Басты ақпаратЕл тынысы

Алғыс – жүрек аманаты

Бір жапырақ нанын бөліп берген...

 «Қазақтың ұлы даласы мен халқына, сталиндік қуғын-сүргіннің қиын жылдарында бізді кеудемізден итермей, достық қолын созғаны үшін рақмет деп айтудан жалықпаймыз. Біз қазақ халқының мейі­рімділігі мен жомарттығын ешқашан ұмытпаймыз. Сондай-ақ мұны келешек ұрпақтарымызға да айтып отырамыз» дейді Алғыс айту күні ет жүрегі елжіреген, бүгінгі таңда 87 жасқа толып отырған «Вайнах» шешен-ингуш этнобірлестігінің төрағасы Салман Героев.

– Сол кездегі жеті жасар бала менің жантүршігерлік оқиғалар көз алдымнан өтті.1944 жылы ақпанның 23-і күні таңғы сағат 5-те ауылдағы шешендер мен ингуштердің пәтерлеріне қаруланған сарбаздар мен офицерлер кірді. Олар тұрғындарға заттарын жинап, көшке дайындалуға 15 минут ғана уақыт берді. Барлығына тек қол жүктерін алуға рұқсат етілді. Бас-аяғы 4 сағат ішінде барлық халық мал тиейтін вагондарға тиеліп, шығысқа аттанды. Мұнда қарттар, әйелдер және мен сияқты көптеген балалар да болды. Вагондардағы қарулы күзетшілердің қатаң бақылауында болған олар қайда бара жатқанынан бейхабар еді.

Жүз сексен вагонға тиеген олардың ішінде 493269 шешен және ингуш ұлты болған. Жолда 1272 адам қайтыс болды. Бұдан бөлек, 50 адам түрлі қарсылық танытқаны үшін, алып келе жатқан күзетшілердің қолынан қаза тапты. Сондай-ақ алғашқы уақытта жаңа климаттық жағдайларға бейімделмеген мыңдаған адам аштықтан, суықтан және түрлі аурудан көз жұмды.

Бізді қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Шешендер мен ингуштер мұсылман дінін ұстанды. Сонымен қоса, олар қазақтар секілді еңбекқор болды. Келген кезде қарттар мен балалар жергілікті қазақтармен тез достасып кетті.

Тіпті қос ұлт пен қазақтар арасында дәстүр бойынша жақындастық та пайда болды. Уақыт өткен сайын вайнахтар бірте-бірте жаңа Отанына үйрене бастады. Біз қазақ жерінде өз мәдениетіміз бен терең тарихи салт-дәстүрімізді сақтап отырмыз.

Қиын-қыстау заманда қазақ халқы елге келгендердің ешқайсысын шеттетпеді. Оларды бауырына басты және бір жапырақ нанды бөлісіп жеді. 

 Сол үшін қазақ халқын құрметтейміз. Жаппай қоныс аудару кезінде осындай мей­і­рімнің арқасында вайнах халқының жартысы өлімнен аман қалды.

Салман Героев,

«Вайнах» шешен-ингуш

этно­бірлестігінің төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button