Басты ақпаратҚала мен Сала

Астананың өзіндік даму жолы бар



Мемлекет тарапынан елорданың дамуына қашан да ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. Президент биыл Астананы дамыту жөнінде бірнеше рет кеңес өткізіп, қаланың кейбір мәселелеріне қатысты сын да айтты, бірқатар тапсырмалар да берді. Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешуде алдымен қай шаруаға басымдық берілуде, жалпы бас қаланы дамытуда қандай қиындықтар бар? Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Жібек жолы» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында баяндады. 

– Сіздің қалаға әкім болып тағайындалғаныңызға биыл желтоқсан айында 1 жыл толады. Осы жылдың басында елордада шұғыл шешілуі керек мәселелер бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырмалар қалай орындалуда? Жалпы мәселелердің бәрін бір жылда шешу мүмкін бе?

– Расында биыл 8-9 айдың ішінде Президент елорданың даму мәселелері бойынша екі рет үлкен жиын өткізді. Бұл Мемлекет басшысының Астананың дамуына деген ерекше көзқарасын білдіреді. Ол берген тапсырмалар мен міндеттерден бөлек, қала аудандарын аралау барысында да тұрғындарға мәселелерін шешуге уәде берілді. Ең бірінші мәселе, Президент қаңтар айының соңында өткізген жиында үйлерді жылыту жайы сөз болды, бұл ретте қала толық жылумен қамтамасыз етіліп, тапсырма орындалды. Екінші мәселе – қалада жыл жазда болған су тапшылығы. Сол кезде де Мемлекет басшысы Үкімет пен қала әкімдігіне бұл мәселені шешуге тапсырмалар берді. Осыған орай қазір ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыстар толығымен бітті. Бүгінде қалада су тапшылығы жоқ және атқарылған жұмыстардың арқасында алдағы 5 жылда да бұл мәселе туындамайды.

Астана мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізіледі

– Осы мәселелерді шешуде заңнамалық немесе бюрократиялық тұрғыдан әлде Үкіметпен коммуникация жағынан және бюджет бойынша қандай да бір кедергілер бар ма? Себебі Астана қаласының мәртебесі туралы заңға өзгеріс енгізу жөнінде пікірлер айтылуда. Сонымен қатар әкімдік құзыры жетпейтін, Үкіметтік шешімдерді қажет ететін қандай мәселелер бар?

– Жалпы бізде қашан да Үкімет және орталық мемлекеттік органдармен байланыс өте тығыз. Көп проблема қаланың бюджетіне байланысты. Қала өсіп келеді, жылына қалада тұратын азаматтар саны 70 мыңға өседі. Соның ішінде миграция арқылы 40 мың адам келсе, қалғаны демография­лық жолмен көбейеді. Бір жылда Астанада 35 мың бала дүниеге келеді. Бұл – барлық өңір арасында жоғары көрсеткіштердің бірі. Әрине, көбейгеніміз қуантарлық жайт, бірақ сол балалар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды жасау да керек. Сол жағынан біз үлгермей келеміз. Қала халқының саны қалай өссе, балабақша, мектеп, аурухана, емханалардың да саны солай көбеюі керек. Бірақ соңғы 15 жылда осы динамика бұзылды. Өмір өзгеруде, сондықтан бәрібір заңнамаларға да өзгеріс керек. Астана қаласының мәртебесі туралы заңға енгізілетін ең көп өзгерістер құрылысқа байланысты. Біз әр апта, ай сайын құрылыстар бойынша, яғни қай құрылыс заңсыз, қайсысында қандай проблемалар бар екенін көрсетіп, халыққа ақпарат беріп отырмыз. Мысалы, жылдың басында 102 тұрғын үй нысанының құжаттары дұрыс болмаса да, құрылыс жүргізгенін анықтадық.

– Халық сіздер берген ақпаратқа қаншалықты мән береді? Мысалы, көп ақпарат берсеңіздер де, сол компаниялармен келісімге тұрған адамдар бар ғой. 

– Оны мен түсініп отырмын. Тұрғындар көбіне бұл үйлердің төмен бағасына қызығып барады. Ал сол компания заңды түрде жұмыс істеп отыр ма, оны білмейді. Сондықтан бұл, бір жағынан, әкімдіктің жауапкершілігі. Сондай түрлі құрылыс компанияларымен келісімге отырған азаматтар аз емес. Жалпы Астана қаласы бойынша 300 тұрғын үй салынса, соның үштен бірінің құжаттары толық емес, оның ішінде жер, жобалау құжаттарының дұрыс еместігіне қатысты мәселелер бар. Дегенмен сол компаниялар салып жатқан үйге ақша салған үлескерлердің жайын да ойлау керек. Құрылысты бір күнде тоқтата салуға болмайды. Біз екі жақты да қолдаймыз, сол үйден пәтер алатын тұрғындарды және сол құрылыста жұмыс істеп жүрген азаматтардың жайын да ойлаймыз.

– Құрылыс тоқтап жатқан жоқ, бірақ солардың қасынан әлеуметтік бағыттағы нысандар салу мәселесі күрделене түсуде. Неге біздің қаламызда осындай жүйесіздік бар?

– Көтерген мәселеңіз өте маңызды расында. Қазір балабақша кезегінде тұрған балалардың саны – 50 мың. Осы тапшылықты жою үшін  3-4 жылда кем дегенде 60 балабақша салуды жоспарлап отырмыз. 2017 жылдан бері әкімдік тарапынан мемлекеттік балабақшалар салынбаған. Осы аралықта тек жекеменшік балабақшалар бой көтерген. Бұл бір жағынан дұрыс, нарық талабы сол, дегенмен халық бәрібір мемлекеттік балабақша сұрап отыр. Себебі әр балаға ай сайын 50-70 мың теңге төлей алатын отбасы көп емес. Сондықтан біз осындай шешімге келдік. Президенттің қолдауымен «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша тек биыл Астана қаласында 24 мектеп құрылысы басталды, келесі жылы күзге таман солардың бәрі іске қосылады. Сосын жемқорлардан түскен қаражат арқылы жұмыс істейтін Арнайы қор бар, ол бойынша Астана қаласында 11 мектеп салынуда. Төртеуі пайдалануға берілді, қалғаны жыл соңына дейін ашылады. Келесі жылы тағы 8 мектеп салуды бастаймыз деп жобалап отырмыз. Жалпы алғанда, біздің есебіміз бойынша келесі жылы қосымша 20 мектеп іске қосылады.

Қазір бір қаланың өзінде 11 млн шаршы метр үй салынып отыр. Алдағы уақытта жоспарға сай жылына тек 3-3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді ғана қабылдаймыз

Заңсыз құрылысқа жол берілмейді

– Президент бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс қала инфрақұрылымына үлкен салмақ салып отыр деді. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюы тиіс екенін айтты. Құрылысқа, заңсыз жер беруге байланысты қандай шешімдерді өзгерттіңіз? Заңсыз берілген жерлерді қайтару процесі немесе тоқтатылған құрылыс орындары бар ма?

– Құрылысты тоқтату қиын емес, оны бір күнде тоқтатуға болады. Бірақ өзіңіз білетіндей, ол компаниялармен келісімшартқа отырған азаматтар аз емес, олар бар жиған-тергенін, көп қаражатын сол жерге салды, енді осы жылдың соңына дейін үй мәселесін шешеміз деп үміттеніп отыр. Біздің мақсатымыз – бұл мәселені оңтайлы шешу, сондықтан қазір ол компанияларға көмектесуге мәжбүрміз, 100-ден астамын тоқтаттық, оларға 3-4 ай уақыт беріп, құжаттарын дұрыстауға көмектестік. Енді олар қалайда сол құрылысты жалғастырып бітіруі керек. Ең бастысы, қаржы салған азаматтарға пәтер кілттерін беру болып отыр. Әкімдік екі ортада тұр. Бір жағынан, бұл құрылыс компаниялары қалаға 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын береді, соны сақтау керек. Жалпы қазіргі таңда қалаға тартылған инвес­тициялардың жартысы – құрылыс саласында. Оның ішінде тек тұрғын үй құрылысы ғана емес, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп т.б. салалар бар. Екінші жағынан – үлескерлер мәселесі. Сондықтан екі жақты да түсініп, екеуіне де көмек береміз.

– Бұдан былай жеке тұрғын үй салуға рұқсат беру қиындай ма?

– Өте қиын болады. Мемлекеттік сараптама болмаса да, жер беру мәселесі толығымен шешілмесе де, олар бастай алмайды. Мысалы, бұған дейін қалада ескі гараждар, бұрынғы саяжайлар бар, сол жерді үлкен компаниялар сатып алып, құрылыс бастаған. Олардың ішінде кейде гараждардың бәрін сатып алмай, тек 5 пайызын ғана сатып алып, қалғанын әлі алмаса да бағасымен келіспей, құрылысты бастап кеткендері кездеседі. Бұл дұрыс емес және заңды емес. Біз ол үйді заңды түрде қабылдай алмаймыз. Алайда қала тұрғындары бәрін көріп отыр, «үй бітті, құрылыс бітті, неге үйге кірмейміз, неге кілт бермейді?» дейді, мұндай проблемалар көп. 1991 жылдары «Жилье-91» деген бағдарлама болған, сол кезде Қазақстан бойынша 6 млн шаршы метр тұрғын үй салынатын. Қазір бір қаланың өзінде 11 млн шаршы метр үй салынып отыр. Алдағы уақытта жоспарға сай жылына тек 3-3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді ғана қабылдаймыз. Бұл көлемге қазіргі салынып жатқан инфрақұрылым саны да сәйкес келеді.

– Сарапшылардың пікірінше, Астана қаласының бұ­рынғы Бас жоспары дұрыс жасалмаған. Мұны Президент те айтты. Қай кезде, қай жерден қателік кетті?

– Ондай пікір бар, бірақ әлемдегі мысалдарды алсақ, Шанхайда соншама адам болады деп кім ойлаған? Мехикода, Лондонда, Мәскеуде де солай болған. Кез келген астана халқы көбейеді, бірақ ол динамикаға дамыған елдердің өзі үлгермей жатыр. Сондықтан біздер Бас жоспарға үлкен өзгерістер енгізіп отырмыз.

Жылу мен су тарифі өсе ме?

– Мамандар Жылу электр орталықтарын көмірден газға ауыстыру жылу тарифтерінің бірнеше есеге қымбаттауына әкеледі деген пікірде. Ол қаншалықты қымбаттайды? Қазір қыста үйлердің көбі ыстық, бұл жылуды үнемдеудің жоқтығын көрсетеді. Сіздерде үнемдеу механизмі бар ма? Егер газға өтсе, расымен тариф қымбаттай ма?

– Бұл – өте маңызды мәселе. Бізде Кеңес Одағынан бастап үйреніп қалған нәрсе бар, біз үшін үй қатты ыстық болып тұру керек. Жалпы норматив бойынша үйдегі жылу температурасы аз дегенде 22 градус болады. Ал шетелдерде ондай норматив жоқ, ол жақта 15-18 градус болады және оны ешкім көтермейді. Бізде тіпті судың нормативі әр адамға 250 литрден келеді,  Еуропада бұл көрсеткіш – 150 литр. Қазір қалада осы нормативті 150 литрге дейін түсіріп, әрі қарай одан көбірек пайдаланса, басқа тарифпен төлеу туралы мәселе талқыланып жатыр. Оны дифференцияланған тариф дейді. Болашақта бәрібір соған келеміз. Соған дайындалуымыз керек. Астана қалалық мәслихаты және жалпы әкімдік бұл мәселемен  айналысуда және келесі жылы қала тұрғындарына осындай ұсыныспен шығып, бұл мәселені ортақ талқыға саламыз. Су үнемделетін болса, тариф бағасы да төмен болады. Көп пайдалансаң, суды артығымен ағызсаң, онда тариф басқаша болуы керек. Жалпы әлемде солай, біз де соған келеміз.

Судан тапшылық болмайды

– Астана тұрғындары су мәселесінде жалғыз Астана су қоймасына тәуелді болып отыр. Тұрғындар саны көбеюде дедіңіз, соған қарай күн сайын бір жаңа нысан пайдалануға беріліп жатады, Астананы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін қалай шешесіз?

– Биыл біз 100-ге жуық жаңа тұрғын үйді пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз, жалпы қалада 3 күнде бір үй қолданысқа беріліп отыр. Қазір қалада су тапшылығы мәселесі жоқ. Шілденің басында қалаға Астана су арнасынан қосымша құбыр тартып, ол жұмысты бітірдік. Жаңа су құбыры қалаға қосымша 90 мың текше метр су береді. Осылайша орын алған су тапшылығы толығымен жабылды. Сосын жаңа сорғы сүзгі стансасының құрылысы да бітті. Ол қалаға қосымша берілетін судың 105 мың текше метрін тазартуға дайын. Станса іске қосылғанымен, өзінің толық күшінде жұмыс істеп тұрған жоқ, себебі су тапшылығы шешілген. Бұл жұмыстардың бәрі алдағы 5 жылға резерв береді, ал одан әрі қарай су тапшылығы болмауы үшін басқа су көздерін қарастыру керек. Сол үшін қазір 2 жоба сараптамадан өтті. Біреуі – Нұра-Жем арасындағы су қоймасы. Ол Қорғалжын жақ бағытында қаладан 50 шақырымдай жерде орналасқан, күніне 50 мыңдай текше метр ғана су береді, бұл, шамамен, 200-300 мың адамды қамтитын көлем. Жалпы су тапшылығын 20-30 жылға шешу үшін қалаға Қ.Сәтбаев атындағы каналдан су тарту жобасын қазір Үкімет бастады. Бір жылдың ішінде жобасы дайын болса, 2025 жылы құрылысына кіріседі. 2027 жылға қарай салынып бітсе, қалада алдағы 30-40 жылда су тапшылығы мәселесі болмайды.

Кептеліс мәселесі шешіле ме?

– Қалада қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – көлік кептелісі, мұны осыдан 2-3 жыл бұрын аса қатты сез­бейтін едік. Тұрғын үйлер көбейген сайын бұл кептеліс үлкеюі мүмкін. Кейбір сарапшылардың пікірінше, елорда кептелісте қалатын Алматының тағдырын қайталауы ғажап емес. Көліктер кептелісі мәселесін шешуде қандай жоспар бар?

– Жаңа Бас жоспар бойынша қаланың орталығында енді үлкен нысандар салынбайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес қалада тұрғын үйдің құрылысы, негізінен, үш жерде дамиды. Ол – «Мыңжылдықтар» аллеясы бойында, яғни Қаллеки театры мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы аралығында 2 жарым млн шаршы метр үй салынады. Құрылыстың тағы бір көп көлемі – Жағалау жақта, яғни Тұран көшесінен әрі батыс жаққа қарай және Тельман елді мекені жақ бағытында дамиды. Осы үш жерде құрылыс жүреді. Есіл ауданындағы орталықта құрылыс азаяды. Соған қоса айналма жолдар салынады, сол арқылы Ш.Айтматов пен Ұлы дала көшелері қосылады. Ол да үлкен көмек болады. Сосын осы бір ай ішінде үлкен бір көпірді іске қосайын деп отыр­мыз, ол – Тәуелсіздік көшесін жалғайтын, қаланың екі жағын қосатын көпір. Біздің жоспар бойынша әр 2 жылда бір көпір салу көзделуде. Басқаша бұл проблема шешілмейді.

default

– Астанада жаяу жүргіншілер жағдайы ойластырылмаған деген пікірлер де бар. Мысалы, арбаға таңылған жандардың өз бетінше қалада жүруі үшін қолайсыздықтар көп. Бұл мәселе сіздің күн тәртібіңізде бар ма?

– Бұл – ең басты мәселелердің бірі. Биыл қалада абаттандыру және көгалдандыру бюджеті 2-3 есе көбейтілді. Мәңгілік ел және Сәтбаев көшелері бойында жаңа скверлер пайда болды. Жалпы қарапайым тұрғындарға арналған жұмыстар көбейтілуде. Одан бөлек, автобустар санын арттырдық. Биыл әкімдік автопаркіне 100-ден астам жаңа автобус әкелінді. Осы айда қосымша тағы 100 автобус әкелінсе, жылдың соңына дейін жалпы автопаркке 350-дей автобус алынады.

– Елорда жайын айтқанда ЛРТ құрылысына тоқталмай кетуге болмайды. Оның құрылысы қай жылы салынып бітеді?

– 2 жыл ішінде толығымен аяқталады деп жоспарлап отыр­мыз. Қаражат жағынан үкімет көмегін беріп отыр. Себебі қала жалғыз бұл мәселені шеше алмайды. Сондықтан қаражат жоспар бойынша берілетін болса, 2 жылда бітеді.

– Бізде қоғамдық көліктер мен олардың жүргізушілерінің жетіспеушілігі және жүргізушілердің кәсібилігіне қатысты мәселелер бар. Бұл мәселелер қалай шешіледі? 

– Қазақстанда қытайлық компаниялармен бірлесе жасалған жаңа автобустарды алып, парк­ті жаңартып жатқанымызды айттым. Келесі мәселе – жүргізушілер тапшылығы, расында ондай проблема бар. Бүгінде олардың айлығы кем дегенде 500 мың теңгеден басталады. Бірақ жұмысы да оңай емес, сондықтан болар, кадр тапшылығы туындап отыр. Бірақ дәл қазір бұл тапшылық жылдың басымен салыстырғанда 2 есе төмендеді.

Кімге қарап бой түзейді?

– Астана қай қалаларға қарап бой түзейді?

– Әрбір қаланың өзіне тән ерекшеліктері болады. Астананың да сондай ерекшеліктері аз емес, оны басқамен салыстыру мен үшін қиын. Бір ай бұрын әріптесім Сингапурда болған бір конференцияның видеосын жіберген. Сол кезде Индонезияның өкілдері баяндама жасап, жаңа астанасын салуда Астананы үлгі ретінде алғанын айтқан. Астананың өзінің даму жолы бар. Бүгінгі мәселелер шешіледі. Болашақта астана басқа елдерге үлгі болады.

– Алматыда сауда-саттық пен қаржы жағы жақсы дамыған, ол шаһарды шағын және орта бизнес қаласы дейміз. Астана қаласы Алматының даму жоспарымен таныс па, екі арада жақсы бағыттағы бәсекелестік бар ма немесе Алматының ірі кәсіпкерлері Астанаға келуі үшін қандай да бір шаралар ұйымдастырыла ма?

– Ондай бәсекелестік бізде жоқ. Бірақ басқа өңірлерде, соның ішінде Алматыда не болып жатқанын біз жақсы білеміз. Мысалы, дұрыс нәтижелі жоба болса, оны Астанада жасауға бола ма деп міндетті түрде қарастырамыз. Бізде неге жасамасқа деп зерттейміз. Анкара сияқты басқа шетелдік қалалардың да тәжірибесін қарап отырмыз. Оларда басында 30-40 жыл құрылыс инвестиция тартатын негізгі сала болатын. Сосын барып басқа салаларына инвестиция көбейді. Елордада да оң өзгерістер көп. Туристер саны да артып келеді.

Қала мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

– Тәжікстанның азық-түлік жәрмеңкесі өткен кезде елорда тұрғындары өзінің мәдение­тінің төмендігін көрсетіп қойды. Жалпы қала мәдениеті дегенде түрлі концерттер өткізуден басқа, елордалықтардың мәдениетін көтеруде қандай жұмыстар жүргізіледі? Астаналық деген сипаттағы адам қандай болуы керек?

– Бұл, бір жағынан, ұятты оқиға, екінші жағынан, бізге сабақ болды. Менің ойымша, бұл – жаңа қаланың проблемасы, болашақта ондай мәселелер болмауы қажет. Астанада мәдениетті сақтау ерекше маңыз­ды деп есептеймін. Елорда өзгелерге барлық жағынан үлгі болуы керек. Тіпті кейбір қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері сабақ ретінде қабылдануы тиіс. Мәселен, Қ.Сәтбаев көшесінде абаттандыру жұмыстарын кеше ғана бітірдік, бүгін қарасақ, бірдеңесін сындырып үлгеріпті. Құқық бұзушымен қоғам болып күресуіміз керек. Ондай әрекеттермен күресу – біздің әрбіріміздің міндетіміз. Мәдениеттілікті балабақшадан, мектептен және үйден бастау қажет. Осы ретте жағымды жайттар да болып жатыр. Елорданың еріктілері тұрғындармен бірге Солтүстік Ирландиямен өткен матчтан кейін «Астана Арена» стадионындағы қоқыс­тарды жинап, мәдениеттілік  танытқан. Қаламызда білім және мәдениет мәселелеріне басымдық берілген. Бұл туралы Мемлекет басшысы бір емес, бірнеше рет айтты. Жалпы, елорда әкімдігінің жұмысындағы маңызды бағыттарға бұзақылықпен күрес, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, қаланы абаттандыру да жатады. Осы орайда келесі жылы Сергек камераларын 10 мыңға көбейту жоспарда тұр. Өзге де іс-шаралар мен акциялар көп өткізіледі. Жалпы проблемалар аз емес, дегенмен бізді Президент те, Үкімет те қолдауда. Ал біздің міндетіміз – берілген тапсыр­маларды дұрыс әрі жүйелі түрде атқарып, берген уәдені орындау.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button