Мәдениет

Шығыс пен Батысты тоғыстырған

Елордада ислам философиясы, Ислам-Батыс қарым-қатынасы тарихына қатысты түрік ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері дипломат Ибраһим Калынның «Мен, өзге және өзгесі» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл – адамзаттың даму кезеңіндегі ислам дүниесі мен батыс әлемі арасындағы қалың қатпарлы, қалтарысы көп тарихтың түрлі аспектілеріндегі «мен» мен «өзге» арасындағы байланысты, келіспеушілік пен шиеленісті түсінуге тырысқан айтулы еңбек.

Басылымының оқырмандарына жол бастаған салтанатты рәсіміне уақыттың тапшылығынан қатыса алмаған автор Түркиядан бейне сәлемдеме жолдады. Ол еуроцентристік көзқарастан ада тұрып, Ислам мен Батыс өркениетінің тарихына жаңа көзқарас орнатуға болатынын осы кітап арқылы қазақ оқырмандарына жеткізгісі келетінін айтты. Ғылыми еңбекті қазақ оқырмандарына жеткізген Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-не қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты болса, осы институтының аға ғылыми қызметкері Өмірбек ­Қанай қазақ тіліне тәржімасын жасаған. Жиынған қатысқан аталмыш университеттің Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұхиттин Шімшек сөз сөйлеп, пікірін білдірді. Еңбектің маңыздылығына тоқталған Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджумен қатар ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы және Түркия – Қазақстан достық тобының төрағасы Нұртөре Жүсіп, сенатор Дархан Қыдырәлі қазақ-түрік байланысындағы көрші мемлекеттің орны туралы айтты.

Доктор әрі профессор Ибраһим Калынның бұл еңбегінде Ислам мен Батыс әлемнің 14 ғасырлық өзара қарым-қатынасына шолу жасай отырып, бір-біріне ықпал етуші екі әлемде қалыптасқан көзқарастарды бағалауға бағытталған және қоғамда қалыптасқан стереотиптерге қайта қарауға бастайды. Былайша айтқанда, үнемі кереғар, бір-бірін «жоққа шығарушы» саналатын екі кеңістіктің шын мәнінде ұзақ тарих бойында ұдайы әсерлесіп, бір тарап келесі тараптың өзін тануына ықпал етіп отырғанын сенімді дәлелдермен түсіндіруге тырысқан.

Автор арадағы маңызды қайшы­лықтарға қарамастан Ислам мен Батыс өркениеті қақтығысуға міндетті емес деп қорытындылаған. Бірге өмір сүрудің төменгі шарты – әркім өз бетінше қалу арқылы ортақ игілікке келісу. Бірге өмір сүру этикасы мен мәдениеті қиын болғанымен, орындалмас мақсат емес. Ислам мен Батыс өркениеті «жақсылықпен жарысатын» (Маида, 48) аймақтық және жаһандық бейбітшілікке үлес қосып,

«Шығыс – шығыс, батыс – батыс әрқашан,

бұл екеуі тоғыспайды ешқашан.

Бұл екеуі жер мен көктей басқаша,

Тәңір өзі дәргейінде қоспаса» деген Киплиңнің қателігін дәлелдейтініне сенімді екенін білдіреді.

Ибраһим Калын – түрік ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат. Ислам тарихы, Батыс пен Ислам әлемі қарым-қатынасы, Түркияның сыртқы саясатына қатысты бірқатар ғылыми еңбектердің авторы. Түркия Республикасы Президентінің ресми өкілі, Президент жанындағы Қауіпсіздік және сыртқы саясат комитеті төрағасының орынбасары және Президенттің Бас кеңесшісі төрағасының орынбасары сынды бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Биыл мамыр айынан бастап Түркияның Ұлттық барлау қызметінің басшысы қызметін атқарып келеді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button