ЖаңалықтарМәдениет

АВТОРЛЫҚ ӘНДЕР ӘУЕЛЕДІ



Елордада кезекті рет «Астана-2017» авторлық әндердің халықаралық фестивалі өтті. Үш күнге созылған фестиваль аясында іріктеу конкурстары, белгілі бардтардың жеке концерттері, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер ұйымдас­тырылып, шара гала-концертпен түйінделді.

Бірінші күні фестивальдің бұ­рынғы лауреаттары «Фламинго» және «Камертон» топтары, Диас Байсейітов, Полина Тырина және өзге қатысушылар өнер көрсетті.

Жалпы конкурсқа Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германия, Израиль елдерінен 60 орындаушы қатыс­ты. Екінші кезеңге олардың 12-сі жіберілді. Қорытындысында авторлар арасында Астана қаласынан қатысқан Дана Юсупова мен Борис Ипатов, қарағандылық Вадим Ким топ жарды. Ал Ирина Базарбаева (Қарағанды), Ксения Никитеева (Омбы) үздік орындаушылар болып танылды.

Құрметті қонақтар қатарынан Мәскеу, Томск, Омбы, Новосибирск қалаларынан келген авторлар табылды. Атап айтсақ, Павел Фахрутдинов, кіші Юрий Визбор, Жеңіс Ысқақов, «ЧБ» дуэті, Лидия Чебоксарова мен Евгений Быков, Роман Ланкин, Юрий Насыбуллин, Марина Багинская сынды орындау­шылар әндерін әуелетті.

«Астананың төл құрдасы болып саналатын аталмыш фестивальге биыл 19 жыл толады. Бұл жылдар аралығында бірнеше буын алмасты, кейбір орындаушылар атақты Грушин фестивалінің лауреаттары атанды. Біздің негізгі мақсатымыз – гитараның сүйемелдеуімен айтылатын ән жанрын халық арасына тарату, кеңінен насихаттау» дейді фестивальді ұйымдастырушы Мақсат Сәрсенбеков.

Аманғали
Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button