Жаңалықтар

Атыңызда неше нөмір тіркелген?



Тұрғындар үшін атқарылуы тиіс маңызды істің бірі еліміздің аумағында мобильді байланыстың барлық тұтынушылары телефондарын және нөмірлерін тіркеуге міндетті.SIM-картаға селқос қарау елімізде азаяр емес. Биыл жыл басынан бері телефонмен нөмірді тіркеу міндеттелсе де нәтиже шамалы болып отыр.
18 млн халқы бар Қазақстанда 42 млн-нан аса SIM-карта сатылған. Операторлардың айтуынша, бүгінде бір адамның атына бірнеше нөмір тіркелген фактілер өте көп. Кейбіреуінің атында бір-екі нөмір, ал енді біреуінде 20-50 нөмірге дейін тіркелген екен. Телефон нөмірі адасып жүргендер өте көп. Ал мұның қаупі зор дейді мамандар. «Сіздің атыңызға тіркелген SIM-картаны өзге біреу пайдаланып, өзге тұлға заңға қайшы əрекет етуі мүмкін. Онда құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұялы операторға өтініш жіберіп, алдымен сізге келеді. Өйткені нөмір сіздің атыңызда. Өзіңіздің заңға қайшы əрекет етпегеніңізді дəлелдеген күннің өзінде бұл келеңсіздік сіздің мазаңызды алады. Нөміріңіз арқылы өзге біреу несие алып қайтармай қойса, коллекторлық ұйымдар алдымен сізді іздейді» деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы В.Ярошенко.
Қазақстанда қазір абоненттік нөмірі тіркелмеген телефон жоқ. Тек көбі иесінің емес басқаның атында адасып жүр. Елордалық Ғалымжан өзінің атында 50 нөмірдің тұрғанын көріп таңданысын жасырмады.
– Досым кездейсоқ қарап отырып интернеттен менің атымда 50 нөмір тіркеліп тұрғанын айтты. Соның ішінде 2 Kcell және 1 Beeline менікі қазіргі күні өзім қолданып жүрген, қалған 47 нөмір менікі емес. Кеңселерге барып бұл нөмірлерді өз атымнан алдыртамын, – деді ол.
Демек, 47 қазақстандық­тың нөмірі бұғатталып, байланысы үзіледі. Өйткені әу баста ортақ талапты ескермей, абоненттік нөмірдің өз атында тұрғанын нақтыламағандар көп. Енді Ғалымжан барлық нөмірлерді жойып, ішіндегі бірліктерді аударып алуына толықтай құқылы.
Ал байланыс операторлары мен диллерлер SIM-картаны сатқан кезде абоненттің атына бірден рәсімдеп беруі міндетті. Бірақ оны елеп-ескеріп жат­қан ешкім жоқ. Сауда нүктелерінде ешқандай тіркеу­сіз, ашық түрде заңсыз сатылып жатыр. Одан қалса кезінде қолдан алып, басқаның атына тіркелген телефондарды да еш тіркеусіз саудаға салады. Тіркеуді қажет етпейтіндер Қазақстанда роумингте жүрген ұялы байланыс құралдары ғана. Ал аз ғана уақытқа пайдалану үшін қазақстандық байланыс операторларының бірінен SIM-карта сатып алған туристердің барлығына телефондарын тіркеу қажет болады. ЖСН орнына шетелдіктер төлқұжат нөмірлерін ұсынады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button