Басты ақпаратДенсаулық

Ауруын жасырғанның ақыры жаман

Астана қаласындағы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы – консультативтік, диагностикалық, емдік-профилактикалық көмек көрсететін, сондай-ақ АИТВ-пен өмір сүретін адамдарға диспансерлік бақылауды қамтамасыз ететін арнайы денсаулық сақтау мекемесі. Орталықтың қызметі адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясының таралуын барынша шектеуге және АИТВ жұқтырған және ЖИТС-пен ауыратындарға көмек көрсетуге бағытталған. Осы мекеменің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің эпидемио­лог дәрігері Айгүл Идрисовамен жолығып, кеселдің таралуы мен әлеуметтік астарына үңілуге әрекет жасаған.

– Бұрындары адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) нашақорлар мен жеңіл жүрісті жезөкшелердің, одан қалды белгілі бір тұрағы жоқ қаңғыбас адамдар арасында таралатын ауру деуші едік. Негізі кеселдің ең қатерлі екені өзі алдына, алдымен қорқыныш пен үрей үйіретіні неліктен?

– Эпидемия алғаш рет адам бойында табылғалы, бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы болатын, одан бері әлемде көп нәрсе өзгерді. Сонымен бірге, елімізде де АИТВ /ЖИТС қаупін тану мен түсінуде оң үрдіс бар екені сөзсіз. Бастапқыда бұл тек қана таза медициналық проблема ретінде қоғам назарынан тыс қаралса, заман өзгеруіне қарай, әлеуметтік тұстарына мән беріп, ағартушылық жұмыстарын жүргізу аса маңызды болып отыр. Алайда алғашқы күндерден бастап қоғамға шығарып, бұл мәселе туралы барынша ашып айтқан жоқпыз. АИТВ инфекция­сының таралуына жол бермеу тұрғысынан біршама уақыт жоғалтқанын мойындау керек.

Қоғамда қалыптасқан біржақты көзқарастың салдарынан, сондай-ақ жағдайды терең білмегендіктен осы аурудың айналасында қорқынышты аңыздар мен мифтер пайда болып, көпшілікке ауру туралы қате түсініктер таңылуда. Бұл мәселені білмеушілік кеселдің таралуына алып келеді және осы аурумен ауыратындардың өмірін айтарлықтай қиындатады.

Егер ғылыми тілмен түсіндіргенде, АИТВ/ЖИТС – патогендік микробтарға қарсы қорғаныссыз организмнің иммундық жүйесінің терең бұзылуымен қауқарсыз қалатын адамның вирустық инфекциясы. Негізі инфекция адам ағзасына енген сәтінен бастап ағзаның иммундық жүйесіне шабуылын бастайды. Күндердің күнінде ағза әлсіреп, вирус кеулеп болғанда жай тұмаудың соңы да қатерге алып келеді. ЖИТС – адамның иммун тапшылығы вирусынан созылмалы инфекцияның соңғы кезеңі.

2023 жылдың 12 айында Астана қаласында АИТВ инфекциясының 403 жағдайы тіркелді. Барлық анықталған жағдайлардың 64,7%-ы 20-39 жас аралығындағы халыққа тиесілі. 3107 науқастың иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) анықталған

АИТВ инфекциясының емі жоқ, тіпті қалай емдеуді білмей дағдарған кезде адамдар тез өліп кетті. Ал қазіргі күнде дәрілер табылды. Дегенмен, антиретровирустық препараттармен емдеу арқылы вирусты бақылауға болады. Қазіргі дәрілер адам бойындағы инфекцияны, қарапайым тілмен айтқанда, «ұйықтатып» тастайды, бірақ жойып жібермейді. Сондықтан да өмір бойына дәрі ішуін қажет етеді.

– Жынысына, жасына, ұлтына, бай-дәулетіне немесе әлеуметтік топқа мүшелігіне қарамастан кез келген адам вирусты жұқтыруы қаупі бар дедіңіз. Оның адамнан адамға жұғу жолдарын айтсаңыз.

– Расында бұл ауру АИТВ инфекциясы деп айтамыз ғой, адамның тұрмыс жағдайына, әйел-еркек, бала демейді. Кез келген адам жұқтырып, кеселге тап болуы мүмкін. Бірақ, ауру жыныстық қатынас арқылы беріледі десек те, бұл вирустың таралуының жалғыз жолы емес. Сонда да жыныстық қатынас арқылы көбірек таралатынын статистика көрсетіп отыр. Қазақы менталитетімізден бе, күнделікті тұрмыста кейбір жайттардың түрін түстеп, ашық айта бермейміз. Сонда да «қорғалмаған жыныстық қатынас» деген атауды қолданып, вирустың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіргім келеді. Яғни, мүшеқапсыз, білмейтін, танымайтын кездейсоқ адамдармен жыныстық қатынасқа түскен жағдайда қатер деңгейі артады. АИТВ инфекциясының жаман жері егер адамның иммунитеті мықты болса, нақты білінбейді. Ауру жұқтырған адам да біраз уақытқа дейін алаңсыз өмір сүреді. Қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы жан-жағына жұқтырып жүре береді. Адамның сырт келбетіне қарап та анықтай алмайсыз. Тіпті қатардағы жай қан тапсыру кезінде де анықталмайды. Оның қасында белгілері бірден білінетін мерез тағы басқа жыныстық жұқпалы аурулардан емделу үшін қан тапсырса да, қатерлі инфекцияны көрсетпейді. Сол себепті қанды арнайы талдайтын зертханаға тапсыруы тиіс. Ол бізде тегін. Адам табиғаты солай ма, адам ешқашан өздігімен келіп қан тапсырып, талдау жасатпайды. Осындай инфекция анықталғанда көздерінің жасын көл етіп, бұрындары қан тапсырғанмын, бұрында талдау жасатқанмын, неге сонда ертерек білмеді деп жатады. Әрине, өткен уақытты кері қайтара алмайсың, ол тапсырған талдау­лар басқа науқастың құрамын анықтайды.

Бұл ретте азаматтарға донор есебінде қан тапсырудың маңыз­дылығын еске салғым келеді. Егер өзіңіздің ойыңызда сәл де болса күмән туса, бұл – қолайлы мүмкіндік. Ондай орталыққа қан тапсырғанда міндетті түрде қан құрамының барлық инфекциясына талдау жасалынады. Егер АИТВ анықталса, міндетті түрде біздің орталыққа жібереді.

– Алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда былтыр нау­қастар 34 адамға көп анықталыпты. Бұл аурудың жыл сайын көбейіп келетіні алаңдатады.

– Науқасы анықталғандарды 100 пайыздық шамамен алғанда 65 пайызы 20-39 жас аралығында, ең көбі осы жастардың арасында анықталып тұр. Бұл – адамның табиғи жаратылысы бойынша барлық жағынан да белсенді кезі. Жастық желікпен де, қырыққа жақындағанда қылық шығарып аңғалдықпен ағаттық жасайтындардың кезеңі деп те қарауға болады. Орта жастағылардың да отбасы құралып, балалы-шағалы болып, қызметі, жағдайы да жақсарған кезі. Меніңше, адамдар аз ақпараттандырылып, білместіктен болған жайт екенін ескеруіміз керек.

Рас, қазір вирустың инфекция арқылы таралатын түрі азайып келеді. Бірақ қазір жағдай өзгерген. Ине арқылы егілетін есірткі қолданатындар азайып, орнына түрлі синтетикалық есірткі түрлерін қолданатындар көбейіп кетті. Есірткінің бір түрі «химиялық секс» деп те аталады. Оны қолданған адамдар, жыныстық қатынас­тарға түскісі келіп, нәпсісін қанағаттандырмайынша тыныштанбайды. Естіркінің уыты қайтқанда адам не істеп, не қойғанын түсінбейді. Естерінде ештеңе қалмайды. Бұл – осы инфекцияны жұқтырғандардың бәріне тән ортақ көрініс.

Біздер жоспар бойынша әртүрлі семинар, кездесулер өткіземіз. Елорданың адамдар көп жиналатын ірі сауда орталықтарында ағартушылық іс-шараларын жүргіземіз. Кейбір ортада сөзімізді ерсі көріп, елемеуге тырысатындар бар. Бірақ біздер мұндай қатердің барын білген соң айтамыз. Адам өзін-өзі қорғауы керек. Дегенмен, жүктілік кезінде ағзасынан АИТВ анықталған жас келіншектерді аяймын. Мысалға делік, үлгілі отбасында өскен, өте тәрбиелі бойжеткен жақсы жігітпен танысып, кездеседі. Ол да үлгілі отбасында өскен. Біріне бірі жарасып тұр. Білімді, жақсы жұмысы бар, табысы тәуір. Екеуі отау құрып, екі-үш айда келіншектің бойына бала бітеді. Емханаға тіркеліп, қан тапсырған кезде АИТВ анықталады. Қыздай тиген келіншекті қалай жазғырасыз, жігіттің де қанын тексерсе, ол да ауруға шалдыққан. Кезінде бір теріс қадам жасап болашағын кескен. Өзінің кездейсоқ жыныстық қатынастан инфекция жұқтыр­ғанын білмей жүріп адал қызға үйленіп, оның өмірін қайғыға салды. Бойға біткен кішкентай баланың тағдыры не болмақ?!

Соңғы екі жылдың көлемінде ғана екіқабат әйелдерді емханаға есепке алатын кезде өзін және баланың әкесіне де вирусқа қарсы талдау жүргізетін болды. Меніңше, жастар некеге отырар алдында да осы процедурадан өтуін қадағалайтын заңға өзгеріс керек. Дұрысы алдын алған. Қазіргі замандағы моральдің құлдыраған кезінде тәртіпті қатайтпаса, нағыз кемел шағында қайғы жұтып, қан құсып өтетіндердің қатары көбейетін болады.

Тек қана жастар ма? Менің тәжірибемде он жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп жатқан, отбасында үш баласы бар ер-азаматтың басында да осындай жағдай өтті. Әйелінің денсаулығы нашарлап, ауруханаға түседі. Квотамен емделетін кезде міндетті түрде АИТВ/ЖИТС вирусына талдау жасалады. Сұрастыра келе себебін анықтадық. Әзірге отағасына қырынатын заттарыңызды үйдегі ержетіп қалған ұлдардан бөлек ұстаңыз дедік. Өздері күйзелістен шыққан кезде баларымен де ашық әңгіме болады деп ойлаймын.

– Бұл – мәселенің бір ұш­тығы ғана. Қазірдің өзінде дүниеде АИТВ жұқтырған миллиондаған адам тіркеліп, 200 мыңнан астам адам аурудан өлді, әрбір бес минут сайын бір адам жұқтырып жатады деп айтылады екен. Қалай мұның алдын алуға болады деп тағы да қайталап сұрағым келеді.

– Бұл ауыр экономикалық проблема болып табылады. Науқастарды және жұқтырған адамдарды күту және емдеу, диагностикалық және емдік препараттарды әзірлеу және өндіру, іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізу қазірдің өзінде миллиардтаған долларлық инвестицияны қажет етеді. Ал аурудың таралу қаупін азайту үшін адамдардың барлығы мүмкіндігінше кесел туралы сенімді ғылыми ақпаратқа қол жеткізуі керек. Аурудың дамуы мен клиникалық көрінісі, оның алдын алу және емдеу туралы, науқасты күту, науқастар мен жұқтырған адамдарды психотерапия, олардың өмірін ұзарту, әлеуметтік кедергілерден өту, науқастардың бейімделу және қайта әлеуметтену шаралары ашық айтылғаны, қоғамда талқыланғаны абзал.
Ауруға да, ауру емеске де биік мораль керек. Адамгершілік сақталған қоғам иммунитет тапшылығын жеңе алады, ал моральдық кемшілігі бар қоғам жойылады. Меніңше, табиғат тағы да адамзаттың рухани-адамгершілік төзімділігін сынап жатыр, ал адамдар бұл қиын сынақтарға бірігіп, төтеп беруі керек. Болмаса, іштей шіріп, жастай кетіп жатқанын көріп жүрміз.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button