытқушылықты түзетіп, дер кезінде ықпал ете алады. Көбіне «бізді солай тәрбиелеген», «керек кезінде өзі біліп алады» деген пікірдің салдарынан бұл кейінге қалып, бала ақпаратты басқа жерден алуға мәжбүр болады. Жаманы сол, бала санасына сыймайтын ақпарат оның тағдырында да жағымсыз ізін қалдырады.

Отбасылар әртүрлі болады. Кейде ата-анасының дәулеті баланың тәрбиелі, саналы өсуінің кепілі деп айтуға болмайды. Бала ештеңеден кемдік көрмей, жоқшылықты сезбей, қалағанын тауып, сұрағанын беріп, бетінен қақпағанның өзінде бала ата-анасының осал жерін тез түсінеді. Өзіне деген бар ықылас сатылып алынатынын, оның астарында «тек бізден аулақ бол» дегендей жағдайдың жатқанын ұғынып, жүрегіне жақын алады.

Ендігі бір отбасылардың тұрмысы нашар, күнде ұрыс-керіс, ішімдік ішу қалыпты жағдайға айналғанынан,
толық емес отбасылардан шыққан балалардың болашағын болжап білуге болады. Мұны көріп өскен бала ұрлыққа жақын, төбелеске, бұра тартуға бейім болып келеді. Олардың әлеуметтік-психологиялық бейімделуі ауыр келеді. Әлеуметтік-психологиялық бейімделу дегеніміз – бұл тұлғаның әлеуметтік ортамен өзара әрекеттесуі, үйлесім табуы. Сол қауымның өмір сүру нормаларын, құндылықтарын бойына сіңіруі, дәстүрлерін қабылдауы, ұстануы. Бала өзі дүниеге келген ортаны қабылдап, сол қоғамның қалыптасқан тәртібі мен ережелерін қабылдауы керек.

Алкоголизация, баланың қараусыз қалуы, өз бетімен жүруі қисық жолға бастайды. Біз оқиға орын алып, жағдай ушыққанда кіріскен жағдайда бірден ахуалды түзей алмаймыз. Мәселе мынада: ата-ана өзгеруге пейілді ме? Баланың әрекеті отбасында қалыптасып қалған мәселенің симптомын ғана көрсетеді. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты. Ата-анасы баланы бізге жіберіп «мынаны емдеп, түзеп беріңдер» дегеннен ештеңе өзгермейді. Бұл жағдайда баланың өскен ортасы да өзгеруі тиіс. Оның тәрбиесіне жауапкершілік болмаса, баланың болашағы күмәнді, шығар биігі пәс келеді.

Константин ПОПАНДОПУЛО,

«Право» қоғамдық қорының психолог-маманы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button