Ел тынысы

Ата аманаты



Елімізде 1 наурыз – «Алғыс айту күні» сегіз жылдан бері мемлекеттік деңгейде атап өтілуде. Бұл мереке, ең алдымен, елімізде тыныштық пен ауызбірлік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуын нығайта түсетін атаулы күн.

Кеңес дәуірінің солақай саясатының құрбаны болып, тағдырдың ауыр тәлкегімен Қазақ­стан жеріне жер аударылған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен құшағын жайып, жүрек жылуын сыйлаған, шаңырағының астынан орын беріп, бір үзім нанымен, қолында барымен бөліскен қазақ халқына деген үлкен құрметінің белгісі.

Жалпы ерте заманнан қазақтардың есігі айқара ашық, құдайы қонақты төріне отырғызып сыйлайтын дәстүрі қанына да, дініне де сіңіп кеткен халық. Сонау дүрбелең жылдарда, қара түнек қаптаған кезеңде Қазақстан жеріне жер аударылған корей, неміс, шешен, ингуш, балқар, грек, курд және де басқа ұлттар өкілдерінің бүгінгі күнге дейін алғыс айтуы, бауырындай жақсы көруі – соның айғағы.

Қазақтың осындай жылулығын көрген барлық ұлттардың көкейінде және ойында жүреді десем артық айтпаған болармын.

Соның мысалын, осы атаулы Алғыс күні айтуға көңіл бөлдім.

Кейінгі жылдарда бұл мереке жалпы елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностардың бір-біріне деген мейрімділік, ынтымақтастық, татулық пен бірліктің мерекесіне айналды. Менің досым, Парламенттің 5 және 6 шақырылымында бірге депутат болған, қазіргі кезде Ұлттық құрылтайдың мүшесі ­Ахмет Мұрадов осыдан бес жылдай бұрын жоғарыда айтылғандай, тағдыр қыспағына түсіп, осыдан 80 жыл бұрын жүк вагонына тиеліп, Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған шешен отбасының ұрпағы Могамед Эльжуркаевпен таныстырды.

Бұл азамат қазіргі кезде бүкіл әлемге белгілі «Волгоградхиммаш» заводының бас директоры болып қызмет істейді екен. Таныстығымыз достыққа айналып, жақсы қарым- қатынаста болдық. Могамед досым кездескен сайын өзінің атасы Әли мен әжесі Бесиртті 1944 жылғы ақпанның қақаған аязында шиеттей бес баласымен Семей станциясынан түсіріп кеткендігін, оларды қазақ ағайындардың өз қамқорлығына алғандығы және жергілікті халықтың қонақжайлы болғандығы, өздері де жоқшылықтың тауқыметін көріп жүрсе де барымен бөлісіп, репрессияға түсіп келген басқа ұлттың өкілдерінің тірі қалып, ұрпағының құрып кетпеуіне жасаған жақсылықтарын тебіреніп отырып айтатын. Шешен және ингуш халқы Жоғарғы Кеңестің шешімімен 1957 жылы ақталып, автономиялық республика құрылып, Могамедттің әкесі Хамад және анасы Кока 1958 жылы еліне оралады. Могамед
Хамадұлы 1961 жылы Шешенстанда дүниеге келсе де, бала кезінен, ата мен анасының қазақтардың ақ пейілді, кең дастарханды, дархан халық екендігі туралы айтқан көптеген жақсы әңгімелерін тілге тиек етеді.

Сонымен қатар Хамад ата балаларына кішкентай кезінен айтады екен: «ер жетіп, азамат болғанда қолдарыңнан келсе, Қазақстанға жақсылық жасаңдар, өйткені біз ол халыққа қарыздармыз» деп. Могамед Хамадұлы әкенің берген аманатын орындау мақсатында Павлодар облысының аумағынан өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтау мақсатында сараптама жүргізетін және өнеркәсіпке сериялы жабдық, стандартты емес жабдықтарды шығаратын зауытты өз қаражатына салып, 2022 жылғы 25-мамырда іске қосты. Могамед Эльжуркаев басқаратын «Волгоградхиммаш» мекемесі еліміздің басқа да мұнай, газ өңдеу зауыттарының тапсырыс­тарымен тиісті бөлшектер мен жабдықтар дайындайтын серіктес болып табылады.

Әрбір адамның тағдыры – мұхиттың тұнығы сияқты терең де, алуан түрлі, жатқан үлкен дастан. Сол сияқты менің досым Могамед Хамадұлының ата-әжесінің, әке-­анасының бастарынан өткізген өмірлері – жүрек тебірентетін, өз алдына бөлек те, үлкен тарих.

Қиын-қыстау дәуірде, тар жол, тайғақ кешу заманында демеу болып, ұрпағы жоқ болып кетуге таяу қалған шаңыраққа қол ұшын берген елді, жерді ұмытпай балаларына қазақ халқының қандай екендігін құлақтарына салып, жүректеріне жеткізіп кеткен Эльжуркаев әулетіне біздің де алғысымыз шексіз.

Бүгінгі айтулы күні миллиондаған адамдардың бір-біріне деген алғыстары қабыл болсын! Тәуелсіз еліміздің көк туы биіктеп, желбірей берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

қоғам қайраткері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button