Басты ақпаратҚоғам

Кеудесі алтын сандық аға еді…

Осы бір көп сөйлемей, көп тыңдайтын жігіт ағасын алғаш кездестіргенде түсіне алмай жүрдім. Сенің айтқан сөзіңді ұната ма, ұнатпай ма, тыңдап отыр ма, жоқ па, белгісіз. Жүзінен ешнәрсе оқи алмайсың, ешқандай эмоция білінбейді. Көп тыңдайды, аз сөйлейді, бірақ саз сөйлейді. Мен Ақтөбе облысында біраз жыл қызмет етіп елге келгенімде, Сағындық аға Қыдыров аудандық электр желілері мекемесінің басшысы екен. Мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының құрылыс бөліміне орналастым, аудандағы жиналыстарда жиі кездесіп қаламыз.

Кейін сұрастырып білсем, ол кісі біздің Қызылқұм (Отырар) ауданындағы тұңғыш жоғары білімді энергетик екен. Сағындық аға кешегі сұрапыл соғыс қарсаңында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Іңгәлаған сәби шағынан қазыналы қарттығына дейін кіндік кескен жерінен мүлдем ажырамаған ағамыздың тағдыр-талайы да, дәм-тұзы да, бақытты да бақуатты өмірі де туған топырағымен біте қайнасып жатыр. Бабалары сонау бір заманда Кенесары жасағына еріп Арқадан Сыр бойына келіп, орнығып қалып қойған деп өзі әңгімелеп отырушы еді.

1957 жылы Арыстағы орта мектепті үздік бітіріп, арман қуып, Ташкенттегі Орта Азия политехника институтына энергетика мамандығы бойынша оқуға түседі. Бес жылдан кейін оқуын қызыл дипломмен аяқтап, еңбек жолын Самарқандағы Орта Азия газ магистралінен бастайды. Екі жылдан кейін жас маман Шымкенттегі ғана емес, Одақтағы алып өндіріс – фосфор зауытына подстанция басшысы болып ауысады. Білікті маманға тез арада қала орталығынан пәтер беріледі. Ол жерде тәп-тәуір қызмет істеп жүре беруіне болар еді. Бірақ ауылда тұратын қартайған әке-шешесінің жай-күйі ой-санасынан кетпей, оның үстіне туған жерінде мүмкіндік бола тұра, білікті мамандар жетіспегендіктен, біртұтас электр желісі қосылмай тұрғаны, үлкен ауылдардың өзі дизель моторымен сағаттап қана жарық жағып отырғаны да қабырғасына батып, Шәуілдірге жұмысын ауыстырып, Ақтөбедегі ата-анасын қолына көшіріп алды. Ол кезеңде Отырар ауданында энергетика саласы енді ғана қарқын ала бастаған-ды. Сағындық аға аудандағы ең алғашқы жоғары білімді инженер-­энергетик маман болып, осы саланың дамып-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын, шалғайдағы малшы ауылға дейін жарық жеткізгенін отырарлықтар ешқашан ұмытпайды. Он жылдан астам жемісті басшылық жасаған аудандық электр желілері мекемесін қуатты, үлкен ұжымға айналдырды. Тұңғыш ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбеков осы өңірде канал қаздырып, тіршілік нәрін әкелсе, Сағындық Қыдыр электр желісін тартып, жарық пен жайлылық жеткізді деп айтады жерлестері.

Осыдан бір жыл бұрын, 85 жасқа қараған шағында фәниден бақиға аттанған ел ардақтысы – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы Сағындық Қыдырұлы ағамыздың сан түрлі қыры бізді таңғалдырады. Тарихқа аты ойып жазылған киелі Отырар жерінің тарихы мен этнографиясын зерттеуге елеу­лі үлес қосқан қаламгердің жазу мен ойлау қуаты да айрықша еді

Ол кісі 1981-1996 жылдар аралығында Шәуілдірдегі 300-ден астам қызметкері, 150-ден астам көлігі бар ең ірі мекемені табысты басқарды. Заман талабына сай үлкен мекеменің меншік түрі өзгергенде де әділетті шешім қабылдануына ұйытқы болды. Сол жерден зейнет демалысына шықты. Зейнеткер атанған соң қарап отырмай шаруа қожалығын ашып, оның жұмысын жемісті жүргізді, біраз жастарды фермерлікке баулыды. Сонымен қатар елдегі рухани-қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, қасиетті Отырар өңірінің тарихы, этнографиясы, әдебиеті, өнері және тұтастай алғанда мәдениетін өркендетуге қажыр-қайратын, күш-жігерін аямай жұмсады. Отырар өңірінің шежіресіне, тасада қалған тұлғаларына қатысты тың деректерді мерзімді басылымдарда үзбей, тұрақты түрде жариялап отырды.

Осыдан бір жыл бұрын, 85 жасқа қараған шағында фәниден бақиға аттанған ел ардақтысы – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы Сағындық Қыдыр­ұлы ағамыздың сан түрлі қыры бізді таңғалдырады. Тарихқа аты ойып жазылған киелі Отырар жерінің тарихы мен этнографиясын зерттеуге елеулі үлес қосқан қаламгердің жазу мен ойлау қуаты да айрықша еді. 2020 жылы жарық көрген «Өмір өткелдері» және 2023 жылы басылып шыққан «Асулар» атты екі кітабы – осының нақты дәлелі. Соңында қалған қолжазба мұрасын жинақтап, ұрпақтары тағы бір кітапты баспаға тапсырыпты. Ең бастысы, Отырар өңірінің кешегі қызыл империя тұсында айтылмай, тасада қалып ақтаңдақтарға айналған оқиғалары мен тұлғалары туралы зерттеулерін, өзінің өмір жолында кездескен бірегей жандардың шынайы тағдырын, шағын ауылдар шежіресін, онымен қоса әңгіме, эссе, естеліктерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды.

Жылдар өтіп, мен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланғанымда, Сәкең аудандық автобаза мекемесінің директоры екен. Сол кезден бастап тығыз, етене жақын қызметтес болдық. Әсіресе күзде жүгері жинау науқаны басталғанда күн-түн демей, бірге жүруге тура келді. Мінезі қарапайым болғанмен, жұмысқа қатал, тәртіп орната білетін, адал жүретін, өте пайымды басшы болды. Қатар жүрген оншақты жылда автобазада артық әңгіме, ұжымдағы түсініспеушілік, кемшілік, дау-дамай мекемеден тыс жерге естілген емес. Ол – басшының ұжыммен толыққанды түсіністік орната білгені, басшылық қасиетінің жоғарғы деңгейде болғаны.

Мен ойлайтынмын құрылыста қазақтың қопалдау теңеуі бар, «дардан қашқандар» дейтін, солар істейді бірен-саран болса да деп. Жүгері науқаны кезінде облыстан жоғары тонналық 40-50 автомашина көмекке келеді. Басы-қасында жүреміз Сәкеңмен бірге. Бір күні айттым Сәкеңе: «бұл автобаза мекемесінде дардан машинамен қашатындар істей ме, мынау не пәле?» дегенімде, Сәкең сәл жымия күліп: «Шәке, олар машинамен жүрген соң, енді жаяу қаша ма?» деп қарап тұр. Ашуланып тұрған басым, еріксіз күліп жібердім. Ешуақытта қарамағындағы қызметкерге дауыс көтеріп сөйлегенін көрмеппін. Тағы бір байқағаным, облыстан келген 40-50 автомашинамен жұмыс ұйымдастыру да оңайлыққа түспеді. Кейде мен шыдай алмай ашулана бастасам, «Шәке, мен өзімізше сөйлесейін» деп басшыларын оңаша алып кетеді де, мәселені оңынан шешеді. Бір күні оңашада маған айтып «қонақ шоферлердің қарны ашыңқырап жүрген сияқты, совхоз директорымен сөйлесейін» деді. Сәкең өзінің директормен сөйлескені жеңілдеу бола ма, сіз сөйлескеніңіз дұрыс па дегенді тікелей айтпастан, астарлап, қазақи дәстүрмен маған жеткізіп тұр. Не деген дипломатия! Жасым кіші болса да, қызметімді сыйлап, маған өнеге, ұлағат көрсетіп тұр.

Совхоз директоры ­Әлмахан Қошаманов аңқылдаған таза қазақи көңілдегі, кеңпейіл жігіт еді. Біраздан соң келді. Мен Сәкеңнің салған жолымен директор мырзаға «мына қонақ жігіттер қалай істеп жатыр, тасымалдап үлгеріп жатыр ма?» деп едім. «Шәке, бәрі дұрыс, мен түсіндім, қонақжайлылығымызды ол жігіттерге көрсетеміз» деді. Сол күні түн жарымында бір қойын сойып, таңға жақын тасымал біткен соң, шоферлерді қонақ етіп күтті, ертеңінде бәрі көңілді, «жұмыс бар ма, жүгері қайда таситын?» деп жұлқынып тұр. Бұл да жұмыстың әдісін тапқаны, оның үстіне қонақжайлылық арқылы қазақи рухты көтеруге үлес қосқаны. Күндегідей емес, түнгі 3-4-тер шамасында жүгері тасылып бітті. Обалы не керек, совхоз директоры оншақты күнде бір рет қонақтарды күтіп, жұмыс қарқыны арта бастады. Кейіннен жүгері жинау науқанын сырттан көмек шақырмай-ақ Сәкең басқаратын автобаза күшімен атқаратын күнге де жеттік.

Сағындық ағаның қазақи, адами қасиеті де өте жоғары еді. Мынадай бір жағдай орын алды. Менің бір сыныптас досым жас кезінде өмірден өз орнын таба алмай, соққы жеп мазасы болмай жүрді. Сол жігітті Сәкең жүргізуші етіп алып, тәрбиеледі. Ретін тауып, түзу жолға сала білді. Бір күні маған досым келіп тұр. «Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, бюро мүшесісің, яғни толыққанды аудан басшыларының бірісің. Маған өкім шығарып бер, Қыдыровқа тапсыр, менің айдауымдағы автомашинаны кешке гаражға қоюдан босат» дейді. «Досым-ау, ол мекеменің ішкі тәртібі бар, оған араласуға менің құқығым жоқ, бұл қызмет бабын асыра пайдалануға жатпай ма? Бұл қылмыс қой» десем, түсінгісі келмейді. «Онда мен баяғы жолыма түсемін» деп қорқытады. «Мен қазір С.Қыдыровпен сөйлесейін, босатады» десем, «ол айтқаның әрі кетсе бір аптаға жетеді, сосын машинаны қайта гаражға қамайды» дейді.

Содан тәуекел деп, өкім жазып, қол қойып, досымның қолына бердім. Ол кешке келді «рақмет, машина астымда» деп. Мен қалай бердің, не болды десем, мен директорға кірсем, кадр бөлімі басшысы екеуі отыр екен, алдына өкімді қойсам, оқыды, сосын «бұлар сыныптастарымен кезінде тентек болған деуші еді, сол рас екен» деді де, қағазды сейфке салып тастады, қасындағы қызметкер бұл не деп сұрап еді, бір кісінің маған жазған хаты деді. Мен түсініп, «ух» дедім, Сәке аға бірнеше күннен соң әлгі өкімімді маған өзі әкеліп берді, не деген азаматтық, не деген қамқорлық! Досымның көңілін қимай әзірлеген әлгі қағаз тысқары жаққа шығып кетсе, менің тағдырым не болар еді?.. Осындай жаны жайсаң, кісілік пен кішілік қатар дарыған жігіттердің арқасында қазақи, адами құндылықтарды сақтап келе жатқанымыз. Алла Тағала ұрпақтарына осы бір асыл қасиеттерін сақтауды нығмет етсін, сонда қазақи рух сақтала береді.

 Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button