Сараптама

Киберқауіпсіздік – мемлекет қалқаны

Киберқауіпсіздік күллі әлем үшін аса маңызды мәселеге айналып отыр. Себебі технология қарыштап дамыған сайын хакерлер жеке адамдардың деректеріне ғана емес, ірі компаниялар мен ресми органдардың сайттарына да шабуыл жасай бастады. Бұл ретте Қазақстан да киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуда. Киберқауіпсіздікті нығайту, алаяқтардан қорғану – ел тыныштығын сақтауда аса маңызды.

Алаяққа тұсау бар, егер уақытында хабарласа…

Деректер қауіпсіздігіне төнетін қауіп – азаматтардың ғана емес, мемлекет қауіпсіздігіне жасалған шабуыл. Сондықтан, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік) – электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қауіптерден қорғалу жағдайын қамтамасыз ету, маңызды сала.

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Сүйінбай. «Шағым бойынша тексересіздер ме?» деген сауа­лымызға сарапшы былай жауап берді.

– Әр шағым бойынша тексеру жұмыс­тарын жүргіземіз. Интернет-алаяқтық болса, арызда көрсетілген мәліметтер бойынша, шағымданушының айтуына орай ақша аударылған есеп шоттарды тексереміз. Ең өкініштісі сол – тұрғындар алаяқтардан алданғанын өте кеш хабарлайды. Бір аптадан соң, бір айдан соң ол қаржы шетелге шығып кеткесін тым кеш айтатыны қынжылтады. Әйтпесе, бір күннің ішіндегі ұрланған ақшаны сол күні банк арқылы блоктап, қайтаруға мүмкіндік бар. Ол жағынан алғанда, бізде мол тәжірибе бар. Қаржы шетел аспауы үшін жедел қызметке тезірек хабарласып, мән-жайды анықтаса, алаяқтарға тұсау жасап, шұғыл құрықтауға да болады. Қазақстан аумағында алаяқтарға көмектесіп отырған топтық қылмыс өкілдері бар, олардың көбі жұмыссыз, интернет арқылы жеңіл пайда табуды көздейді. Адамдар осындай алаяқтардың арбауына жиі түседі. Олар шетелдегі сыбайластарына сим карта алып жібереді немесе өздеріне карта тіркеп, оны сол алаяқ жемтіктестеріне салып жібереді. Осындай әрекеттермен азаматтарымыз қылмыстық әрекеттерімен ұсталып, жауапкершілікке тартылуда. Оларға ҚР Қылмыстық Кодексiнің 190-бабы бойынша екінші бөлігінің төртінші тармағындағы «Алаяқтық» бойынша интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, – дейді сарапшы Жандос Сүйінбай.

Ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік) қатерлері туралы халықтың хабардар болу көрсеткіштері 2018 жылы 62,9 % болса, 2021 жылы
75 %-ды, 2022 жылы 77,4 %-ды құраған

– Шетелдегі әріптестерімізбен бірлескен іс-шаралар жүргізіп жатырмыз, мысалы, былтырғы жылы Украина жақтан көбіне біздің азаматтармен бірлесіп, түрлі алаяқтық әрекеттерге барғандарды құрықтадық. Днепр қаласында 40 адам ұсталды, біз де сол жақта іссапармен барып, алаяқтарды ұстау операциясына қатыстық. Мұндай іс-шаралар үнемі жүргізіліп тұрады.

Қандай шаралар қолданылады?

– Алаяқтар шетелде отырып алып арнайы бағдарламалық жасақтамаларды пайдаланып, біздің азаматтарға телефон арқылы хабарласады. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, жалған нөмірлер арқылы адамдарға қоңырау шалатын телефондарды бұғаттауды жүзеге асырамыз. Қазіргі таңда арнайы жүйе енгізіліп, фейк нөмірлер арқылы хабарласатын алаяқтарға қарсы жұмыс басқа да құзыретті органдармен, Прокуратурамен бірлескен «Жол картасы» бойынша киберқылмысқа қарсы жұмыс жүйелі жүргізілуде. Бұл істе, әсіресе, қылмыстың алдын алу маңызды. Ақпараттық кеңістікте қандай қылмыс бары, олардың түрлері, барлығы халыққа жан-жақты түсіндіріледі. Онда алаяқтан қалай қорғану керектігі, кездесе қалса, қандай әрекеттер жасауы бәрін бейнероликтер арқылы, БАҚ-қа шығулар арқылы жүйелі жүргіземіз, – дейді Ж.Сүйінбай.

Ақпараттық кеңістікті қорғау қалай жүзеге асады?

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік) мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында жыл сайын Комитет ақпараттық қауіпсіздік қатерлері және адами капиталды дамыту туралы мемлекет қабылдайтын шаралардың тиімділігін бағалау үшін әлеуметтану зерттеуін жүргізеді. Зерттеу барысында 3 республикалық маңызы бар қала мен 17 облыс, аудан орталықтарынан 6000 адамға (18 жастағы және одан асқан тұрғындар арасында) сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде, ақпараттық қауіпсіздік қатері Қазақстандағы ең өзекті мәселе екендігі анықталды. Жалпы, ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік) қатерлері туралы халықтың хабардар болу көрсеткіштері 2018 жылы 62,9 % болса, 2021 жылы 75 %-ды, 2022 жылы 77,4 %-ды құраған.

Әлеуметтік желідегі әлімжеттік пен алаяқтықтан көбіне зардап шегетін – үлкендердің арбауына түсіп қалатын балалар мен жасөспірімдер.

Ата-аналарға арналған ұсыныстар:

  • Жасөспірімдердің қатысуымен интернетке кірудің үй ережелерінің тізімін жасаңыз және оны сөзсіз орындауды талап етіңіз. Балаңызбен тыйым салынған сайттардың тізімін («қара тізім»), интернеттегі жұмыс уақытын, интернеттегі байланыс нұсқаулығын (соның ішінде чаттарда) талқылаңыз.

– Интернет желісіне қосылған компьютер ортақ бөлмеде болуы керек.

– Шынайы өмірдегі достар туралы сөйлес­кендей, интернеттегі достарымен немен айналысатындары туралы балалармен сөйлесуді ұмытпаңыз. Бұл адамдардың таныс екеніне көз жеткізу үшін балалар жедел хабар алмасу қызметтері арқылы байланысатын адамдар туралы сұраңыз.

– Стандартты ата-ана бақылауына қосымша ретінде қажетсіз мазмұнды блоктау құралдарын пайдаланыңыз.

– Сіздің балаларыңыз қандай чаттарды қолданатынын білуіңіз керек. Модераторлық чаттарды пайдалануды ынталандырыңыз және балалардың жеке режимде сөйлеспеуін талап етіңіз.

Бұл ақпараттардың пайдасы зор. Балаңыздың интернетті пайдалануын үнемі бақылау – оның жеке кеңістігін бұзу емес, сақтық шараларын күшейту және ата-ананың жауапкершілігі мен қамқорлығының көрінісі деп қабылдау керек.

Күннен күнге киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсті. Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы жасалып, қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналу бойынша жұмыстар жасалуда. Қазіргідей заманда адамзаттың терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отырған кезінде қылмыскерлердің деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе қашанда өзекті күйінде қалып отыр.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button