Білім

Қарлығаш қалаға неге келмейді?

Жыл құстарының ішінде кеш келіп, жаз ­бітпей ерте кететін құс – қарлығаш.

Кішкентай кезімде ауылдағы атамның үйіне барғанда есіктің алдында жер бауырлап ұшып жүретін қарлығашты көретінмін. Қазақ елінде қарлығашты бейбітшілік пен берекенің символы деп санайды. Қарлығаштың тұмсығы қысқа, тұмсығының түбі кең, езуінің арасы алшақ. Қанаттары жіңішке әрі ұзын, дене бітімі ерекше сымбатты, сүйкімді, кішкентай, әдемі құс. Дала данышпандары атанған бабаларымыз қарлығашты пейіш топырағынан жаралған деседі. Себебі көмекейіне ән ұялаған қарлығаш Құран сүрелерін ­шырқайды екен.

Бір қызығы, осы бір әдемі, сүйкімді қарлығашты қаладан кез­дестірген емеспін. Демалыс орындарына, саябақтарға барғанда тек ертегілердегі жалғыз жүретін құстың жаманы – сауысқанды, дауысы үрейлі, түрі сүйкімсіз қарғаны, топтасып жүретін көгершіндерді ғана көремін. Кейде бірен-саран торғай ұшып жүреді. Бірақ бейбітшілік пен бақыттың құсы – қарлығаш, өте тамаша әнші құс – қараторғай сияқты жыл құстарын қаладан көрген емеспін. Ауылда көктеммен бірге әр жыл сайын келетін қанатты достарымызды асыға күтіп, алдымен ұшып келетін қараторғайларды ұя жасап қар­сы алу дәстүрге айналған.

Қалаға қарлығаш пен қараторғай неге келмейді деп ойласам, бұлар өте сезімтал, тыныштық пен тазалықты, бейбітшілікті қалайтын құстар екен. Бұл құстың бүкіл өмірі ауада өтеді. Қаланың қым-қуыт тіршілігі, газды, түтінді, шулы тіршілігі ұнамайтын болса керек. Сонымен бірге қарлығаш жұқпалы аурулар көп тарайтын жерді мекен етпейді екен. Таза ауада, тыныш жерде, бейбіт мекенде өмір сүретін қарлығаш құсы мені қызықтыра түсті.

Бұл құстың қасиеті жайлы аңыз-әңгіме аз емес. Сондай аңыздың бірінде жоңғар шап­қыншылығы кезінде ауылға жау шауып, бүкіл ел үдере қашады. Сол ауылда тұратын бабамыз Төле би ғана көшпей отырып қалады. Шапқыншылықпен келген жоңғар қолбасшысы:

– Бәрі қашқанда, бұл неге көшпей қалған, жөнін біліп келіңдер, – деп әскерін жұмсапты. Сонда бабамыз:

– Үйімді бұзсам, босағадағы қарлығаш ұясы қоса бұзылатын болғандықтан, орнымнан қозғалмадым, – деген екен. Сонда жоңғар қолбасшысы:

– Бұл әулие адам екен, мазаламаңдар, – деп бұйырыпты.

Осыдан кейін Төле бабамыз­ға «Қарлығаш әулие» деген ат беріліпті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде шаңырағына бейкүнә құстың ұя салғанын, оны бұзуға қолы бармаған бидің бұл сөзіне таңыр­қаған қолбасшы «шын әулиенің өзі екен» деп еліне де тиіспепті.

Иә, қарлығаштың адамзатқа жасаған жақсылығы туралы аңыз-әңгіме көп. Тағы бір аңызда киелі құстың басқа құстардан басты ерекшелігі құйрығы айыр болып келетініне назар аудартады. Құстың бұл түрін қастерлейтін эстон елінің халық ертегісі қос ғашықтың өмірімен байланыс­тырса, қазақ ертегілерінде баланы ажалдан құтқарған қарлығаштың құйрығын айдаһар тістеп ­айырыпты дейді.

Қарлығаш – мейірімді және бейбітшіл құс. Оның ұясына басқа құс кіріп кетсе, оған шабуыл жасамай, өзге ұяға көшіп кетеді. Ұясын тұрғын үйлердің шатырына сала береді, адамдардан қорықпайды. Ұяны балшықтан және өз сілекейінен жасайды. Құрылыс мамыр айында басталып, 10 күнге дейін созылады. Ұясы жарты ай тәріздес немесе түбі кең, аузы тар құмыра пішінді болып келеді. Ұясының түбіне қауырсыннан, тағы да басқа заттардан жұмсақ төсеніш төсейді. Балапандары күніне 300 рет тамақтанады. Олар шыбын-шіркеймен, масамен, басқа да әртүрлі жәндікпен қоректенеді. Алғашқы үш аптада анасы балапандарына қамқор болып, жәндіктерді аулауды үйретеді. Ғылыми деректерде қарлығаш табиғи ортада бес жыл өмір сүреді екен.

Қазақ қашаннан қарлығашты киелі құс санайды? Қазақта егер үйдің төбесіне қарлығаш ұя салса, бұл отбасы бақыт пен берекеге кенеледі деген ырым бар. Ата-бабамыздың айтуынша, қарлығаштың ұясын бұзу үлкен сәтсіздікке душар етеді. Швецарияда қарлығаш ұясын бұзған адам тұқымымен кесапатқа ұшырайды деген сенім бар.

Қарлығаш басқа жаққа көшкенде, тырналар оны арқасына алып ұшады. Ал қайтып келгенде, ләйлектердің қанатының астына паналайтыны қызық.

Аспанда ұшып келе жатып тамақтана алатын киелі құстың кейбірі ұйықтауға да қабілетті келеді. Су үстінен ұшып бара жатып-ақ су іше береді. Ұшып жүріп қорегін ұстап жейді. Дауысы сонша қатты емес. Ашық күндері биіктеп ұшады да, ауа райы жауын-шашынды болар алдында жер бауырлап ұшады. Сондықтан да бабаларымыз қарлығаштың ұшу ерекшелігіне қарап ауа райының өзгерісін алдын ала болжаған. Алайда мұны ғылыми жолмен де түсіндіруге болады. Жауынның алдында ауа ылғалдылығы көтеріледі. Нәтижесінде қауырсын ауырлап, құс төменге қарай түседі.

Киелі құс – қарлығаш туралы деректерді, аңыз-әңгімелерді оқи отырып, қарлығаштың барлық адамзат үшін өте ­киелі, сүйкімді құс екеніне көзім жетті. Сондай-ақ қарлығаштың тіршілігін бақылау барысында мен олардың ұя салуы, қоректенуі, жұмыртқа салуы, ұядан қанаттанып ұшуы туралы көп нәрсе білдім. Бұл деректердің болашақта қарлығаш туралы білгісі келетін жандар үшін маңызы зор деп ойлаймын.

Қалибек НҰРАСЫЛ,

Л.Гумилев ­атындағы Еуразия ұлттық ­университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button