Мәдениет

Көшпенділер әлеміне жетелейді

«Мерген» студиясының түсіру тобы шумерлік эпос туралы деректі фильмді түсіру жұмыстарын аяқтап қалды. Бұл фильмді түсіруге негіз болған ақын Олжас Сүлейменов пен мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің еңбектері. Жоба авторы – сценарист және режиссер Бақыт Қайырбеков көне аңызға неге иек артқанын баяндап берді.

       -Бақыт Ғафуұлы, көшпенділер әлемі, олардың дүниетанымы, эстетикасы сіздің тақырыбыңыз екені белгілі. Бұған қызығушылық қайдан, қалай пайда болды?

– Біздің ата-бабаларымыз ұшқан құс пен жыбырлаған жәндіктен бөлек өсіп тұрған әрбір өсімдікте жан бар екеніне сенген. Мен бала кезден этнографиялық тақырыпқа қызығып өстім, содан болар менің алғашқы фильмдерім де осы бағытта түсірілді. Себебі этнографиялық рәсімдер былай қарасаң мәнсіз, мағынасыз, біреулер үшін күлкілі көрінгенімен адамдар соны жасап, соған сенеді.

 – Жаңа фильмде көрерменге не айтқыңыз келеді? Фильм кейіпкерлері кімдер, сол туралы айтыңызшы…  

-Фильм «Заманалар арасындағы көш» деп аталады. Бас кейіпкерлері Гильгамеш пен Энкиду. Бұлар – әлемде сақталып қалған ең бір көне әдеби шығармалардың бірі «Гильгамеш туралы эпос» шығармасындағы кейіпкерлер. Бұл – әлемді поэтикалық тұрғыда тану бағытындағы алғашқы жазба. Әлемнің бастауында поэзия, яғни әлемді қабылдаудың ауызша формасы тұрғанына сенімдімін, сосын барып оны жазу түрінде сақтап қалу қалыптасты, ол кезде ән өлең мен әуенге бөлінді. Аталған эпосқа назар аударуыма салт-дәстүрге қызығушылығым себеп болды. Халықтың болмысын оның ұлттық асханасы мен жерлеу рәсімдері жақсы байқатады деген сөз бар. Сөйтіп мен Олжас Сүлейменовтің кітабынан Гильгамеш туралы эпосқа назар салып, қазақтың шашу дәстүрін түсіндірген тұсын көрдім. Мені Мұрат Әуезовтің Энкида образын, яғни құс пен аңның тілін білетін ақылды да білікті дала адамдарын сипаттауы таңқалдырды.

– Түсірілім қалай өтті? Жоспарлағандай көңілден шықты ма?

– Түсірілімдер күрделі болды. Кей тұста біраз дүниеден, тақырыптан бас тартуға тура келді, себебі ол көп қаржы мен уақытты қажет етті. Негізгі түсірілімдер Иорданияда өтті. Аппаратура мен реквизиттерді кіргізуге рұқсат алу кезінде де қанша жүйке жұқарттық. Сондай бір рұқсат алу қағаздарына жарты жыл уақыт кетті. Ал түсірілім үш күнге ғана созылды.

          -Көрерменіңіз, мақсатты аудиторияңыз кімдер? Фильм кімдерге бағытталған?

-Әрине, мәдениетіміздің түп тарихын танығысы келетін жастарға арналған. Біздің бабаларымыз дұрыс айтқан – адам рухы мәңгі жасайды. Көшпенділер жолы үзілмейді, тек біздің әрбіріміздің жолымыз басқа әлемде жалғасады.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button