Мәселе

Автобус апаты азаймай тұр



Жылдамдық пен жауапсыздық көптеген жол апаттарына себепші. Әрбір апаттың артында бір отбасының, бір әулеттің үміті, сүйеніші тұратынын ескерсек, жол-көлік оқиғаларының ел бойынша, елорда аумағында азаймай тұрғандығы әмбеге аян. Астана қаласының Полиция департаменті берген мәліметке жүгінсек, елордада 2023 жылы 694 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 31 адам қаза тауып, 767 адам жарақат алды.

Алматыдағы жантүршігерлік жағдай, жол-көлік оқиғасы, автобус апаты бәрімізді алаңдатты. Көшедегі сары жолақты жолдан өтерде тіпті, қорқыныш пайда болды. Астана қаласында да көліктер саны аз емес, арнайы Қоғамдық көлік жолағы болса да, онда жүретін жеңіл автокөлік қатары азаяр емес.

Полиция департаменті берген ақпаратқа сәйкес, негізі жол апаттарына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер мәдениетінің төмендігі (жол бермеу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту), жол жүрісі қағидаларын сақтамауы, көліктің техникалық жай-күйінің нашарлығы себеп болады.

Жол апаты неге көп?

Ашық ақпарат көзіндегі деректерге сүйенсек, жыл сайын елде 1500 адам өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылады екен. Өткен жылы 300-ге жуық көлік иесі темір тұлпар тізгіндеу құқынан шеттетілген. Жол-көлік апаты жиі болатын өңірлер көшін Алматы қаласы мен Алматы және Түркістан облысы бастап тұр. Жылдамдықты шамадан тыс асырып, ережені ескермегендіктен қауіп-қатер жиі болады.

Полиция департаментінің берген ақпараттарына сәйкес, негізі жол апаттарына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер мәдениетінің төмендігі (жол бермеу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту), жол жүрісі қағидаларын сақтамауы, көліктің техникалық жай-күйі­нің нашарлығы себеп болып жатады

– «Кешегі Шымкенттегі жол көлік апатынан соң кондукторларды қайтарыңдар» деп жатыр екен жұрт. Енді мен сіздерге айтайын, шопырлар сменмен істеуі керек, бір ауысымда 8 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Кондуктор деген пәле керек емес. Автобуста кондукторды не үшін алып тастағанын білесіз бе? Біріншіден, олар ақшаны өз қалтасына салады, терминалға баспай-ақ қолма-қол ақшаны маған бере салыңыз дейді. Бұл ұрлық, бұлай жасау автопаркке шығын, қала бюджетіне шығын. Екіншіден, халық кондуктор деп айтпайды, негізі халық аузында оларды «престегіш» деп атап кеткен. Аузы мұрнынан толғанша сала береді, сыймай жатса артынан итеріп, итеріп тығады. Өкпесі қысылып өліп жатса да бәрібір. Үшіншіден, әбден жүйкесі тозған долы әйелдер немесе жұртпен сөйлесуді білмейтін жас біреулер істейді. Ылғи автобустағы жолаушылармен айқайласып, ұрсып, басқа жұрттың құтын қашырады. Өзі шаршап келе жатқан жолаушылардың әбден мазасын алып, ұрыс-керіс шығаратын сәттерге талай куә болғанымыз белгілі.

Сондықтан, кондуктор дегеннің атын атамаңыздар. Меніңше, шешу жолы мынадай – автобус жүргізушілері 2 ауысыммен жұмыс істеуі тиіс. Таңертеңгі 6.00-ден түскі 14.00-ге дейін, екінші ауысымдағы жүргізуші 14.00-ден бастап түнгі 22.00-ге дейін, – дейді қоғам белсендісі Нұржан Сәдірбекұлы.

Бас қалада ахуал қандай?

Бүгінде қала тұрғындарының жартысынан көбі қоғамдық көлікті пайдаланады. Елордада 6 автобус паркі бар. Қала бойынша 95 бағыттан тұратын 1357 қоғамдық көлік қатынайды. 6 автопарктегі 1357 автобустың 120 бірлігі – электробустар.

«City Transportation Systems» ЖШС көлікті үйлестіру департаментінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, естеріңізде болса, прокурорлар жақында автобус парктеріне айыппұл салды. Астанада жүргізушілер жетіспейді. оларды қабылдау­ға кедергі келтіретін бірінші нәрсе ол – ескірген қолданыс­тағы заң тым қатал. Мысалы, жүргізушіге 25 жастан бастап еңбек өтілі 5 жыл, оның ішінде қоғамдық көліктегі тәжірибесі 3 жыл болуы тиіс. Бірақ ешкім жас маманды автобустың руліне отырғызбайды, алайда оларға қалайда тәжірибе жинақтау керек екені белгілі. Жас жүргізушілер тек микроавтобустарда ғана тәжірибе жинақтай алады, ал олар бізде жоқ. Заңнан басқа жүргізушілерге психотесттер, жыл сайын оқудан өту міндеттеледі.

P.S: Қалай болғанда да ондаған адамның өміріне жауап беретін жүргізушілерге қатыс­ты талаптар халыққа ыңғайлы жағына шығуы тиіс. Бізге шетелдік тәжірибені де ескеру қажет. Өйткені жолдарының құрылысы жағынан бізге ұқсас Оңтүстік Корея елінде жол апаттарымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Сол елдің ғалымдары жол-көлік оқиғаларын зерттей келе, жылдамдықты 10 пайызға қысқарту арқылы адам өлімін 50 пайызға азайтуға болады деген тұжырым жасады.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button