Қала мен Сала

АТСАЛЫСТЫ БӘРІ ДЕ, ҚАЛМАЙ ЖАС ПЕН КӘРІ ДЕ…



Сайлау күні елордалықтардың ерекше белсенділік танытқанына куә болдық. Түс әлетінде Конгресс-холл сарайында орналасқан №100 сайлау учаскесіне бас сұққанбыз. Келім-кетім кісілердің жүзінен осынау саяси шараны үлкен жауапкершілікпен қабылдағаны аңғарылады.

Ғимарат ішінде қосулы тұрған жігерлі күй бүгінгі уақиғаның сән-салтанатын арттырып, мерекелік атмосфера сыйлауда. Бұл учаскеде 2415 адам тіркеліпті. Оның 304-і бақылаушылардың қатысуымен өз үйлерінде дауыс береді. Соғыс және еңбек ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтындар осылайша таңдауларын жасайды. Сайлау комиссиясының төрағасы Теміржан Балабековтің айтуынша, астаналықтардың таңертеңнен бергі қарқыны тым жоғары.

– Сайлау учаскесін тәртіп бойынша таңғы сағат 7-де аштық. Ең бірінші болып 77 жастағы тұрғын Валентина Ячникова дауыс берді. Әжейдің бұл әрекетіне қатты сүйсіндік. Егде жасына қарамастан, азаматтық борышын атқаруға ынталы. Осындай үлкендеріміз кейінгі жастарға үлгі болса ғой, – дейді төраға.

Жастардың да арыны жаман емес. Әсіресе, 18-ге жаңа толған ұл-қыздар салиқалы кезеңге аяқ басқандарын сезініп, сайлауға тас-түйін дайындықпен келіпті. Солардың бірін әңгімеге тартқанбыз. Өзін Еламан Әбужақыл деп таныстырған бойшаңдау бозбала Қазақ гуманитарлық заң университетінде оқиды екен.

– Туған күнім дәл осындай айтулы күнмен тұспа-тұс түскеніне ризамын. Меніңше, әрбір патриот сайлауға міндетті түрде қатысуы тиіс. Жарқын болашақты армандайтындар өз таңдауларын бүгін жасайды, – деп жігітіміз жымиды.

Кешкі 8-ге дейін ел аяғы басылған жоқ. Шаһар тұрғын­дарының осыншалықты ықыла­сына біз де қуандық.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button