Білім

Тәжірибесін ортаға салды

Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінде бастауыш сынып бірлестігі мұғалімдерімен құндылыққа бағытталған білім беру негізінде «Lesson study: теориядан тәжірибеге ізденіс» тақырыбында қалалық семинар өтті. Мақсаты – ынтымақтастық орта құру арқылы сабақты зерттеудегі іс-тәжірибемен бөлісу.

Бұл іс-шараға Астана мектептерінен бірлестік жетекшілері мен жас мамандар қатысты. Семинардың қатысушыларға берері мол болды. Сабақты зерттеуді оқып білгеннен гөрі, тәжірибеде қолданып, бірге жасаған әлдеқайда тиімді екеніне тағы бір көз жеткіздік. Семинарды мектеп директоры Ботагөз Сейдеш ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Б.Болатбек­қызы мектебімізде өтіп жатқан зерттеу жұмыстарымен таныс­тырып, нәтижесімен бөлісті. Әдістемелік орталық әдіскері Нұржамал Әзімбай «Сабақта қолданатын интербелсенді әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы жұмысымен бөлісті. Директордың бейінді ісі жөніндегі меңгерушісі Шайзат Ташенова сабақты зерттеу мектебімізде қалай ұйымдастырылып жат­қаны туралы баяндама жасады. Семинар зерттеу сабақтарын жоспарлаудан басталды. Оған төрт зерттеу тобы қатысты. Әр топ жетекшісі сол күнгі сабақ жоспарын топ мүшелерімен талқылап, топпен бірге бұған дейін енген өзгерістерді сабақ жоспарына қосты. Әріптестер жоспарлаудың барысын көріп, бақылап, түсінбеген сұрақтарына жауап алды. Жоспарлау аяқталғаннан кейін төрт сыныпта зерттеу сабақтары өткізілді. Зерттеу тақырыптарына байланысты өткен зерттеу сабақтары қызықты әрі тартымды болды. Сабақ жоспары топ мүшелерімен бірге жасалғандықтан, дәрісті өткізу мұғалімдерге қиындық әкелген жоқ. Әр сабақ жоғары деңгейде өтті. Зерттеу сабақтары аяқталған соң сабақты талқылау болды. Фасилитатор өткен сабақтың хаттамасын жаза отырып, келесі сабақта нені қалай зерттеу керегін нақтылап отырды. Онда мұғалімдер өткен сабақты егжей-тегжей талқылап, сабақтың сәтті, сәтсіз тұсын ортаға салды және келесі сабақты жоспарлады. Семинар барысында қатысушылар сабақты зерттеудің барлық кезеңіне қатысып, сұрақ қойып, пікірталас жасап, белсенділік танытты. Бастауыш сыныптардағы сегіз зерттеу тобы өз постерін қорғады. Бұл жерде барлық зерттеу тобы өз зерттеу тақырыптарын ашып, талдап, бүгінге дейін жасалған жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Кейін келген қонақтар шеберлік сыныптарға қатысып, тәжірибе алмасты. Шеберлік сыныптарда мектебіміздің зерттеуші ұстаздары өз сабақтарындағы озық тәжірибелерін ортаға салып, зерттеудің қыр-сырымен таныстырды. Осы аралықтарда келген қонақтардан сұхбат алынып, кері байланыс жасалып отырды. Келген ұстаздар семинардан алған инсайттары мен өз кейстеріне өзек етіп алған әдістері туралы әсерін ортаға салды және мектеп ұстаздарына деген жылы лебізін білдірді.

Қорытынды бөлімде әдіс­темелік орталық әдіскері Нұр­жамал Әзімбай ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесін көріп, жоғары бағасын берді. Жоғары деңгейде ұйымдас­тырылған семинардың куәсі болғанын айтып, әріптестерге шығармашылық табыс тіледі.

Дүние жүзіндегі көптеген мұ­ғалім іс-тәжірибесінен тұрақты орын алған оқыту жұмысын ұйымдастыру мен жоспарлаудың негізгі қағидаттарын қолдану орынды да нәтижелі екенін дәлелдейтін фактілер бүгінгі таңда ғылыми-педагогикалық әдебиетте жеткілікті деңгейде кездеседі. Дегенмен осы жұмыс­тарды мұғалім көзбен көріп, бірге бақылап, бірге жасаса, ол әлдеқайда тиімді болмақ. Бірлесе атқарған жұмыстарымыз әрі қарай да жалғасын табады.

Салтанат ЖҮСІПОВА,

Ләззат ӘБДІРОВА,

Әлихан Бөкейхан ­атындағы №76 мектеп-­лицейінің бастауыш сынып ­мұғалімдері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button