Білім

Мектепішілік бақылау жүйесі талқыланды

Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен №90 мектеп-гимназиясы мектеп мұғалімдеріне арнап «Мектепішілік бақылау жүйесіне әдістемелік қолдау көрсету» тақырыбында республикалық кеңес ұйымдастырды.

Алдымен мектеп директоры Гүлжанат Абдраманова қатысушыларды мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Замануи техникалармен жабдықталған әр кабинет ұстаздарға ерекше әсер қалдырды. Оқу-ағарту министрлігі Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова кеңесте мектептің тарихына қысқаша тоқталып, оның бұрынғы басшысы туралы естелік әңгімелер айтып, ұстаздарға сәттілік тіледі. Басқосуда білім саласының спикерлері мектепішілік бақылау жүйесінің маңызына тоқталды. Өз кезегінде Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева білім беру ордаларындағы білім сапасына мән беру керегін баса айтты.

Кеңес III панельдік сессиядан тұрды. I панельде оқу процесін бақылау, білімдегі олқылықтың орнын толтыру бойынша үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс істеу жайы қаралса, II панельде оқу-зерттеу қызметі, мұғалімдердің шеберлік деңгейін, әдістемелік дайындығының жай-күйін бақылау және III панельде тәрбие процесінің сапасын, іс-шаралар өткізуді бақылау сөз болды. Міне, осы 3 бағыттағы сессияда педагогтар шеберлік сағатына қатысып, пікір алмасты, тәжірибе бөлісті.

Жиында сапалы білімге қызмет ету, мұғалімнің әдістемелік дайындығының жай-күйін бақылау, педагогтарды және білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау, мектепішілік бақылауды жоспарлау, кедергілер мен ұсыныстар, оқу процесінің сапасын бақылау тақырыптары туралы сөз қозғалды.

Қазіргі таңда сапалы білім беруді жаңғырту заман талабы болып отыр. Жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілеті мен белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірде оны қолдана білуге бағыттау ұстаздың басты міндеті болса, оның кәсіби білігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету орталықтың негізгі жұмысы болмақ.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button