Сараптама

Отбасы агенттігі керек

Қазіргі кезде қоғамда отбасы, әйелдер және балалар мен жастарға қатысты көптеген проблемалар орын алуда. Атап айтсақ, біріншіден, елде өршіп тұрған мәселенің бірі – ажырасу. Статистикалық деректерге зерттеулер жүргізетін халықаралық World Population Review сайтының мәліметіне сәйкес, Қазақстан – ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте екінші орында.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, 2022 жылы 140 256 неке қиылса, 48 239 ажырасу тіркелген.

Екіншіден, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Құқықтық статистика бойынша 2022 жылы Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша 25 172 адам, Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша 17 403 адам, ұрып-соғу бойынша 9658 адам әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікке тартылса, 938 қылмыстық құқықбұзушылық деректері тіркелген. Бұл – көңіл алаңдатарлық жайт. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары, негізінен, әйелдер мен балалар. Соңғы кезде отбасында ата-аналарының өз балаларын ұрып-соғу, өлтіру, зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық көрсету жағдайлары жиілеп барады.

Үшіншіден, қоғамның әлеуметтік-психологиялық проблемасына айналған азаматтар арасындағы суицид мәселесі бар. Бас прокуратураның құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметі бойынша Қазақстанда 2022 жылы 3700 суицид деректері тіркелген болса, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 526 адам өзіне-өзі қол жұмсаған фактісі тіркелді. Суицид жасап қайтыс болғандар ішінде 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың үлесі 17,3%-ды құрады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылы әзірлеген цифрлық картасының мәліметі бойынша елде 5,9 млн отбасы тіркелген, оның ішінде 1,2 млн отбасы дағдарыс жағдайында және тұрмысы қолайсыз, қиын жағдайдағы отбасы саны – 6983, ондағы бала саны 12 мыңға жуық. 2022 жылы 140 256 неке қиылса, 48 239 ажырасу тіркелген

Отбасы институттарын нығайту, жастар мен балаларға қатысты Үкімет деңгейінде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қарамастан арты қайғылы жағдайларға ұласатын жағымсыз статистика азаяр емес. Сонымен бірге, отбасымен жұмыс негізінен өмірлік қиын жағдайдың туындау фактісі бойынша жүргізіледі, ал мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек отбасын сақтауға және нығайтуға бағытталуы керек.

Қазіргі уақытта елімізде отбасы, балалар мен жастар саясатымен өз құзыреті шегінде бірнеше мемлекеттік органдар айналысады. Айталық, отбасы мен жастар мәселелерімен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, сондай-ақ кейбір мәселелермен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Әділет министрліктері айналысады. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Қазақстан бойынша отбасы мәселелеріне қатысты құрамында 4 штат бірлігі бар тек 1 басқарма жұмыс жүргізетінін атап өткен жөн. Көріп отырғаныңыздай, аталған мәселелермен айналысатын және осы салада саясат жүргізетін бірыңғай орган жоқ.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдерде отбасы мәселесімен жекелеген мемлекеттік органдар айналысады. Мысалы, Өзбекстан Республикасында Махаляны және отбасы қорғау министрлігі, Түркияда Отбасы істері және әлеуметтік қорғау министрлігі, АҚШ-та Отбасы және балалар істері жөніндегі агенттігі, ­Малайзияда Әйелдер, отбасы істері және қоғамдық даму министрлігі бар. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, осы сала бойынша жұмыс істейтін министрліктердің функцияларын біріктіріп, жаңа институционалдық негіз – Отбасы, әйелдер, балалар мен жастар істері жөніндегі агенттік құруды ұсынамыз.

Нұргүл ТАУ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button