Басты ақпаратРуханият

Азаттыққа деген талпыныс

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс маңызы ерекше



Қазақ халқы – тарих толқынында талай «тар жол тайғақ кешулерден» өткен батыр да қайсар халық. Баһадүр батыр бабаларымыздан сіңген табандылық пен тегеурінділік – сындарлы сәттерден сүрінбей өтіп, осы күндерге жетуімізге септігін тигізсе керек. Соның бірі де бірегейі 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс деуге болады.  

Бірінші дүние­жүзілік соғыс қаржылық-материалдық шығындарға бытырып, миллиондаған адам өмірін қиып кетті. Сұрапыл соғыс алғышарттарынан бірер мысал келтірер болсақ: 1) Ресей империясының Еуропалық бөлігінен шаруалардың жаппай қоныс аударуы жалғасты; 2) Қазақстанның байырғы тұрғындарының ең құнарлы жерлерін күшпен тартып алу белең алды; 3) Салықтар 3-4 есеге өсті. Қазақ халқы майдан мұқтаждығы үшін үздіксіз ет беруге міндеттелді. Түтін салығы 1 рубль 84 тиын мөлшерінде белгіленді; 4) Көне жер-су атаулары тұтастай дерлік орысшаға өзгертілді; 5) Патша қабылдаған жаңа заңға сәйкес өлкенің автохтонды тұрғындары өз руластары жылқы ұрлаған жағдайда қоныстанушы шаруаларға малын өз еркімен беруге міндеттелді және тағы басқа да ұлт мүддесіне қайшы саяси шешімдер қабылданып жатты.

Ұлт-азаттық көтерілістің жаппай жалпы халықтық сипатқа енуінің негізгі себептері де болды. 1916 ж. 25 маусымда «О реквизиции на тыловые работы инородческого мужского населения» атты патша жарлығы шығып, 19 бен 43 жас аралығында «бұратана» халықтарды алдыңғы шепте қорғаныс құрылыстарын салуға тарту туралы шешім қабылданды. Көтеріліс себептері:

  • Қазақстанға шаруалардың жаппай қоныс аударуы;
  • Жергілікті халықты ғасыр­лар бойы отырған жерінен күштеп қоныс аудартқызуы;
  • Қазақтардың ірі-қара малдары мен киіз үйлерінің тартылып алынуы;
  • Отбасы салығын және басқа да салық түрлерін енгізілуі;
  • Қазақтардан құнарлы жерлерінің күштеп тартып алынуы;
  • Мұсылман құқықтарының шектелуі;
  • Билер сотының әлсіреуі;
  • Православие дінінің кеңінен уағыздалуы;
  • Жергілікті қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүріне құрметсіздік танытылуы;
  • Ұлтаралық кикілжіңдердің барлығында патшалық үкімет қоныс аударушы шаруалар жағында болуы т.б.

Патшалық Ресейдің ішкі саяси ахуалының шиеленісуіне әкімшілік жарлықтар ықпал етті. Түркістан генерал-губернаторы А.Н.Куропаткиннің 1916 жылы 23 тамыздағы жарлығы бойынша лауазымды тұлғалар: әртүрлі деңгейдегі басшылар, тәртіп сақшылары, имамдар, оқытушылар, есепшілер ауыр жұмыстан босатылып, қалған лауазымы жоқ бұқара халық жаппай тыл жұмыстарына тартылды. Оның салдары:

Мұндай жүйе парақорлық пен билікті асыра пайдаланудың зардаптарына алып келді;

Халық таптық алауыздыққа түсті: «60 жастағы қарапайым қарияларды 30 жастағылар деп, ал 25-30 жастағы бай-шонжарлардың балаларын 50 жаста деп жазады».

Бостандық үшін бас көтерген халыққа қарсы жазалаушы жасақтар жағында 400 бай қуатты қазақтар да соғысты (Архив, ЦГА РК, Ф. 544, Д.131)

Халық қаһарманы, батыр бабамыздың ерлігі біздің тәуелсіз ел болуымызда қосқан үлесі орасан зор. Амангелді Иманов халықтың рухын көтеріп, біртұтас мемлекет болуда елді ұйыстырып азаттыққа ұмтылатын асыл діңгектей рөл ойнады. Осындай батырлар келешек ұрпақ жадында жаңғырып тұруы үшін қазіргі таңда көптеген ғылыми қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуы қажет

Қазақ халқы таптық теңсіздіктің саяси шешімдердегі әділетсіздігіне көз жұмып қарап отыра алмады. Зиялы қауым өкілдерінің ұстанымдары да ел мүддесі жолында әрқилы болса да, барлығының мақсаты бір – қазақ халқының амандығы. Патша жарлығына қатысты қазақ зиялылары арасында ортақ ұстаным болмады. Барлығы да елдің амандығы үшін әртүрлі пікірлерін ортаға салды:

Жарлыққа ашық қарсылық танытушы революциялық бағытта – Т.Бокин, А.Майқұтов, С.Сейфуллин, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин және т.б. зиялылар болды.

Ұлттық-либералдық бағытта – Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсынұлы және т.б. зиялылыр орасан зор адам шығынын болдырмау үшін қарулы күрестен бас тартуға шақырды, патша өкіметімен келіссөздер жүргізуге тырысты.

Озбыр саяси шешімдер халықтың жаппай наразылығын өршіте түсті. Патшаның аяусыз жарлықтары бұқара халықты ұлт-азаттық көтеріліске алып шықты. Ел арасынан патша езгісіне қарсы Амангелді Имановтың әскери жасақтары құрылды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен таланты көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ көрінді. Орталық Қазақстанның түкпір-түкпірінде оның жетекшілігімен көтерілісшілер жасақтары ұйымдас­тырылды: Байқоңыр және Шоқпарқұл көмір кеніштерінен, сондай-ақ Орынбор-Ташкент теміржол жұмысшылары және т.б. қосылды.

Қазан айының басында Амангелді Иманов жетекшілігіндегі көтерілісшілердің саны 5 мыңға жуық болса, 15-20 күннің ішінде олардың саны 50 мың адамға жетті (Архив, РГВИА, Ф. Глав.упр.ген.штаба, с. т. 1, Д. 139, Л. 30).

Амангелі Иманов бастаған 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс – патшалық Ресейдің құлауына түрткі болған ірі тарихи оқиға. Торғай даласының қойнауындағы Батпаққара өңірінде көтерілісшілердің әскери құрылымы нақты жұмыс істеді. Мысалы, жасақтардың құрамында 10, 50, 100 және 1000 адам болды. Олардың әрқайсысын өз қолбасшылары – онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы басқарды. Амангелдінің өзі бас қолбасшы – сардарбек атанды. Әскери кеңес құрылып, салық жинаушы, қазынашы лауазымдары енгізілді. Пошта мен тыл қызметі іске асырылды.

Патша өкіметі жазалаушы әскерінің қарулануы көтерілісшілердің қаруларынан әлдеқайда мықтырақ болса да, қазақ жігіттерінің сағы сынбады. Ел азаттығы үшін болған қанды күресте ешкім тартынып қалмады. Көтерілісшілердің қару-жарағы қарапайым аңшылық мылтықтар болды. Амангелді Иманов көрші ауылдардағы барлық ұсталарды жинап, тез арада мылтық, қылыш, қанжар секілді суық қару жасауды тапсырды. Көтеріліске қатысушы Жалил Бекмурзин «Амангелді Иманов қару-жарақ жасауға он екі ұстаны жұмылдырды. Бәріміз де Амангелдінің штабы орналасқан Батпаққарадан сегіз шақырымдай жерге қоныстандық. Күндіз-түні жаңа қару соғып, ескі қаруларды жөндедік. 1916 жылдың қарашасынан 1917 жылдың ақпанына дейін ұстаханада төрт айға жуық жұмыс істедік. Күндізгі уақытта 10-15 қайқы қылыш, 5-8 айбалта және 25-ке дейін үшкір сүңгілер жасадық» деп еске алады.

Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістің бірнеше ірі ошақтары болды. Олардың басшылары мен қарулы жасақтары:

Торғай облысындағы көтеріліс. Басшылары А.Иманов, Ә.Жангелдин және т.б. Әбдіғаппар Жанбосынов хан болып сайланды. Қарулы көтерілісшілер саны 50 мың адамға жетті.

Жетісудағы көтеріліс. Көтеріліске ұйғырлар, дүнгендер, қырғыздар да қатысты. Басшылары Ұ.Саурықов, Ж.Мәмбетов, Т.Бокин, Б.Әшекеев, т.б. Жетісудағы көтеріліске қатысушылардың саны 5 мың адамды құрады.

Ақмола облысындағы көтеріліс. Басшылары Рақымжан Мадин мен этникалық украин Яков Латута (Жақып Жоламанов) болды. Көтерілісшілер саны – 30 мың адам. Олар қару-жарақ өндірісін жасап, мергендер жасағын құрды (Омаров, Панкратова, 1949: 582-583).

Амангелді Иманов жасақтары қару-жарақтарының патша әскерімен салыстырғанда әлсіз болғанымен, шайқас барысында өте жылдам әрі керемет соғыс өнерін көрсете білді. Мысалы: 1916 ж. қазан айына қарай Торғай және Ырғыз уездерінде 20-ға дейін көтерілісшілер отряды болды. Торғай көтерілісшілер отрядтары үш топқа біріктірілді. Ырғыз уезіне қарасты Қызылжар болысының Жаманқұм бойындағы көтерілісшілер 13 қазанда патша әскерлеріне көмекке жіберілген бай отрядын талқандады.  Ал 17 қазанда Ақтөбе уезінің көтерілісшілері Ырғыздан 70 шақырым жердегі Қарабұтақ ауылын, 23 қазанда Амангелді Иманов бастаған 15 мың көтерілісші Торғай қаласын қоршауға алды (Архив, ЦГА РК Ф.544, Д.131).

Даладағы ұлт-азаттық қозғалыстың ауқымдылығына алаңдаған Торғай облысының әскери губернаторы М.М.­Эверсман Санкт-Петербургке жедел түрде хабарласып, соғыс министрінен Амангелді Иманов бастаған көтерілісті басу үшін жазалау экспедициясын жабдықтауды сұрайды (Архив, РГВИА Ф. Главное управление Генерального штаба, Д. 139, Л. 4, 131). Патша әскері Бас штабтың бұйрығымен Қазан әскери округі генерал А.Д.Лаврентьевті бірнеше әскери бөлімшелермен жасақтап көтеріліс аймағына 17 рота жаяу әскер, 18 жүздік казактар, 18 зеңбірек пен 17 пулемет, 11 атты әскер эскадронын жіберді.

Патша үкіметі тіпті экспедициялық жасақтарды автомобильдермен, ұшақтармен қамтамасыз етіп, Челқар стансасы мен Торғай қаласы арасындағы жол бекеттерін қоршау үшін 5000 пұт тікенек сым шығаруды көздеді (Архив ЦГА РК, Ф. 544, ОП.2, Д. 222, л.35–38; Д. 223, Л. 23).

Ұлт-азаттық көтерілістің қырғыны болғаны соншалық, көтерілісшілер, негізінен, аңшылық мылтықтармен, қылыш қанжарлармен және т.б. қолдан жасалған қарулармен қаруланғанына қарамастан, олар генерал-лейтенант Лаврентьев корпусының негізгі маманданған әскери күштерін тырп еткізбей бұғаттап, Торғай қаласын радиу­сы 100 км-ге дейінгі блокада сақинасында ұстады.

А.Д.Лаврентьев бастаған экспедициялық корпус арнайы мақсаттағы пойыздармен топ-топ болып Шалқар, Ақтөбе, Қостанайға жеткізілді. 1916 жылы Торғайға жер аударылған Ю.Довбищенко өзінің күнделігінде: «Уезд ауылдарынан бірнеше мың адам қаладан 7 версттей жерге жиналды. Телеграфтық байланыс үзілді… Пошта станциялары жойылды…» деп еске алады.

Патша әскері қуатты іскери құралдарға ие болуына қарамастан айтарлықтай әлсіреді. Қазан әскери округі штабының есебінен бұл шайқаста Фролов отрядының 43 снаряд пен 8 мыңнан астам оқ-дәрі жұмсағанын көруге болады. Әскери қақтығыстар 21-23 қарашада Ырғыз бен Торғай арасындағы пошта жолдарында да болды: «Казахи приняли военный строй колонны идут уступами, атакуя левой; на отдыхе охраняются заставами и разъездами, высылаемыми за 25 верст…» деп мұрағаттық құжаттарда батыр бабаларымыздың ерлігі сипатталады.

Сондай-ақ көтерілісшілер аз әскерімен патшаның әлдеқайда қуатты әскеріне тойтарыс бере алды. Подполковник Фон Розен отрядының қозғалысы туралы мәлімет алған Торғай уезінің Тәуіп, Аманқұл және Қызылжар болысының 6 мыңға дейінгі көтерілісшілері жазалау әскерінің алдынан шықты. Мұрағаттық құжаттарда мынадай деректер келтіріледі: «Несмотря на открытый артиллерийский, пулеметный и ружейный огонь, они продолжали наступление, и лишь когда ряды их сильно опустели, они отхлынули назад, но, собравшись за холмами, снова двинулись в наступление» (Архив, РГВИА, Ф. Главное управление Генерального штаба/с, оп. 1, Д. 129, Л. 112-113).

Патша жазалаушы әскері мен Амангелді Иманов көтерілісшілері арасындағы қақтығыс ақпан революциясынан кейін де жалғасты: «…смелые настой чивые атаки киргизов доходили до такой дерзости, что, несмотря на артиллерийский и пулеметный огонь, киргизы подходили к наступающим частям на расстояние 100 шагов, а отдельные всадники врезались в наступающую цепь» (Архив, РГВИА, Ф. Главный штаб, Азиатская часть, оп. 263/916, 1916, Д. № 1, 2. IV, Л. 86-87).

1917 жылғы ақпан революциясынан кейін көтерілісшілер жасақтарының саны Торғай уезінде ғана емес, сонымен қатар көршілес Перовский, Атбасар, Қостанай аудандарында да күрт өсті. Бұл отрядтар Амангелді Имановпен тығыз қарым-қатынаста болды (Архив, Материалы Амангельдинской экспедиции КазФАН СССР 1943 г. Рукописный фонд ИИАЭ АН КазССР, «Папка с воспоминаниями о восстании 1916 года»).

Қазақстан тарихындағы 1916 жылғы көтерілістің тарихи маңызы зор болды. Халықтың азаттыққа деген талпынысы табандылығымен білінді. Нақтырақ айтсақ: 1) Белгілі бір дәрежеде Ресей империясының жойылуында шешуші рөл атқарды; 2) Халықтың сөзі жалпыұлттық деңгейге көтерілді; 3) Ұлт-азаттық көтеріліске қазақ халқының барлық тап өкілдері қатысты. 4) Түркістандағы түркі халықтарымен әскери бауырластық артты; 5) Өлке халқының ұлттық сана-сезімінің өскенін, саяси кемелденгенін тағы бір көрсетті. 6) Қазақтардың жаппай көтеріліске қатысуы 1918-1920 жылдардағы Алаш полктерін құруға пайдаланылған жауынгерлік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.

Халық қаһарманы, батыр бабамыздың ерлігі біздің тәуелсіз ел болуымызда қосқан үлесі орасан зор. Амангелді Иманов халықтың рухын көтеріп, біртұтас мемлекет болуда елді ұйыстырып азаттыққа ұмтылатын асыл діңгектей рөл ойнады. Осындай батырлар келешек ұрпақ жадында жаңғырып тұруы үшін қазіргі таңда көптеген ғылыми қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуы қажет. Мысалы, мектеп бағдарламасында ұлт-азаттық көтеріліс жайлы ашық сабақтар мен конференциялар, мерекелік іс шаралар өткізілуі қажет; Мемлекеттік бағдарламалармен ұлт-азаттық көтерілістерді терең зерттеу керек; Ұлттық иммунитетті нығайту жолында солтүстік өңірлерге батырларымыздың монументтері мен стеллалары, ескерткіштер көптеп орнатылуы қажет; Елімізе тән емес жер-су атауларына батыр атауларын беріп, халықтың ұлттық тарихи санасының жаңғыруын қолға алу жүзеге асырылса, келер ұрпақ ұлт тағдыры шешілер небір тарихи сәттерде қапы қалмасы анық.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор

 

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button