Мәдениет

АТА САЛТЫН АРДАҚТАДЫ



Венгрия – Еуропа аумағындағы қазақтарға үлкен құрметпен қарайтын мемлекет. Мажарлар Қазақстан мұрагері болып отыр­ған Еуразияның Ұлы даласын өздерінің атамекені санайды. Екі елдің тарихи тамырлас­тығы да тым тереңде жатыр. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі ­аясын­да соны паш ететін бірнеше шара өтті. Оның алғашқысы «Этно­ауыл» ұлттық-мәдени кешенінде өтсе, екіншісі ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде ұйымдастырылды. Екеуінің де басы-қасынан «Мадияр-Тұран» қоры табылды.

img_0773

Музейде өткен шара «Ұлы дала: қазақ-мажар әскери өнері» деп аталды. Онда көшпенділердің мәдениеті мен жауынгерлік салтынан хабар беретін қойылым қойылды. Венгрияда садақ ату спорты жақсы дамыған. Сол сияқты қойылымға садақшылар, қылышшылар, өзге де қару-жарақ түрлерін меңгерген спортшылар қатысты. Қойылым салт атты әскер шеруімен басталып, салт атты садақшылар мен жаяу әскер өнерімен жалғасты. Қойылымның өне бойы көшпенділердің музыкасымен көркемделді.

img_0798

«Мадияр-Тұран» қоры Мажарстан жерінде екі жылда бір ғұн-түркі құрылтайын ұйымдас­тырады. Бұл шарада қазақ мәдениеті кеңінен таныстырылады. Аталмыш қордың президенті Андраш Жолт Бироның айтуынша, ұйым ғылымды дамытып, ата салты мен дәстүрін сақтау сынды бірнеше бағытта жұмыс істейді. Оның екіншісінің өзі киіз үйді, қару-жарақ пен қолөнер бұйым­дарын жасау, дәстүрлі музыка мен ата-бабадан мұра боп қалған әскери өнерді сақтау болып бірнеше тармаққа бөлінеді. Ал ғылымға келсек, қор, негізінен, антропология, генетика саласында терең жұмыстарды жүргізеді. Мәселен, осыдан он шақты жыл бұрын Андраш Жолт Бироның бастамасымен қазақтар мен мажарлардың қанына зерттеу жүргізіліп, екі халықтың арасындағы туысқандық байланыс дәлелденген.

img_0831
Андраш Жолт Биро есімі, жалпы алғанда, көзіқарақты оқырманға таныс болуы керек. Антрополог-ғалым – Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіріп, келбетін анықтау жұмысымен айналысқан адамдардың бірі. Бұл шараға, сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Венгрияның белгілі ғалымдары мен спортшылары қатысты.

Құндыз ҚАНАҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button