ЖаңалықтарМәдениет

ӘУЕНІ ӘСЕМ ӘУЛИЕАТА



Көрме барысында әлемнің әр түкпірінен келген қонақтарға энергия саласындағы жетістіктерді ғана жеткізіп жатқан жоқпыз. Тағылымы мол тарихымыз­бен таныстырып, салт-дәстүрімізді дәріптеп жатырмыз. Күні кеше қасиетті Әулиеата өңірінен арнайы келген керуен – осының дәлелі. Жамбылдықтар екі күннен бері елорда төрін думанға бөлеп, тарихы терең Тараздың аманатын астаналықтарға жеткізуде.

Шара барысында журналистермен сұхбаттасқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Бұл көшпен бірге мәдениет саласындағы 500-ге жуық өнерпаздарымыз, жазушыларымыз, тарихшыларымыз, зерттеушілеріміз, архео­логтарымыз, ғалымдарымыз, зиялы қауым ЭКСПО көрмесін көруге келіп отыр. «Тараз – тарихымыздың темір қазығы» деп Елбасы айтқандай, 2014 жылы Қазақстан бойынша ЮНЕСКО-ға 8 жоба енгізілсе, соның 5 жобасы Жамбылдан. Осыған байланысты облыстың тарихи мұраларын алып келіп отырмыз. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев­пен бірнеше рет кездесіп, облыс күндерін «Хан шатыр» маңында өткізсек деп жоспарлағанбыз. Бүгін жоспарымыз орындалып, қонақтарға үлкен тарту жасап отырмыз» деді.

Аймақ басшысының айтуынша, Жамбыл облысында 114 МВт баламалы энергия қуаты бар. Оның 54 МВт-ы жел электр стансасы, 50 МВт-ы күн сәулесі, 10 МВт-ы су күшінен алынуда. Оны 2018 жылы бұл көрсеткішті 274 МВт-қа жеткізуді көздеуде.

Жамбыл облысының Байзақ, Тұрар Рысқұлов аудандары өздерінің сәлемін бөлек ала келіпті. Ел мерейін өсіретін көрменің құрметіне Тараз педагогикалық институты мен аудан өнерпаздары бірігіп әзірлеген «Қыз ұзату» дәстүрін сахналап, қызға сырға салуға келген жігіттің жеңгелері мен құдалардың тартуын әуезді әнмен жеткізді. Ұлттық киім киген арулар, кимешектері күнмен шағылысқан әжелердің жарасымды әзілдері қойылымның ажарын аша түсті.
Мұнан соң «Әулиеатадан ән шашу» атты концерт қойылып, Жастар театрында Арғынбай Бекбосынның «Домалақ енесі» сахналанды.

Драмада негізінен Домалақ ененің бейнесі басымдықта болуы керек. Алайда Бәйдібек бабаның образы, тұлғалық болмысын қатар қойып отырған режиссер екеуінің де даналық келбетін бірдей көрсетіпті. Домалақ ене – Нүрилә анамыздың әулие­лік қасиеті, парасатты бейнесі толық ашылған пьесадан белгілі режиссер Қуандық Қасымовтың ерекше қолтаңбасын аңғару қиын емес. Қарақшы Қара Хайдардың бар малды барымталап кетуі, бәйбішенің алты ұлының өз қателіктерінің кесірінен қаза табуы, қатал әмірші Әмір Темірдің әділ шешімі және бірбеткейлігі секілді детальдарды көрушіге сенімді, нанымды етіп ұсына білген. Қойылымның шарықтау шегіндегі Домалақ ененің парасаттылығына сүйене отырып, елді басқарған Бәйдібек бабаның бүгінгі ұрпақтарын тату етіп паш еткені ерекше шықты.

Кәусардай таза, шынайы рухани азық отауының қасиетті қоймасынан дәм татқан көпшілік қолөнер шеберлерінің көрмесіне қарай ағылды. Этноауылда таға, пышақ жасап жатқан азаматтар, ағаштан түйін түйген шеберлер отырды. Қонақтарға биені қалай сауып, қымызды қалай сапыру керектігі жөнінде шеберлік сағаты өткізіліп, үлкендер жағы диірмен тарту, ши тоқу, құрақ көрпе, киіз, сырмақ басу өнерін көрсетіп берді.

Бұл сапар ауылшаруашылық жәрмеңкесімен жалғасады. «Қазақстан» спорткешенінің аумағында әулиеаталықтар қала қонақтары мен тұрғындары үшін 245 тонна экологиялық таза, жоғары сапалы азық-түлігін ұсынатын болады.

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button