Жаңалықтар

Авторлық әндер әлемі



DSC_6229

Жыл сайын дәстүрге айналған «Астана» халықаралық авторлық ән фестивалі биыл да жалғасын тауып, шымылдығын түрді. Үш күн бойы Қарағанды тас жолының 17-ша­қырымында өткен думанды кеш өз қонақтарын ғажайып табиғат аясында сиқырлы сазға бөлеп, әуезді әнмен тербеді.

Арнасы кеңейген, арқалы авторлық ән байқауы – 1979 жылдан бері түрлі мемлекетте өтіп келеді. 1999 жылы оған халықаралық мәртебе берілген. Айтулы шара деңгейі мен көркемдік жағынан ТМД көлемінде өтетін маңызды мә­­дени шаралардың бірегейі санала­ды. Бас қаланың өзінде он жылдан бері қазығын қаққан байқау өнердегі дос­тықты насихаттауға қомақты үлес қо­сып келеді.
–Биыл да мәдени кешке келген қонақтардың қарасы көп. Әсіресе, Ресейден авторлық дәстүрлі ән мек­те­бінің бір қауым өкілдері келді. Сон­дай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Германия және Израильден ат басын бұр­ған бард әншілердің өнерлері де еш­кімді бей-жай қалдырмайды,-деді оның ұйымдастырушысы Мақсат Сәрсенбеков.
Әсіресе, сенбі күні ымырт жабыла думанды кештің көрігі қыза түсті. Жан-жақтан жиналған қонақтар ортаға алау жағып, жұлдыздары жы­мыңдаған елорданың қаракөк аспанын қызықтады. Шағын қойылымдар қойды. Бірінен-бірі өтетін әншілер гитараның сырлы әуезіне қосылған қоңыр дауыстарымен күрең кешті көркем күйге бөледі.
Алайда, біздің көңілімізде ептеген мұң қалып қойды. Қазақ өнерінде де авторлық әннің иесі саналатын айтулы тұлғалар жетерлік. Неге соларды осындай байқауларға шақырмасқа?..Мәселен, авторлық әннің «атасы» саналатын Қорабай Есенов кімнен кем? Тіпті, кешегі өмірден өткен Табылды Досымов ше..? Айта берсе, қазақ өнерпаздарының арасында бард әншілердің өзі бір қауым. Келесі фес­тивальде осы олқылықтың орнын тол­тырған жөн секілді.
Әрине, байқау болғаннан кейін одан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығары хақ. Биылғы фестивальге қатысушылар төрт номинация бойынша сынға түсті. Кілең сайдың тасындай іріктелген саңлақтардың арасынан үздіктерді анықтау да оңай болған жоқ. Алайда, «Авторлық» аталым бойынша жерлесіміз, керекулік Константин Бобылёв лауреат атанды. Екінші, «Орындаушы» аталымы негізінде Омбыдан келген Андрей Казанцев озып шықты. Ал, «Дуэт» аталымында омбылық Андрей және Евгения Казанцевтар үздік атанды. Қызылжарлық «Союз-Автор» ансамблі өз аталымында бас жүлдені иеленді. Бірқатар өнерпаздар фестивальдің дипломанты атанды. Қысқасы, биыл да авторлық ән байқауы өз деңгейінде өтіп, қонақтар бір-бірімен қимай қоштасты.
Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button