Ел тынысы

Менің әжем

Мен бабам Дәулетбектен бір ғасыр кейін дүниеге келіппін. Бізге арнап Еркін атам «Бір ғасыр» деген естелік кітап шығарды. Бабам ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі заманында дүниеге келсе, мен ХХІ ғасырда – қазақ халқы аңсаған егемендіктің алғашқы жылдарында дүние есігін ашыппын.

Өзімді «әжемнің баласымын» деп айта аламын. Олай дейтінім, 4-сыныпты бітіргенше әжем Хамила Құлбекқызының қамқорлығында болдым. Әрине, кішкентай кезімді онша біле қоймаймын. Бірақ анам Ләйләнің айтуынша, әжем анама жас сәбиді қалай шомылдырып, тамақтандырып, әлпештеуді үйрете отырып, мені өз қамқорлығына алыпты. Өйткені әжем – алты бала тәрбиелеп өсірген ардақты жан. Бәрі де жоғары білім алып, отбасын құрып, халқына адал қызмет атқарып жүрген жандар. Онымен қоса, мен ұл баладан туған бірінші ұрпағының жалғасы екенмін. Алдымен өз балаларын, артынша немерелерін мектепке дайындаған асыл әжем – 52 жыл ұстаз болған кісі, «Күміс алқа», «Білім саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері.

Әжем Хамила мені математика пәнін сүюге қалай бейімдегені әлі есімде. Математикаға қатысты кітаптарды маған оқып, түсіндіріп отыратын. Осы күнге дейін есімде қалғаны – көбейту кестесін үйреткені. Кестенің кез келген жерінен сұрақ қойып, жауап бере алмасам, есте сақтаудың әдісін үйретеді. Осылайша математикаға ынтам арта бастады. Бастауыш сыныпты бітірген соң республикалық физика-математика мектебіне оқуға түстім.

Әжем өз немере, шөберелерін ғана емес, бір кездері өзі сабақ берген шәкірттерін де ерекше жақсы көреді. Бірде маған мектеппен қоштасарда оқушылары жазған хатын көрсетті. Жас ұстаздарға да қамқоршы болыпты.

Алда келе жатқан 8 наурыз мерекесі қарсаңында әжемді құттықтай отырып, бір ауыз өлең арнап едім:

Туған жер, асыл әжем, бесік жырым,

Өзіңде өтіп еді сәби кезім.

Ең алғаш тәй-тәй басып жүргенімде,

Көтеріп, демедің ғой мені өзің.

Ибраһим ЕРКІН,

Астана қаласындағы ­республикалық физика-­математика ­мектебінің 8-сынып оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button