Қала мен Сала

Аудан аулаларын аралады



Елордалық мәслихат депутаттары Байқоңыр ауданында абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді аралады.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес­те елордалықтар серуендейтін және демалатын орындарды көбейтуді тапсырған-ды.

– Ресейдің Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсат – Астананы жылдың кез келген мезгілінде тұрғындар мен қонақтарға барынша қолайлы ету, қаланың келбетін мейлінше жақсарту, – деген еді Президент.

Бүгінде қалалық кеңістікті жаңғырту және абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Халық қалаулылары осы бағыттағы жұмыстарды көзбен көріп, мәселелерді талқылау үшін жолға шықты.

Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Досхан Тұяқпаев жол бастап, атқарылған жұмыстармен таныстырды. Олар алдымен Ақбұлақ өзенінің бойындағы демалыс орнына тоқтады. Жаңа келбетке ие болған скверде демалушы адамдардың қарасы қалың. Ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткішінен бастау алған кеңістік «Алатау» спорт кешеніне дейін созылып жатыр. Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарына барынша қолайлы етіп жабдықталған екен.

– Биыл Байқоңыр ауданында 25 аула, 7 қоғамдық кеңістік ашылады. 11 ауланы абаттандыру жұмысы аяқталды. Қазір 4 ауладағы жұмыс қарқын алып, тамыз айына пайдалануға беріледі. Ал 10 аула аумағы 15 қыркүйекке дейін аяқталатын болады. Қоғамдық кеңістіктердің 6-уы абаттандырылды. Бұдан бөлек, бірқатар аулада ағымдағы жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүруде, – деді Д.Тұяқпаев.

«Ақбұлақ» өзенінің жағалауын­дағы абаттандыру жұмысы мұнымен шектелмейді. Абылай хан даңғылынан Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі аралықты да қамтиды. Бұл аумақта Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің оқу корпустары мен студенттер үйі орналасқандықтан адамдар жиі серуендеп жүреді. Салауатты өмір салтын ұстанған азаматтар жүгіреді, әрі спорт алаңдарында жаттығу жасайды. Сенбі, жексенбі күндері студент жастар жағалаудағы сахнада мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізіп, ән орындап жатады. Сондықтан жағалау көрікті әрі таза болғаны дұрыс.

Әрі қарай, жаяу аралау – «Журналистер» аллеясы.Депутаттар Кенесары көшесі №73, №77 мекенжайындағы жаяу жүргіншілер кеңістігі мен бірқатар аула алаңдарын көрді.

Шынында, бас қалада саябақтар, скверлер, жаяу адамға арналған көшелер, ойын алаңдары және тағы басқа қоғамдық кеңістіктер өркен жайып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Депутаттармен аралау барысында осыған көз жеткізе түстік.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button