Сараптама

Ұлттық киім күнін белгілейік

Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Басқа киімдерді айтпағанда, бір ғана бас киімнің қазақ халқында 20-дан астам түрі бар. Бүгінде ұлттық киім өзімізде ғана емес, өзге елдерде де кеңінен ұлықталу үстінде. Әлеуметтік желіде Қытайда қазақ жігітінің ұлттық киіммен көшеде жүріп елдің назарына түскен видеосы 5 миллионға жуық қаралым жинап, халықтың ыстық ықыласына бөленген.

Елде ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждермен, акциялармен ғана шектелуде. Соңғы уақытта жалпы халық арасында «Ұлттық сезім» жалпы­ұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Акцияны зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу орда­лары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер қатары көбейді. Осы акцияны бастаған азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Ұлттық киім мәдени майданның негізгі қаруы, халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек, бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды.

«Ұлттық киімдерді тек Наурызда ғана емес, жай күндері де жиі киіп жүруіміз керек» деп Президентіміз де үндеу тас­таған еді. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурыз­бен, бір реттік шаралармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет. Мәселен, бауырлас қырғыз халқы басынан айыр қалпағын тастамайды. Соған қарап-ақ оның қырғыз екенін жазбай танисың. Тіпті Жоғарғы Кенештің өзінде депутаттары айыр қалпағын киіп отырады. Ол қала берді ұлттық киімдерін сақтау мақсатында 5 наурызды Айыр қалпақ күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Мұндай күн тек Қырғызстанда ғана емес, әлемнің Бразилия, Испания, Шотландия, Жапония сынды алпауыт елдерінде бар. Көршілес өзбек халқы да ала тақия­сы мен шапанын күнделікті киеді. Сол секілді шешен халқы да елтірі бөрігімен ерекшеленеді.

Біз де өз ұлттық киімімізді өзіміз киюді сәнге айналдырмасақ, біртіндеп оларды басқалар иемденіп кетуі мүмкін. Соңында шапанымыздан айырылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық. Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, Үкіметке мынадай іс-шараларды қолға алуды ұсынамын:

Біріншіден, ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді.

Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қыз­меткерлерінің киімдеріне қазақи ою-өрнек элементтерін қосу.

Үшіншіден, ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарға, ұлттық киім кәсібіне басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру.

Төртіншіден, мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу әрі халықаралық түрлі жарыстарға (ғылыми олимпиада, спорт) баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақыш бейнелеу.

Дәулет МҰҚАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button