Әлеумет

Көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау



Парламент мәжілісінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың қатысуымен «Атаулы әлеуметтік көмек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігі» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Оның барысында министр депутаттар мен БАҚ өкілдеріне АӘК берудің жаңа тетіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.Атаулы әлеуметтік көмек жүйе­сін дамыту перспективаларына тоқталған министр 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Үкіметіне АӘК бөлу тетіктерін, оның ашықтығын, әділеттілігін және жұмысқа ынталандыруын қамтамасыз ету, сондай-ақ табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы енгізу туралы тапсырма бергенін еске салды. Оның басты бағыты – еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету. Жаңа заң жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамастан төлеу ұсынылып отыр.
Осылайша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап заң жобасында кәмелетке толмаған балаларының 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға немесе орта арнаулы және жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға ақы төлеу көзделген. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде: 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға 74 388 теңге көлемінде тағайындалады.
АӘК ұсынудың жаңа тәсілдеріне әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау; АӘК тағайындаудың қазіргі шекті өлшемін сақтау (отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа кіріс күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан кем болуы керек); отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықтау; еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту (егер олар жұмыс істеуден бас тартса АӘК төлеу бүкіл отбасы үшін тоқтатылады); учаскелік комиссиялардың осы процестегі рөлінің артуымен отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайту енгізілді.
Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы ұсыну шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасыларының балаларын азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз ету ұсынылады. Сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.
Сонымен қатар, министр жаңа АӘК тетігі екі тармаққа жаңа бағыт беретін E-Halyk ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл жүйе 7 миллионға жуық қазақстандық отбасының әлеуметтік картасы жасалып, олардың әл-ауқатының деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button