Мәдениет

Жансүгіров сайысының жүйріктері

М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап» атты мәнерлеп оқудан қалалық сайыс өтті. Бұл іс-шара Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қазақтың ақиық ақыны, жазушы, драматург Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына арналды.

Іс-шараның мақсаты: қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тербеген ардақты ақын, жазушы, драматург І.Жансүгіровтің шығармашылық мұраларын зерделеу. Тегеурінді қаламгер, марғасқа ақынның поэзия мен драмалық шығармаларын насихаттау арқылы талантты жастарды қолдау, халыққа таныту. Көркем туындылардың шоғырын дүниеге әкелген тау тұлғалы қайраткердің құнды ойлары мен өлмес өлеңдерін мәнерлеп оқу барысында құнарлы тіліміздің өрісін кеңейту, баба мұрасын қадірлейтін рухани дүниесі бай жастарды тәрбиелеу.

Бірінші кезең бойынша жастар ақынның өлеңін мәнерлеп жатқа оқып, екінші кезеңде І.Жансүгіровтің проза жанрындағы шығармаларынан бейнелі көріністер көрсетіп, сахна өнерінің биіктігін, даралығын көрсеткен өздерінің актерлік шеберліктерімен ерекшеленді. Сайыс шарттары бойынша 12 қатысу­шы өнер бәйгесіне түсті.

Топты жарып, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жүлдегерлер анықталып, оларға диплом, мадақтамалар табысталып, бағалы сыйлықтар берілді. Бас жүлдені Астана қаласы әкімдігінің «Сервис және туризм колледжінің студенті Бекзат Оразгелді қанжығасына байласа, 1-орынды Астана халықаралық университеті педагогикалық колледжінің студенті Ақмаржан Әділхан иеленді. 2-орын Астана қаласы әкімдігі «Техникалық колледжінің» студенті Ақбота Балабай мен «Astana IT University» ЖШС колледжінің студенті ­Демежан Советқалиға бұйырды. 3-орын «Шипагер» медициналық колледжінің студенті Нұрсұлу Ахметоваға, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінің студенті Сезім Құрманәліге, Астана қаласы жоғары медициналық колледжінің студенті Аян Сәрсенбиге берілді. Сайыс ережесіне сәйкес қатысушыларға 5 арнайы жүлде де тағайындалды. С.Сейфуллин атындағы арнайы жүлде Қарақат Намазбаеваға, Б.Майлин атындағы арнайы жүлде Саят Сәрсенбекке Т.Рысқұлов атындағы арнайы жүлде Айқын Әшірханға, ­Ж.Аймауытов атындағы арнайы жүлде Ернұр Нұржанға, С.Қожанов атындағы арнайы жүлде Нұғман Қанжарбекке табысталды.

Айжан Серікқызы,

Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» мекемесінің баспасөз қызметінің жетекшісі             

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button