Ел тынысы

Оператор Қарлыға

Қарлыға Салхауованың Астана қаласы әкімдігінің iKomek109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығында қызмет істегеніне 15 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде ол тұрғындардан 114211 телефон қоңырауын қабылдап, барлығына да сауатты жа­уап бере білген. Оны әріптестері алғырлығы мен шыдамдылығы, өз ісін бес саусағындай жете білетін біліктілігі үшін құрмет тұтады.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Ең әуелі «051» қызметінен бастадым. Қазір, міне, iKomek109-ға ауысқаныма да біраз жылдың жүзі болды. Тәжірибе жинадық, қалыптастық. Ұжымым өте тату, біріміздің білмегенімізді біріміз үйретіп, үнемі түсіністікте еңбек етеміз. Бір кезде өзім үйренуші болсам, енді мен де қазір кейінгі жастарға білгенімді үйрете алатын тәлімгер болып жүрмін. Бұл қызметтің өзіндік ерекшелігі де жетерлік. Ең бастысы, қала тұрғындары мен қонақтарына шаһардың тыныс-тіршілігіне байланысты уақытында кеңес беріп, ақпараттық көмек көрсете білуіміз қажет. Көптеген мәселеге жедел, қысқа да нұсқа жауап беруге тура келеді, – дейді тәжірибелі оператор.

Біз хабарласқан кезде Қарлыға Серікбайқызы ауысымдық жұмыс үстінде екен. Жұмысына байланысты сауалдарымызға бір тәуліктен кейін жауап берді.

«Жұмыста жауапкершілікті бірінші орынға қоямын. Әрине, тәулік бойы үздіксіз түрлі сауалға жауап беру оңай емес. Бірақ мен қазір бұл жұмысқа үйреніп кеттім. Екі тәулік демалысымда үй шаруасының барлығын атқарып үлгеремін. Бос уақытымды көбіне отбасыма арнаймын. Бір қыз, бір ұлым бар. Қазір олар да ержетіп қалды. Бірге табиғат аясына шығып серуендегенді, түрлі тағам жасағанды ұнатамын. Әсіресе ет тағамы мен манты дайындағанды хош көремін» деп ағынан жарылды ол.

Қарлыға Ақмола облысы Ерейментау ауданы бұрынғы Ленин атындағы совхозда дүниеге келіпті. Бала күнінен заңгер болуды қалап, Қазақ заң колледжін бітіріпті. Кейін өмірдің ағымы оны басқа арнаға алып кеткен. Алайда бойында ерік-жігері мол, өмірге деген құлшынысы жоғары жан қайда жүрсе де қатарының алды болып, ел құрметіне бөленіп келеді. Ол тек 2023 жылы ғана қала тұрғындарынан 27304 телефон қоңырауын қабылдап, тұрмыс-тіршілік мәселесіне байланысты ақпарат беруде адамдардың зор алғысына бөленген. Сол арқылы ол «жылдың ең үздік операторы» деп танылды. Қарлыға Серікбайқызы iKomek109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығында жұмыс істеген кезінде қала әкімдігі мен сала басшылығының 6 құрмет грамотасы мен 3 алғыс хатына ие болыпты. Үздік операторға еңбегіңіз бұдан да жемісті бола берсін деп тілек айттық.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button