Жаңалықтар

АУҒАН ЖАҒДАЙЫ АРНАСЫНАН АСТЫ



Халықаралық қауымдастық «Террористер» деп таныған тәліптер ауған елінің билігін 20 жылдан кейін қайта қолға алды. 2001 жылы АҚШ бастаған НАТО күштері Ауғанстанға кіріп, тәліптерді Кабулдан қуып шыққанда, жұрттың көбі тағынан айрылған тәліптердің тамыры кесіліп, тағдыры шешілді деп білген. Алайда, АҚШ әскерлері Ауғанстаннан толық аттанбай жатып, атойлап шабуылға өткен тәліптер бас аяғы үш-ақ айдың ішінде Кабулдан бірақ шығады деп ешкім де ойлаған жоқ.

КАБУЛ ҚАЛАЙ ҚОЛДАН КЕТТІ?

Маусым айынан бастап шабуылға өткен тәліптер аз ғана уақытта елдің 60 пайыз аумағын басып алып, Орталық Азиямен шекаралас аумақтарды бақылауында ұстап тұрған Үкімет әскерінің ту талақайын шығарды. Атап айтқанда, елін қорғауға міндеттелген ауған жәдігерлері тәліптердің шабуылына шыдас бере алмай, Ауғанстанмен шекаралас елдерге бас сауғаласа, шабуыл басталғалы «Елімді қорғап, тәліптерге сілейте күйрете беремін» деп уәде еткен Ашраф Ғани да 15 тамыз күні тағын тастап, Тәжікстанға тайып тұрды. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Тәжікстанға өтіп, одан ары 3 елге кетуді жоспарлаған ел басшысының жанында вице-президент Амрулла Салех та бар. Жексенбі күні ауған шекарасынан шыққан Ашраф Ғани Тәжікстанға жеткеннен кейін Facebook-тегі парақшасында қантөгісті болдырмау үшін елден кеткенін мәлімдеді. «Бүгін мен қиын таңдау жасадым. Оның бірі сарайға басып кіруге ұмтылған қарулы тәліптермен бетпе-бет кездесу болса, екіншісі қантөгісті болдырмау үшін соңғы 20 жылымды қорғауға арнаған тамаша елімді тастап кету болды» деп жазады Президент.

2014 жылдан бері ел Президенті болған Ашраф 7 жыл бойы АҚШ-тың көмегімен билік жүргізді. Ол талибан өкілдерімен келіссөзге келіп, бейбітшілік орнатуға тырысқаннан басқа, елде ешқандай саяси реформалар жасай алған жоқ. Ал тәліптер болса, оның шарттарын құлағына да қыстырмады. Былайша айтқанда, АҚШ-тың айбарынан ыққан тәліптер НАТО күштеріне террористік топтарды қолдамау, шетел содырларын ауған жеріне кіргізбеу, адам құқықтарын қорғау жөнінде уәде бергенімен, осы күнге дейін ауған Үкіметімен санасқан емес. Былайша айтқанда, «Берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей, өз күшіне сенген тәліптер келіссөзде де, ұрыста да ауған Үкіметінен үстем тұрды. Сосын да тәліптер АҚШ әскерін әкете бастаған кезде-ақ ауған билігінен бейбіт жолмен берілуді талап етті. Бастапқыда билік бұл талапқа келіспей, өліспей беріспейтін сыңай танытқанымен, ақыр аяғында тәліптердің дегені болды. Ауғанстанның бірқатар ірі қаласы бейбіт жолмен берілді. Әсіресе, Кандағар, Мазари-Шариф қалалары бейбіт жолмен тәліптердің қолына өткеннен кейін, іле-шала Кабулды қоршап алған тәліптер ауған билігімен ел астанасын бейбіт жолмен өткізіп алу жөнінде кеңес өткізді. Тәліптер Кабулға кіруден бірер сағат бұрын Ауғанстан ішкі істер министрі Абдул Саттар бейнеүндеу жолдап, Кабулдың транзиттық Үкіметке бейбіт жолмен берілетінін айтқан еді. Осыдан кейін «Талибан» да мәлімдеме жасап, ауған астанасын «Күшпен алмайтынын» ескертті. Осылайша, Кабул қаласы да тәліптерге соғыссыз берілді. Қазір тәліптер астанадағы Хамит Карзай атындағы халықаралық әуежай мен АҚШ елшілігіне тұтасатын жалғыз дәлізден басқа барлық өңірді түгелдей бақылауына алды. Дүйсенбі күні «Талибан» қозғалысы Ауғанстанда соғыстың аяқталғанын және тәліптердің толық жеңіске жеткенін хабарлады.

 

ӘУЕЖАЙ «ҚАШҚЫНДАРҒА» ТОЛДЫ

Тәліптер Кабулға кіргеннен кейін қаладан тыныштық кетті. Шетелдіктер мен елшілік қызметкерлері, сондай-ақ НАТО күштері Ауғанстанға кіргенде жақтас болған ауғанстандықтар әуежайға қарай ағылды. Әлеуметтік желіде жария­ланған бейнебаяндарға қарағанда, әуежай қара нөпір адамға толған. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, әуежайда кейінгі рейстер түгелдей тоқтап, тек әскери ұшақтар ұшып-қонуда. Шетел елшілерінің бәрі әскери ұшақтармен кетіп жатыр. Қазір бұл әуежайды Түркияның 600, Ұлыбританияның 600, АҚШ-тың 6000 әскері қорғап тұр.

АҚШ демекші, биыл маусым айынан бастап Ауғанстаннан әскер шегіндірген АҚШ Кабулдағы өз елшілігін қорғауға 1000-ға жуық әскерін қалдырған еді. Кейін Ауғанстандағы жағдайдың ушығуына байланысты Кабулдағы қарулы күштерін қайта көбейткен Вашингтон кеше ауған еліне тағы да 1000 адамдық үстеме қосын жібергенін хабарлады. Сонымен АҚШ-тың Кабулдағы әскерінің саны 6 мыңға жетті. Бірақ бұл жасақтар ауған елінде тұрақтап тұрмайды, АҚШ дипломаттары мен АҚШ-қа жақтас адамдарды Ауғанстаннан әкетіп болғаннан кейін, еліне қайтады.

Ресей мен Қытайдың дипломаттары Кабулдан кеткен жоқ. Қазақстан ­Сыр­т­­қы істер министрлігі де Қазақстан елшілігі Кабулдағы қызметін арығарай жалғастыра береді деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі «Қазақстан Ауғанстаннан 2000 босқын қабылдайды» деген ақпаратты да теріске шығарды. «Қазір тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Ауғанстандағы жағдай сағат сайын өзгеріп жатыр, сол себепті қандай да бір нақты шешім туралы айтуға ерте» деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров. Бұған дейін Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі де Өзбекстанның Кабул мен Мазари-Шарифтегі консулдығы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізген.

Дүйсенбі күні 50-ге жуық ел мен Еуроодақ тәліптерге Ауғанстаннан кеткісі келетіндердің барлығына: шетел азаматтары мен жергілікті тұрғындарға да жол ашуға шақырды. Тәліптер бұған қазірше пікір білдірген жоқ.

 

ТӘЛІПТЕР КІМ?

Талибан – 1990 жылдары пайда болған діни-саяси қозғалыс. Қозғалыстың рухани көсемі – Молла Мұхаммед Омар. Пәкістанның солтүстігінде құрылған бұл ұйымға бастапқыда Пәкістан медреселерінде тәлім алған ауған босқындары мен оның балалары тартылса, кейін олардың қатарына ауған әскері, пуштундар, сондай-ақ шетелдерден келген лаңкестер қосылды.

«Талибан» қозғалысының ең әуелгі мақсаты Ауғанстандағы моджахедтер Үкіметін құлатып, елді ислам мемлекетіне айналдыру еді. Тәліптер 1995 жылы күзде Иранмен шекаралас Герат провинциясын, 1995 жылы күзде Кабулды алып, Ауғанстан Ислам әмірлігін құрды. Осыдан кейін Ауғанстан мен Пәкістанда пуштундар көп тұратын аймақтарда тәліптер үстемдігін арттырып, ислам және шариғат заңдарын енгізе бастады.

1998 жылға дейін тәліптер Ауғанстан аумағының 90 пайызын бақылауда ұстады. Бірақ талибандарға қанша күш салғанымен, халықаралық қауымдастық олардың билігін мүлде мойындаған жоқ. Керісінше, радикалды исламдық топтарға қолдау көрсеткені үшін террористік ұйым деп таныды. 2003 жылы БҰҰ талибанды террорлық ұйым деп жариялады. 2001 жылы АҚШ бастаған НАТО күштері оларды тақтан тайдырды. Бірақ қазір тәліптердің басшысы кім екені жөнінде анық ақпарат жоқ. Әркім әртүрлі атайды. Себебі 2013 жылы «Талибанның» негізін қалаған Молла Омардың өлімінен соң тәліптер бәсекелес топтарға бөлініп, ішкі қырқыс басталды. Демек, тәліптер ауған билігін қолға алғанымен, «ішкі қайшылығын қалай реттейді» деген мәселе де ауған халқы үшін өте өзекті тақырып болып тұр.
Тәліптер Кабулды алғаннан кейін халықаралық қауымдастықтың мойындау­ы­на қол жеткізу үшін ауған билігі келісе отырып, өтпелі үкімет құрады деп болжам жасалған еді. Алайда «Әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, тәліптер қазір «Ауғанстан ислам әмірлігін» құрудың қамында көрінеді. Айта кетейік, Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Талибан» қозғалысы мен Ауғанстандағы шиеленістің басқа да тараптарын барынша сабырлық танытуға шақырды.

 

ТӘЛІПТЕР АУҒАНСТАНДЫ ҚАЛАЙ БАСЫП АЛДЫ?

АҚШ жиырма жыл бойы қанатының астына алып, 83 миллиард доллар жұмсап құрған ауған билігінің 320 мың әскері тәліптердің 70 мың адамдық қосынына төтеп бере алған жоқ. АҚШ берген қуатты қару-жарақ пен озық байланыс жабдықтарынан да еш қайран болмады. Есесіне оп-оңай жау қолына түсіп кетті. Ендеше, тәліптер аз ғана күшпен өзінен бес есе көп ауған әскерінің қалай тас-талқанын шығарды? Тәліптердің жеңіске жетуіндегі басты себеп не?
Шын мәнінде АҚШ бастаған НАТО күштері Ауғаныстанға кіргенімен, тәліптерді тамырымен құртып жіберуге күш салған жоқ. Усама бен Ладеннің көзі жойылғаннан кейін Партизандық ұрыс тәсіліне көшкен тәліптерді тыңсыра берудің де қажеті шамалы болды. Оның үстіне, «Ислам мемлекеті» құрылғаннан кейін АҚШ-тың назары Сирияға ауды да, тәліптер тыныстап қалды. Екінші жақтан Иран, Пәкістан, Қытай және орыстың жасырын қолдауына қол жеткізген тәліптерді тып-типыл құртып жіберу де қиын. Әрине, Қытай, Ресей, Пәкістан бастаған елдер Біріккен Ұлттар Ұйымы «террористік ұйым» деп таныған тәліптерге қолдау көрсетіп отырғанын жоққа шығарады. Бірақ тәліптер пайдаланып жүрген ұрыс қаруларының көбі Қытай мен Ресейде жасалғанын, сондай-ақ АҚШ әскерін шегіндіре бастағанда-ақ Ресей мен Қытайдың тәліптерді өз астаналарына шақырып, келіссөз өткізгенін ескерсек, ауған еліндегі аласапыранның арғы жағында алпауыт елдер тұрғанын аңғару қиын емес. Ал тәліптердің тез жеңіске жетуінде төмендегідей бірнешесебеп бар.

Біріншіден, тәліптер елді азат ету, Ауғанстандағы шетел күштерін қуып шығу ұранын көтеру арқылы халықтың қолдауына қол жеткізді.

Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай тәліп жәдігерлерінің көп бөлігінің Ауған­с­тандағы неше саны ең көп ұлт-пуштундар құрайды. Шын мәнінде, АҚШ-тың демеуімен құрылған ауған үкіметін «Отанын сатқан сатқындар» деп білетін пуштундар 20 жыл бойы тәліптерді қолдады.
Үшіншіден, АҚШ-тың тәліптердің шамасын тым төмен мөлшерлеп, өзі көмектесіп құрған үкімет әскерінің қау­қарын өте жоғары бағалауы да үлкен қателікке ұрындырды. Сондай-ақ АҚШ-тың соңғы 3 жылда ауған билігінен бет бұрып, тәліптермен жасырын келіссөз өткізуі ауған әскерлері мен генералдар­ының топ-тобымен тәліптер жағына шығып кетуіне мұрындық болды. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Дональд Трамп тәліптер Ауғанстан астанасы Кабулды басып алғаннан кейін Президент Джо Байденнің отставкаға кетуін талап етті. «Джо Байден Ауғанстанда болған жағдайға жол бергені үшін ұялып, отставкаға кететін уақыты келді» деп жазды. Алайда Трамп Байденді кінәлағанымен, АҚШ-тың Ауғанстандағы стратегиясының сәтсіздікке ұшырауына кіші Буштан тартып, Байденге дейінгі 4 президенттің де жауапкершілігі бар. Тіпті, бұл арада Байденді Трамп қол қойған келісімді атқарушы деп айтуға болады.

Қысқасы, қазір ауған елі үлкен аласапыран жағдайды бастан кешіруде. Ертеңі не болады деп, болашағы туралы болжам жасауға әлі ерте. Тек ауған мәселесінде ұтқан бір ел бар десе, ол – Қытай. Себебі Қытайдың Ауғанстанда мүддесі бар. Бейжің билігі Ауғанстан үкіметінің қолында болса да, «талибанға» өтсе де, екі жағдайдан да туындайтын қатерге де, орайға да дайын. Сондықтанда Бейжің олардың кез-келгенімен байланыс орнатуға әзір. Өйткені Қытайдың көздегені – Ауғанды билеуші топтармен келісіп, Шынжаңға төнетін қауіпті азайту және Ауғанстан арқылы өтетін байырғы сауда жолын қайта жаңғырып, Пәкістан, Иран, Түркия арқылы Еуропаға шығу. Ауған мәселесінің астарында осындай жағдай да жоқ емес.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button