Қала мен Сала

Ауызсу сапасы сын көтермейді



Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының Құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болып өтті. Онда астананы сумен жабдықтау, су бұру және сарқынды суларды тазарту жүйелерінің жұмысы және оларды дамытуды қамтамасыз ету саласында атқарылып жатқан іс-шаралар қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Т.Құлұшев баяндама жасады.
«Қазіргі күні Нұр-Сұлтан қаласын ауызсумен және шаруашылық мақсаттағы сумен негізінен Астана су қоймасы қамтамасыз етіп отыр. Қойма тек ағынды ағынды сулармен ғана толығады. Екінші су көзі – Сәтпаев арнасы, ол суды Ертіс өзенінен алады» деп мәлімдеді ол.
Баяндамашы келтірген дерекке сүйенсек, елорда халқының тәуліктік суға деген қажеттілігі 280 мың текше метрді құрайды. Ал оның қалаға тәуліктік сумен жабдықтаумөлшері 300 мың т.м аспайды. Бұл жағдайдың аса қүрделі екенін көрсетеді. Мамандардың Нұр-Сұлтан қаласында 2030 жылға қарай суға деген қажеттілік тәулігіне 400 мың текше метрге дейін артуы мүмкін деп топшылап отыр.
Қаланы сумен жабдықтау жүйесін дамыту жоспарына сәйкес, осы жетіспей жатқан су көлемін НФС-3(сорғы-сүзгі станциясы) жаңа су айдау блогы қамтамасыз етуі керек болатын. Станцияның тәуліктік өнімділігі 100 мың т.м деп есептелген. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы 2011 жылы жасалғанымен, құрылыс жұмыстары әлі қолға алынған жоқ.
Сондай-ақ, қолданыстағы тазарту құрылғыларының өнімділік қабілетін арттыру мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр.
«Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласын сумен жабдықтау бойынша екі жоба әзірленді. Біріншісі, елордаға жақын маңайдағы суасты көздерін пайдалану. Ол төтенше жағдайларда(тоған ағытылып кеткенде, су сапасы ішуге жарамсыз болып қалғанда, т.с.с- авт.). Екіншісі, Астана қоймасын сумен толықтыратын құрылыс салу» деді басқарма басшысы.
Нұр-Сұлтан қаласын сумен жабдықтау кезең-кезеңге бөліп жоспарланған. Алғашқы кезеңде астана су қоймасының түбі тереңдетіліп, арнасы тазартылады. Ол сорғы агрегаттардың көмегімен тоғанға жылына қосымша 62,3 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Келесі кезеңдерде Есіл өзеніне бөген салып, одан тәулігіне 170,0 мың т.ш су жіберуге қабілетті екі айырғы сутартқыш магистралі тартылатын болады. Егер аталған жобалар мақұлданып, жеткілікті көлемде қаржыландырылатын болса, олардың құрылысы 2023 года жылдың 30 желтоқсанында салынып бітуі тиіс.
Жалпы қаланы сумен жабдықтау мәселесі жылда көтеріліп келеді. Бұл жолы да тұрақты комиссияның отырысында мәслихат депутаттары айтқан сын-ескертпелері де аз болмады. Мәселен, биыл санитарлық-химиялық, микро-биологиялық көрсеткіштер бойынша ауызсудың сапасы былтырғыдан да тіпті төмендеп кеткен. Вирусологиялық күйі нашарлаған. Сумен жабдықтаушы ұйым – «Астана су арнасы» ЖШС-ның санитарлық-техникалық қызметтеріндегі кемшілік-келеңсіздіктер көп. Атап айтқанда, резервуарлардағы ауызсуды тазарту және залалсыздандыру шаралары тиісінше жүргізілмейді. Әсіресе, жазғы-күзгі маусымдарда ауыссу сапасы сын көтермейді.
Сондай-ақ, бірталай жекеменшік үйлер орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Сондай-ақ су жүйесіне қосылмаған аумақтарда колонкалар тапшы. Депутаттар ауызсуға қатысты бұдан басқа да көптеген өзекті мәселелерді көтерді.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button