Басты ақпаратСараптама

Өзгенікін тұтынған ел өспейді

Соңғы жылдары Қазақстан нарығында шетелден келген тауарлардың үлесі күрт артты. Әсіресе Қытай мен Ресей тауарларының біздің базарларда саудасы дүркіреп тұр. Әрине, арзан тауарлардың көбейгені халықтың қалтасына тиімді болғанмен, отандық кәсіпкерлердің өндірісіне кері әсерін тигізетіні, тіпті сақтық шараларын қолданбаса, отандық өндірісті тұралатып тынатыны көпке түсінікті жайт.

Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да базарларында қаптап тұрған шетел тауарларын көресіз. Өйткені біздің ел носки-шалбардан бастап шетелден алады. Ал ол өнімдерді елімізде өндіргенмен, оның өзіндік құны шетелден енген тауарлардан әлдеқайда қымбат екені тағы бар. Мәселен, осыдан 4-5 жыл бұрын Қытайдан келген бір кәсіпкер азамат отандық өндірісті дамытуға үлес қосу мақсатында байпақ (носки) тоқитын шағын цех ашып, елімізде өндірілген шұлықтарды нарыққа шығарды. Сапасы жақсы болғанмен, бағасы Қытайдан келетін тауарлардан қымбаттау болды да, көп ұзамай өндірісін тоқтатты. Өйткені саудагерлер отандық өнімді қолдап, елімізде өндірген өнімдерді алғанның орнына, керісінше, «арзан, жақсы өтеді» деп қытайлық тауарларды сатып алған. Әрине, бұл арада халықтың тұтыну өресі мен саудагерлердің тек қана пайда табу идеясының күштілігі, отандық өндірісті қолдау санасының төмендігі себеп болып отыр. Отандық өнімді қолдау – ұлттық таным мен ұлттың ұлы бірлігіне байланысты мәселе. Бірақ біздің елде ондай түсінік тым жоғары деп айта алмаймыз. Яғни қарапайым халық қалтасына қарап өз таңдауын жасаса, қалталылар қазақстандық өнімді қор санайды.

Біз Шыңжаңда ұйғыр ұлты қалың қоныстанған өңірде тұрдық. Көбінде сауда-саттықпен айналысатын олар – өте ұйымшыл халық. Бірінің саудасын бірі қолдап, біреуінің сатқанын екіншісі сатып алып, базарды қыздырып, сауда айналымын тездетіп жатады. Миллиард қытайдың арасында жүріп, қытай кәсіпкерлері өндірген тоңазытқыш, кір жуғыш машинаға дейін өздерінің белгілерін жапсырып сатып, соңғы кездері қытайша жазуы бар тауарларды сатып алмайтын деңгейге жетті. Әрине, бұл әсіреұлтшылдық болғанмен, оның арғы жағында ұлттық өнімдерді қолдау, ұлттық буржуазияны қалыптастыру идеясы жатыр. Бізге де осындай идея керек. Өйткені бәрін шетелден сатып алудың соңы мемлекеттің өзіне, халықтың өміріне қауіпті екенін пандемия кезінде беттұмшаның тапшылығы-ақ аңғартқан жоқ па?! Демек, импорт пен экспорттың тепе-теңдігін сақтау мемлекет үшін аса маңызды түйін саналады. Егер бір елдің импорт көлемі 50-60 пайыздан асып, ішкі өндіріс көлемі 20-30 па­йызға да жетпей қалса, ол елдің экономика жағынан өзге елдерге еріксіз тәуелді болып қалатынын қазіргі геосаяси жағдай да анық аңғартып тұр.

Оның үстіне, біздің Үкіметтің отандық өндірушілерді қолдау саясаты әлі де жеткіліксіз. Кәсіпкерлерге байланысты мораторий жариялап, салықтан босату сынды шаралар да отандық өндірістің дамуына демеу болмай тұр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында биыл сүт зауыттары өнімдерін өткізе алмай отыр. Олардың саудасына да шетелден келіп жатқан арзан өнімдер салқынын тигізуде. Өткен жылы бұл өңірге Ресей мен Беларусь елінен 1400 тоннаға жуық сүт өнімі әкелінген. Осыған сәйкес, аталған өңірдің экспорт көлемі де қысқара түскен.

«Жарты жылдан бері 20 тонна ірімшік, сары майымызды сата алмай отырмыз, 4 айдан кейін бұл өнімдердің мерзімі өтіп кетеді. Бағасын арзандатсақ та алушы жоқ» дейді сүт өнімдерін шығаратын отандық кәсіпкерлер.

Осының салдарынан бұл зауыттар биыл жылдық өндіріс көлемін 400 тоннадан 200 тоннаға дейін азайтуға мәжбүр.

«Тек біз ғана емес, облысымыздағы сүт өнімдерін шығарумен айналысатын 15 кәсіпорынның саудасына шетелден енген өнімдер қатты әсер етті» дейді кәсіпкер Гүлнәр Мұхамеджанова.

Шетелден енген өнімдер өңдеу саласының ғана емес, ауыл тұрғындарының табысына да әсер ете бастады. Өйткені өңірдегі сүт зауыттары тұраласа, тұрғындардың сүтіне де алушы жоқ болатыны көпке мәлім. Міне, бұл – біздің Үкіметтің отандық өндірісті қолдамай, импорт саудасына бақылауды күшейтпегенінің салдары.

Импорт пен экспорт мәселесіне келгенде Қазақстанның Қытайдан үйренетін тұсы көп. Қытай қалай алпауыт елге айналды? Бұл елде орта, шағын кәсіпорындар қалайша тез дамыды? Оның да өзіндік себебі бар. Ең әуелі бұл ел отбасы өндірісінен бастап, орта, шағын бизнесті дамытуға ден қойды. Олардың тауар айналымы жақсарып, аяқтан тұрып кеткенше, өндірісі қарқын алғанша біздің ел сияқты «жеке кәсіпкерлік аш, бір тиын болса да салық орындарының назарынан таса қылма» деп тақымдаған жоқ. Керісінше, оған кәсіпкер ретінде қолдау көрсетіп, өсімсіз қарыз беру, техникалық жақтан сүйемелдеу шараларын қолданды. Оларды әлдекімдердің бопсалап, сүліктей соруына жол берген жоқ. Керек десеңіз, олардың өнімдерін сатуына да көмектесіп, «өңірлік өзгешелікті арттыру, өз өнімдерімізді тұтыну» деген үндеу бойынша халықты да жергілікті өнімдерді сатып алуға шабыттандырды. Ал шетелден тек өзіне қажетті, өз елінде өндірілмейтін тауарларды арзан бағада енгізді де, өз елінде өндірілетін тауарлардың импортына шектеу қойды немесе кеден салығын жоғарылатып, отандық өнімдердің бағасын шетел өнімдерінің бағасынан төмен ұстауға күш салды. Мәселен, машина өндірісін айтсақ, Қытай машинаның моторын да талапқа сай етіп өндіре алмайды. Яғни көлік құралдарының моторын бертінге дейін шетелден импорттап келді. Бірақ соған қарамастан, Қытай автомобиль өндірісіне күш салды. Әрине, ол көліктердің сапасы шетелдік көліктерге жетпейді. Бірақ шетелдік көліктердің импорт саудасын қиындатып немесе тосқауыл қойып тастағандықтан, қытайлар өз елінде өндірілген көліктерді мінуге мәжбүр болды. Екінші жағынан, ол көліктердің бағасы арзан және ұзақ уақыт мінуге жарамайтын, тез тозатын болғандықтан, Қытай көліктерінің ел ішіндегі айналымы да жоғары еді. Ал бүгінгі таңда Қытай сол көліктерін шетелге де сата бастады. Қытай автомобиль өндірушілері қауымдасты­ғының мәліметінше, 2023 жылы Қытайдың автомобиль экспорты тұңғыш рет Жапонияны басып озып, әлемде бірінші орынға шыққан. Міне, көрдіңіз бе, ішкі нарықты қорғап, отандық өндіріске мән берудің кереметін.

Осы арада Қытай та­уарлары неге арзан деген мәселені де айта кетейік. Біріншіден, Қытай зауыттарының өндірісі айрықша ауқымды. Бір тауардың түрінен бір жолда неше мыңын, тіпті неше он мыңын өндіреді. Мұның жартысы ішкі нарыққа кетсе, қалғаны шетел асады. Ең маңыздысы, Қытай шетел нарығын жаулап алу үшін кәсіпкерлер өз өнімдерін шетелге шығарса, баж қайтару түзімін атқарып отыр (салынған салықтың белгілі мөлшерін қайтару). Осының арқасында Қытайда бір носкидің өзіндік құны 150 теңге болса, шекарадан шыққанда қайтарылған бажға байланысты оның бағасы 120-130 теңгеге дейін төмендейді. Ал қазақстандық кәсіпкерлерге ондай қолдау жоқ, оның үстіне, оның нарық көлемі тар болғандықтан, өзіндік құны 150 теңге болған носкиді кемінде 300-350 теңгеден сатуға мәжбүр. Ал қытайлық кәсіпкерлер өзі өндірген носкиді біздің нарықта 200 теңгеден сатса да ұтылмайды. Ресей де қазір осы тәсілді қолдана бастады. Атап айтқанда, бұл ел де биыл экспортқа жіберілетін сүт өнімдерін тасымалдауға кететін шығындарға 100 пайыз қосымша қаражат беріп отырғандықтан, шетелден келетін арзан тауармен біздің өнімдер бәсекелесе алмайды. Мал өнімдерін сатып алатын зауыттардың саудасы саябырлағаннан кейін тұрғындар да мал басын кемітуге мәжбүр. Оның үстіне, биыл қыс қатты, жем-шөп қымбат. Тебінде жүрген жылқының көбі іш тастап, аштықтан қырылып жатыр. Демек, бұл мәселеге Үкімет жіті назар аудармаса, еліміздегі отандық өндіріс толық күйрейді де, соңы енді-енді қалыптасып келе жатқан ұлттық буржуазияның әлсіреуіне әкеліп соғады. Ал ұлттық буржуазиясы жоқ, тұрмысқа қажетті тауардың бәрін шетелден енгізетін елдің ертеңі бұлыңғыр. Егер Қазақстан Үкіметі Алматы сияқты қалаларға вагондап келіп жатқан Қытай тауарларына тиісті шара қолданбаса, көп өтпей отандық өндіріс құрдымға кетіп қана қоймай, саудамен айналысып, жан бағып жүрген қалың алыпсатарларымыз да жұмыссыз қалады. Жұмыссыздық демекші, компаниялардың банкротқа ұшырауына байланысты жұмыссыз қалғандардың да саны артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміз бойынша 445 мың адам жұмыссыз жүр. Мұның дені – 35-45 жас аралығындағы азаматтар. Жұмыссыз қалғандардың 276 мыңы қалада, 169 мыңы ауылда. Бірақ ауылдардағы жұмыссыздар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Жоғарыдағы мәселелерге байланысты жақында Сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы штаб құрды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, оның құрамына Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері енген. Енді сырттан келетін тауарларға мониторинг жүргізіліп, арзан және күмән келтіретін өнімдер қатаң бақылауға алынатын көрінеді. Бірақ оның нақты әсері бола ма, оны уақыт көрсетеді.

Екінші тұрғыдан алғанда, сарапшылар Қытайда дефляция басталды деп дабыл қағып отыр. Financial Times басылымының жазуынша, өндіріс қуатының артуы мен бағаның төмендеуі салдарынан Қытай бүкіл әлемге дефляцияны экспорттауы мүмкін. Әрине, бірінші кезекте сауда серіктестеріне. Халықтың қартаюы, тұтынудың тұралауы және жылжымайтын мүлік нарығындағы «көбіктің жарылуы», т. б. мәселелер Қытай үкіметіне ішкі сұранысты көтеруге мүмкіндік бере қоймайды. Сондықтан қажет болғанда Қытай билігі юаньды әдейі құнсыздандыру арқылы дефляцияны сыртқа шығаруға ұмтылуы мүмкін. Еліміздің ең басты сауда серігіне айналған көрші елден келетін ең үлкен қауіптің бірі – осы.

Көңілге медеу болатын бір түйін, соңғы жылдары елімізге келетін туристердің саны артып келеді. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың дерегінше, 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елімізге саяхаттаған ішкі туристер саны 11 пайызға артып, шамамен 5,4 млн адамға жетті. Оның ішінде шетелдік туристердің саны – 835 мың адам. Яғни ішкі туристердің үштен бірі шетелдіктердің үлесіне тиесілі. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Шетелдік туристердің кө­беюіне байланысты қонақ үй, жатақханалар 175 миллиард теңге табыс тап­қан. Мәселен, 2023 жылғы алғашқы 9 айда Алматыға 409394 адам саяхаттап келсе, еліміздің бас қаласы

– Астанаға 220000 шетелдік қонақ келген. Олардың арасында іскерлік туризм бойынша келушілер үлесі жоғары болған. Туристер санының артуына Қазақстанға 74 елдің өкілдері визасыз келе алатыны себеп болған. Бірақ Қазақстанның мұнай сату мен туризмнен түскен пайдасы елімізді бай-­қуатты елге айналдыра ала ма? Оның жауабы күңгірт. Қысқасы, өзің өндірмей, жат жарылқамайды. Сондықтан отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, олардың өндірісін қорғамай, шетелден арбалап та, дорбалап та таси берудің соңы жақсылыққа апармайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button