Басты ақпаратРуханият

Бір әнді бірі біліп, бірі бұзып…

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап ұлттық рухымызды қалпына келтіруге назар аударып, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған игілікті істер «Рухани жаңғыру» идеясымен сабақтасқан еді. Тек ұлтымыздың телегей-теңіз фольклорлық қазынасын жинақтауда анау-мынау емес, 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясы дүниеге келді. «Ұлы даланың жеті кереметі» аясында «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» жобасын ұсынып отыр.

Жастардың санасын Ба­тыстың даңғаза музыкасы жаулап алған бүгінгі таңда заман ағымына сай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазақтың қара өлеңінің, халық композиторлары әндерінің қадірі қашқаны жайлы бұрын да көп айтылып, жазылып жүр. Бүгінгі әншілеріміз халық әндері мен халық композиторлары халық әндерінің жауһар сөздерін бұрмалап, жүнін жұлған тауықтай етіп тастайтыны жаныңызға батады.

Халық әндерінің қасиеті оның әуенінде ғана емес, сөзіне де жасырынған. Мәселен, «Гауһартас»-тағы: «Анаңнан айналайын сені тапқан», «Бір мысқал»-дағы: «Көтеріп алақанға отырсаң да, салмағы білінбейді бір мысқалдай», «Сұрша қыз»-дағы: «Дария­ның жарға соққан толқынындай, көз сүзген көрінгенге көңіл – арсыз» деген сияқты ғажайып теңеулер ән әуенінің құдіретін одан сайын асқақтатып тұрған жоқ па?! Бірақ «әп-әдемі ән еді, пұшық айтып бүлдіргені болмаса» дегендей, халық әндері мен халық композиторларының ән сөздерін бұрмалап айтып, берекесін қашырып, құнын түсіріп жүрген «әнбұзар» әншілер жайлы сөз қозғала бермейтіні таңдандырады. Бәлкім, мұндай бұрмалауларға мән беретін, сөз қадірін білетін тыңдар құлақтың азайып бара жатқанынан шығар. «Халық композиторларының әндері кезінде хатқа түспегендіктен, сөзінің бұрыс-дұрысын қалай дәлелдейміз?» деген ой да мен сияқты «аузы қышығандарға» тосқауыл болатын шығар. Бірақ халық композиторларының әндері кезінде хатқа түспесе де, кеше ғана өмірден өткен Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Дәнеш Рақышев, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов сынды құйма құлақ, жез таңдай әншілеріміз жеткізген, бүгінде көзі тірі Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев сынды талантты да талғампаз әншілеріміз орындап жүрген нұсқадан үйренсе, шындықтан онша алшақ кетпес еді. Бірақ көп әншінің бұған құлқы жоқ сияқты. Шын мәнінде, халық әндерінің сөзін теріс айтсаң, мағынасы да бұрмаланып, томпақ көрініп тұрады.

Халық әніндегі «Қара тайға жарасар қара терлік,

Ер жігітке жарасар төтен ерлік» деген жолдардың соңғы жолын «жігітке жараспайды төтен ерлік» деп бұрмалап жүрміз. Ер жігіт керісінше төтен ерлігімен көзге түседі емес пе?! Мүмкін «аса қайрат бас жарар» деген мақалға келтіргісі келетін шығар. Онда «жараспайды» емес, «басына тиеді», «пайда әпермейді» деген сияқты айтар еді ғой.

Өлебай Әнетұлының «Дудар-ай» әнінде көптеген әншіміз:

«Дудар-ай, келер болсаң, тезірек кел,

Орныңа өңшең жаман таласып жүр» деп айтады (Сембек Жұмағалиев, Қуаныш Жексенұлы, т. б.). Мәриям Жагорқызына жамандар емес, орыс пен қазақтың небір мықты жігіттері таласқан шығар. Жамандар таласқан қызға ғашық болу – Дүйсендей жігіттің беделіне сын. Әрине, таласып жүрген жігіттер Дүйсенмен салыстырған нашар деп, салыстырмалы түрде түсінуге болар. Әйткенмен бұл жерде басқа ұлт бола тұрып, Мәриямның қазаққа ғашық болуы әннің негізгі идеясы екенін ұмытпайық. Тіпті «орныңа орыс, қазақ» деген тіркестегі «о» дыбысының үндестігі мәтіннің көркемдігін асырып тұрған жоқ па?! (мүмкін әншілер кеңес дәуіріндегі саясат салдарынан орыстарды орыс деуден де қорқып, тайсатып айтқан шығар).

Ал халық әні «Дүние-ай»-дың қа­йырмасын Жанболат пен Жазира, олар ғана емес, көптеген әнші:

«Былтырғы мен биылғы-ай,

Қолда жоқтың қиыны-ай» деп айтып жүр. «Былтырғы мен биылғы-ай» деген жолда не мән бар? Бұл әннің ежелден қалыптасқан, көп әншілер айтатын нұсқасы бойынша 1-жол «Былтыр құлын, биыл тай» дейтіні қайда? «Былтыр құлын, биыл тай» деу 3-4-жолдағы «ұстараның жүзіндей, аударылған дүние-ай» деген жолдардағы ойды сабақтап, заманның өтіп бара жатқанын, кешегі құлынның биыл тай болғанын қисынмен айтып тұрған жоқ па?! Жанна Орынбасарова: «Қызыл құмда ауылым» әнінде: «Оймақ ауыз, күлім көз, құралай қас» деп айтады. Қасты құралайға теңегенді бірінші рет естідік. Дұрысы «Оймақ ауыз, қиғаш қас, құралай көз» ғой.

Өлең деген дүниенің қара сөзден басты айыр­машылығы, басты көркемдігі ұйқаста екенін бәріміз білеміз. «Бәріміз білеміз» деймін, қарапа­йым оқырман емес, әншілеріміздің ән сөзіндегі ұйқасты білмейтіні таңғалдырады. Құдай-ау, ұйқас жоқ болса несі ән сөзі, несі поэзия! Халық әнін айтатын көптеген әнші бірдің басы, бірдің аяғын бұтып-шатып айта береді

«Жігіттер» тобы Тұрымның әні «Керім-ау, айдай»-дағы «Айырды ғой мойныма іліп құрым» деген жолын «мойныма салып құрым» деп айтады. Бұл да қазақ тілінің құрылымын білмейтін әншілердің қарекеті. Әйтпесе қазақ «мойынға құрым салып» деп айтпайды. «Мойнына белбеу салып, Құдайдан тілек тілейді. Ал адамды масқаралағанда құрымды мойнына салмайды, іледі».

Көп әнші халық әндерінде жиі қайталанатын «Көлде жүзген аққудай мамырлаймын» деген жолды «Көлден ұшқан аққудай мамырлаймын» (Гүлмайдан Сүндетова) деп шырқайды. Ұшып бара жатқан аққу қалай мамыр­ламақ? Бірақ онда әншінің шаруасы жоқ сияқты. Мұндай ән арасы «бөтен сөзбен былғанған» қазақы ұғым, қазақы сөз тіркесіне жат сөздер «Сәулем-ай» әнінде де кездеседі. «Сәулем-ай» әнінде көптеген әнші «томағасын сыпырған лашындай, сәулем-ай» деген жолды «томағасын алдырған» деп айтады. Қазақ «томағасын сыпыру, алу» деп айтады. «Алдырған» десе мағынасы өзгеріп кетеді. Тұрақты тіркесті бұзу – қазақ тілін шұбарлаудың бір көрінісі.

Көптеген әншіміз (оның ішінде халық әндерін шырқаудың майталмандарының бірі Клара Төленбаева да бар) халық әні «Ақ дариға»-дағы «Бәйгеден бір ат келер ойнақтаған» деген жолды да «бәйгеден екі ат келер ойнақтаған» деп бұрмалап айтып жүр. Бәйгеден екі ат озып келмейді, бір ат озып келеді ғой. Ол аламан жарыста шалдықпай, ойнақтап, барлық атты артқа тастап келеді.

Халық композиторларының баспа бетінде әрі белгілі әншілердің орындауында дұрыс жеткен әндерінің өзін кей әншілеріміз теріс-қағыс айтады. Мысалы, әнші Нұржан Қалжан әйгілі «Ақмаңдайлым» әніндегі «Қолымды жеткізгендей көкте Күнге» дегенді «Қолымды жеткізгендей Күн мен Айға» десе, әнші Болат Құсайынов Әсет Бейсеуовтің «Ағаларым» әніндегі:

«Қажымас қара нарым,

Кең байтақ даладайын» деген жолдарды «қажымас қара нарым, кең байтақ далаларым» десе, Маржан Арапбаева Шәмшінің «Кешікпей келем деп ең» әніндегі «Ай туып келеді қияқтанып» деген жолды «Ай туып барады қияқтанып» деуіне жол болсын. Ана тілімізде «ай туып барады» деген тіркес жоқ екенін шалқұйрық ақын Мұхтар Шаханов түгіл, қарапайым қазақ біледі. Ал «Қоңыр» тобы Садық Кәрімбаевтың «Ақтамақ» әнінде «Шыға келсең жарқ етіп бұлт астынан» дейді. Қыз бұлт астынан қалай шықпақ? Дұрысы «Шыққан күндей жарқ етіп бұлт астынан». «Саламат» тобы Мұқағалидың сөзіне жазылған «Махаббатты армандаймын» әніндегі «Ақ қаздардың ішінен аққуымды ажырата алмаған сор маңдаймын» деген жолды «Ақ қыздардың ішінен аққуымды ажырата алмаған сор маңдаймын» деп соғады. Ұят-ақ. «Гәкку» телеарнасының бұл әнді күніне он қайта беретіні тіптен сорақы. Сол сияқты патриоттық тамаша бір әндегі (әннің аты есімде жоқ):

«Бұлқынды жүрек, бұлқынды,

Тұлпарлар өрге ұмтылды» деген тамаша жолды көп әншілер:

«Бұлқынды жүрек, бұлқынды,

Тұлпарлар төрге ұмтылды» деп теріс айтып жүр. Тұлпардың төрде не шатағы бар? Бұл тіпті бар-жоғы тұлпарлар сөзін тырнақшаға ала салса, басшылық қызметтегі (төрдегі) ағаларымызды келекелеген ұғым беріп тұр (әнде онсыз да тырнақша білінбейді ғой).

Әншілеріміздің тағы бір қателігі – халық әндері мен халық композиторларының ән сөзінің бір жолын тастап кету немесе өз жанынан сөз қосу. Мысалы, Естайдың атақты «Қорлан» әніндегі:

«Ахау, арман,

Ғұсни, Қорлан,

Екі-ай бағылан,

Екеуі туған екен бір анадан» деген қайырмасындағы «екі-ай бағылан» деген жолды көп әншінің не үшін алып тастайтынына таңғаласыз. Атақты әнші Ақжол Мейірбеков халық әні «Қыздар-ай»-ды айтқанда «Қатарымсың, теңімсің» деген жолдан кейінгі «Етегімсің, жеңімсің» деген жолды тастап кетеді. Мүмкін «етегімсің, жеңімсің» деген анайы естілетіндіктен қашып, сыпайыгершілік танытқаны шығар. Бірақ әзіл ән екенін естен шығар­мауымыз керек еді.

Енді жанына сөз қосатындарға келейік. Ақан серінің «Балқадиша»-сын «Жігіттер» тобының орындауында:

«Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап қара жерді, еңіреп жылағаным» деген жолдарды естігенде қайран әнді қор қылғаны үшін өзіңіздің еңіреп жылағыңыз келеді. Құдай-ау, бір ғасыр бойы айтылып келе жатқан «құс жастық» қайда?! Жарайды, Ақан төсекте жатып жыламаған-ақ болсын, «еңіреп» жылағанына жол болсын. Әйтеуір өзгерткен соң «еңіреп» емес, «өкіріп» деу керек еді. Ал мейлі опера әншілері болсын, мейлі басқалары болсын, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындағанда Әлібек Дінішевтен бастап барлық әнші неге жанынан сөз қосатынын түсінбейсіз. Абайдың өлең туралы өзі айтқандай буын саны бірдей, «айналасы теп-­тегіс, жұмыр келген» «Айттым сәлем, Қаламқас» әніндегі:

«…Сағынғанда сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас,

…Бір өзіңнен басқаға,

Ынтықтығым айтылмас» деген жол­дарға «сағынғанда бір сені ойлап», «бір өзіңнен басқа жанға» деп артық бір буын қосады. Мүмкін опералық әнге тегіс жол келе бермейтін шығар. Онда басқа жанға демей-ақ, «басқаға» сөзін созып (басқа…ааа…ға) неге айтпайды деген ой туады. Ал домбырамен орындаушылар үшін бір буынды жанынан қосу мүлдем қисынсыз сияқты.

Өлең деген дүниенің қара сөзден басты айырмашылығы, басты көркемдігі ұйқаста екенін бәріміз білеміз. «Бәріміз білеміз» деймін, қарапайым оқырман емес, әншілеріміздің ән сөзіндегі ұйқасты білмейтіні таңғалдырады. Құдай-ау, ұйқас жоқ болса несі ән сөзі, несі поэзия! Халық әнін айтатын көптеген әнші бірдің басы, бірдің аяғын бұтып-шатып айта береді. Әсіресе әдетте төрт жолдан тұратын бір шумақтың бастапқы екі жолына келесі шумақтың 3-4-жолын қоса салады. Төртінші жолдың соңындағы ұйқасатын сөз естен шығып кетеді. Негізі, соңғы екі жолын ұмытып қалғанда өлеңдік құрылымды, ұйқас арқылы әрленетін көркемдікті естен шығарып, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп періп өтетін сияқты. Ондай мысалды ондап келтіруге болады. Бәрін тізуді мақаланың көлемі көтермесе де, сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтіре кетейік. Халық әндерін нақышына келтіре орындаумен көпшілік көңілінен шығып жүрген әншілеріміздің бірі Ардақ Балажанованың теледидардан:

«Қарайғанға қараймын қабан ба деп,

Қамшылаймын атымды шабам ба деп,

Жерден алтын тапқандай қуанамын,

Тақияңның төбесі көрінгенде» деп шырқағанын естідік. Бір сөзді өзгертіп айтса бір сәрі ғой. Танымал әншінің бірінші шумақтың 1-2 жолынан кейін екінші шумақтың 3-4 шумағын тіркеп айтқанына жол болсын. Сонда ұйқас қайда қалады? Дұрысы:

«Қарайғанға қараймын қабан ба деп,

Қамшылаймын атымды ­шабам ба деп,

Өткеннен де сұраймын, кеткеннен де,

Қалқатайдың ауылы аман ба деп».

Ардақ айтқан 4-жол «Тақияңның төбесі көрінгенде»-нің 1-жолы: «Бойым байсал тартады ерінгенде».

Сол сияқты халық әні «Бурыл тайдың» бірінші шумағын Шаһизада Әбілов былай орындайды:

«Таңбасы жоқ, ені жоқ бурыл тайдың,

Сағасы өткел бермейді терең сайдың,

Құба жонға шоқытып, шыға келсем,

Қалқатайдың ауылы кеткен қайда?». Қалқатайдың ауылы қайда кеткенін Құдай білсін, ұйқас қайда? Ән сөзінің мәтіні былай:

«Таңбасы жоқ, ені жоқ бурыл тайдың,

Сағасы өткел бермейді терең сайдың,

Құба жонға шоқытып, шыға келсем,

Жұрты жатыр, ауылы жоқ қал­қатайдың.

Қамшы бастым асығып бурыл тайға,

Өткел бермей тоқтатқан терең сай ма?

Жұрт жаңғыртып орнынан бір күн түнеп,

Қалқатайдың ауылы кеткен қайда?»

Әйгілі әншілеріміздің бірі Майра Ілиясованың концерт сайын айтатын сүйікті әні (әрине, халық та сүйіп тыңдайды) осы «Бурыл тайдың» бірінші шумағын:

«Ені жоқ, таңбасы жоқ бурыл тайдың,

Сағасы өткел бермейді терең сайдың,

Құба жонға шоқытып, шыға келсем,

Өзі жоқ, жұрты жатыр қалқатайдың» деп айтады. Ауылы көшіп кеткенде қалқатай (қыз) жұртта қалмайды ғой.

Ал кей әншілеріміз әннің шумағын ауыстырмағанмен, ұйқаста тұрған сөздің орнын ауыстырып алады.

Ән сөзінің дұрыстығы жайлы бір хабарға қатысқан Рауан Әбілов деген жас әншінің:

«Тоқтуадақ дегенде тоқтуадақ,

Тоқтуадақ жайылар көк қуалап,

Сен есіме түскенде, беу, қарағым,

Жата алмадым төсекке төрт домалап» деген халық әнінің ұйқаста тұрған «төрт домалап» тіркесін жолдың басына келтіріп, «Төрт домалап орнымнан тұра алмадым» деп не ұйқассыз, не мағынасыз бұрмалағанын тыңдап отырған өнер шеберлерінің ештеңе демегені қынжылтқан еді.

Қазақтың халық әні «Сары жез құман-ай»-дың қайырмасын әншілеріміз түгелге жуық:

«Сары жез құман-ай,

Отта тұрғаны-ай,

Көзіңнен айналайын,

Ашып-жұмған-ай» деп айтып жүр. Осы «көзіңді ашып-жұмған-ай» деген жолда бір шикіліктің бар екені айдан анық. Өйткені қазақ ұғымында көзін ашып-жұму деген сөздің баламасы «жыпық» қой. Жыпық сұлулықтың белгісі емес, жыпық қызды сұлу деп қалай айтпақпыз? Шынында солай болды. Аты кім екенін білмеймін, радиодан бір әншінің:

«Сары жез құман-ай,

Отта тұрғаны-ай,

Көзіңнен айналайын,

Ақыл тұнғаны-ай» деп орындағанын естідім. Қандай асыл сөз, қандай сұлу теңеу, қандай берік ұйқас! Кезінде бір әнші сөзін ұмытып қалғанда ұйқас­тырып, «көзіңнен айналайын ашып-жұмған-ай» деп айта салды да, халық арасына осылай тарап кеткен ғой.

Міне, осылайша бұл күндері әннен әр кетті. Көптеген «жұлдыз» әншілеріміздің өздері халық әндері мен халық композиторларының әуенінде де, сөзінде де бір мін жоқ қайран асыл әндерінің сөзінің сиқын кетіріп, сәнін қашырып жүр.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,

журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button