Ел тынысы

Міндетіне адал мейірбике

Мейірімі мен жан жылуы арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал ететін жандардың бірі кіші медицина қызметкерлері екені белгілі. Денсаулық сақтау саласындағы қызметтің басым бөлігін жауапкершілікпен атқаратын осындай тәжірибелі маманның бірі – ­Астана қаласындағы №11 емхананың мейіргері Гүлнәр ­Бейсенова.

Ол – Түркістан облысының тумасы. Кентау қалалық медицина училищесін ойдағыдай тәмамдағаннан кейін осындағы орталық аурухананың акушерлік бөлімінде 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп, тәжірибе жинақтады. Оңтүстік Қазақстанда туып-өссе де, көпшілікке арман болған ару қала – Астанаға аңсары ауып, болашағын еліміздің бас шаһарымен байланыстыру мақсатында 2000 жылы осында қоныс аударды. Ақыры елордада өмірлік серігін жолықтырып, тұрмыс құрып, балалы-шағалы болады. Міне, содан бері ширек ғасырға жуық уақыт астананың медицина саласын дамытуға атсалысып келеді.

Мұнда да қарап отырмады, мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, алдымен онкология орталығында, кейін көпбейінді №2 облыстық ауруханада мейіргер, бас медбике қызметін атқарды. Бүгінде №11 қалалық емханада еңбек етіп, еңбекқорлығы мен мамандығына деген қалтқысыз құрметінің, табандылығы мен тындырымдылығының арқасында өзіне берілген аймақ тұрғындарының ілтипатына бөленіп жүр. Осы жолда аянбай тер төгіп, өзінің саналы ғұмырын адамдарға көмек қолын созудан шаршамайтын мейірбике қызметіне арнаған жанды емханаға келушілер де ерекше құрмет тұтады. Әсіресе оны егде кісілер айрықша күтеді. Себебі Гүлнәр Айқынбайқызы жұмысына жай ғана міндет деп қарамай, оларға жылы сөзі мен мейірімін аямайды.

Жалпы мейірбике – науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам, өйткені науқасты дәрігерден бұрын күтіп алып, шығарып салатын да өзі. Сондықтан мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашыр­лық танытуы бәрінен маңызды. Бұл ретте тәжірибелі мейірбике Гүлнәр Бейсенова көпке үлгі.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button