Басты ақпаратЕл тынысы

Азаттыққа негіз болған декларация



ХХ ғасырдың 80-жылдары КСРО-да қалыптасқан экономикалық дағдарыс 90-жылдары саяси дағдарысқа ұласып, Балтық елдері іргесін бөліп, тәуелсіздігін жариялады. Осы кезеңде қазақ қоғамында тарихи оқиғалар орын алды. Сондай ерлікті Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырымдағы депутаттары атқарды. Рас, интеллектуалдық деңгейі жоғары, жан-жақты білімді, тәжірибесі толысқан депутаттық корпус тәуелсіздіктің бастауында тұр. Олар Егемендік декларациясы қабылдайтын жауапты жиында сағаттап пікірталасқа барып, талдау-талқылаудың арқасында маңызды құжаттар қабылдады.

ҚАЙТА ҚҰРЫЛУ КЕЗЕҢІ

Империяны сақтап қалу үшін Одақ басшылары түрлі айла-амалға барып, жариялылық пен ашықтықты ұсынып, 1990 жылдың наурыз айында Бүкілодақтық референдум жариялап, «КСРО-ны тең құқықты егемен республикалардың жаңарған федерациясы түрінде жақтайсыз ба?» деген сұрақты шығарады. Оған Одақ халқы жақтап, дауыс береді. Сөйтіп, 1990 жылдың 26 мамырында Грузия, 12 маусымда Ресей, 20 маусымда Өзбекстан, 23 маусымда Молдова, 16 шілдеде Украина, 27 шілдеде Беларусь, 22 тамызда Түркменстан, 24 тамызда Тәжікстан Егемендік туралы декларация қабылдап, КСРО-мен бірге болатынын, алайда қалаған уақытта бөлек шығатынын жариялады. Осы жылдың 25 қазанында Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттары тарихи құжатты қабылдады.

Кеңестік жүйеде халық қалаулысына шопан, механизатор, құрылысшы, шахтер және тағы басқа еңбек адамдарына басымдық беріліп келсе, 1990 жылғы сайлауда ғалымдар мен жазушылар, өнер және мәдениет саласының белді өкілдері сайланып, жан-жақты іріктеуден өткен депутаттардан жасақталды. Сөйтіп, өтпелі кезең, өлара шақта депутаттық корпус Тәуелсіздік алуда қызмет етті. Тарқатып айтар болсақ, 1990 жылы сәуірде «Қазақ КСР Президенті туралы» Заңы, 1990 жылы 25 қазанда Егемендік декларациясы, 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы Заңы, 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік декларациясы, 1992 жылы 4 маусымда Мемлекеттік рәміз туралы заңын қабылдады. Осылардың ішінде ең ауқымдысы, ең күрделісі, ең қиыны – Егемендік декларациясы еді.

– XII шақырылған Жоғарғы Кеңесте 360 депутат сайланды. Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданынан сайландым. Бұл жолғы Жоғарғы Кеңестің ерекшелігі – депутаттар тұңғыш рет баламалы сайлау арқылы сайлаушылардың аманатын арқалады. Екіншіден, депутаттардың 30 пайызы алғаш рет жалақы алып, тұрақты түрде жұмыс істеп, Үкіметпен бірге заң жобаларын дайындады. Бұған дейін күзде 2 ай, көктемде 2 ай сессияға келіп жұмыс істейтін. Кеңестің алғашқы сессиясы 1990 жылдың сәуір-мамыр айында өтіп, онда Президентті сайлап алдық. Сосын 15 қазанда басталып, сол кездегі төрағамыз Ерік Асанбаев декларацияның негізгі жобасы туралы баяндама оқып, күзгі сессияны ашты, – деді сол кезде депутат болған Жигули Дайрабаев.

ТАЛАС-ТАРТЫСПЕН ҚАБЫЛДАНДЫ

15-16 қазанда заң жобасы қызу талқыға түсіп, оған 40-тан астам депутат қатысты. Талқылау, талас-тартыс барысында депутаттар ортақ келісімге келе алмай, 16 қазанда комиссия құрып, оның төрағалығына Салық Зиманов сайланады. Комиссия мүшесі ретінде Зинаида Федотова, Марат Оспанов, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Евгений Неверовский және тағы басқасы атсалысады.

– Академик Салық Зиманов басқарған комиссия жан-жақты талқылаудан өткен құжатты 8 сағат бойы тік тұрып қорғап, сын айтып, наразы болғандарға 60 рет сөз алып, қарсы пікірлерге халықаралық құжаттардан мысал келтіріп, сабырлы, салмақты түрде жауап беріп, біздің рухымызды көтерді. Депутаттардың 60 пайызы өзге ұлт өкілдері болатын. Кеңестік биліктің өктемдігі әлі сезіліп тұрған тұста өз көзқарасын білдіруге тайсақтайтын әріптестеріміз де аз емес еді. Талқылау кезінде қарсы топ «Кімнен егемендік алмақшысыңдар» деп күле қарады. Ашық дискуссия, тартысты талқылауларға төрағамыз Ерік Асанбаев араласып, қарсы топтың уәжін дауысқа салып, Егемендік декларациясының өзгеріссіз қабылдануына күш салды, – деді тарихи оқиғаның куәгері Жигули Дайрабаев.

Емендіктің бастауы болған Егемендік декларациясы нағыз ұлттық мемлекеттің қайнары болды. Бұған Александр Козлов, Владимир Масолов, Борис Барченко, Владимир Котельников қарсылық танытып, «қазақ» сөзіне кенедей жармасып, Қазақстан көп ұлтты ел екенін алға тартты. Мәселен, депутат Людмила Филаретова «Біздің республика көпұлтты. Біз мұны ешқашан естен шығармауымыз керек. Мен Қазақстан халқы, яғни сондағы барлық халық ұғымына анықтама беру керек деп санаймын» деп декларацияны өзгерту керектігін ескертеді.

Бұл қарсылықтың басы ғана еді. Целиноград облысынан сайланған депутат Юрий Сухов: «Мемлекеттік тіл – орыс және қазақ тілі болуы керек. Елдегі орыстар не істейтін болады? Олар қазақ тілін білмейді. Ертең қалай өмір сүреді?» деген уәжін айтып, отқа май құйғандай болады. Бұл сұрақтың арты үлкен дауға ұласпас үшін Кеңес төрағасы Ерік Асанбаев араласып, ұсынысты дауысқа қойып, көпшілік дауыспен кері қайтарады. Пікірталас бәсеңдей бастаған тұста Валерий Кириллин: «Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың» деген тіркесті алып тастауды ұсынса, Александр Христенко «Ұлтаралық араздық шақыратын мұндай декларацияның қажеті қанша?» дегенді қолдайды. Одан бөлек, Михаил Баженов, Геннадий Васильев, Виталий Воронов, Виталий Ермоленко, Александр Казаков, Александр Перегрин, Александр Пономарев, Владимир Масолов, Николай Новиков, Петр Своик, Юрий Сытов, Петр Федосенко, Людмила Филаретова, Владимир Шумиленко сынды депутаттар қарсылық екпінін күшейтіп, декларацияны қабылдатпауға күш салады.

Жоғарғы Кеңестің мінберінде қасқайып тұрған академик Салық Зиманов халықаралық заң талаптарын алға тартып, байыппен жауап береді. Пікірталас шегінен шығып, қарсы тарап шектен шығып бара жатқанда төраға Ерік Асанбаев араласып, Сұлтан Сартаев, Өмірбек Жолдасбеков, Марат Оспанов, Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров, Тәңірберген Тоқтаров, Ғани Қалиев, Заманбек Нұрқаділов және тағы басқалары сөз алып, ұтымды ойларын айтып отырады.

ҚУАНҒАННАН ЖЫЛАП АЛДЫҚ

Бұл сөзді сол кезде депутат болған Төлебай Рақыпбеков айтты.

– Мінбеде академик Салық Зиманов күн ұзақ тұрып, декларацияны қорғады. Бұл жай ғана қорғау емес, қазақ ұлтын және ұлттық мемлекет концепциясын қорғау еді. Ол кезде өзге ұлт өкілдерінің арасында таңертең басқа елде оянамыз ба деген үрей болды. Мұндай көзқарасты талқылау барысында анық танып-білдік. Жоғарғы Кеңесте академик депутаттар Шахмардан Есенов, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Айтмұхамед Абдуллин, Ораз Баймұратов, жазушы депутаттар Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Балғабек Қыдырбекұлы және тағы басқасының мысы басты ма, қарсылық болса да құжат қабылданды. Бұл кездегі біздің қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуаныштан көзіме жас келді, – деді.

Депутаттар арасындағы талас-тартыстың аяғы дау-дамайға дейін ұласып, тіпті кей баптарды референдум арқылы қабылдауды ұсынғанын айтты Ғазиз Алдамжаров.

Жоғарғы Кеңестің халық денсаулығын сақтау және әлеу­меттік қорғау комитетінің төрағасы болған Тәңірберген Тоқтаров экологиялық аймақтар – Арал және Семей өңірінің тұрғындарын қорғау туралы ұсынып, Егемендік декларациясын қабылдауға атсалысады.

– Бір бапты қабылдаудың өзі бірнеше сағатқа созылып, қызу пікірталас орын алды. Тіпті «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобы декларацияның балама нұсқасын ұсынып, өткізуге тырысты. «Қазақ», «ұлт» деген сөздерге қарсы шығып, «азамат», «халық» деген тіркестерді енгізуді талап етті.

Тарихи құжаттағы территориялық тұтастық, ұлттық мемлекет сынды баптарға қарсы топ келіспейтінін білдірді. Бірақ біз жеңдік! Бұл  Тәуелсіздіктің бастауы еді, – деді Т.Тоқтаров.

Жоғары Кеңестің ХІІ шақырымында және Парламент Мәжілісінің VІІІ шақырымында депутат болған азаматтар арамызда жүр. Соның бірі – Жигули Дайрабаев. Одан кешегі мен бүгіннің арасын саралап, баға беруді сұрадық.

– Меніңше, Кеңестің ХІІ шақырымындағы депутаттары мен Мәжілістің VІІІ шақырымындағы депутаттардың бір ұқсастығы бар. Қоғам жаңа бағытқа бет бұрған тұста жауапкершілікті өз мойнына алатын депутаттық корпуспен ерекшеленеді, – деді Мәжіліс депутаты.

НЕНІ ҚАМТЫДЫ, МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

Тарихи құжат ұлттық мемлекет ретінде салтанат құруды көздеді. Мәселен, 1-бабында елдің территориялық тұтас­тығы, елдіктің нышандары анық көрсетілсе, 2-бапта ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданатыны қамтылды. 3-бапта «Қазіргі шекарасындағы Қазақ ССР-нің территориясы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды» деп айқындап, сақ-ғұн дәуірінен сабақтасып келе жатқан елдіктің негізі – жер екені әйгіленді. 4-бапта халық егемендіктің иесі екені және халық атынан билікті жүргізу Жоғарғы Кеңес жүзеге асыратыны, ал 5-бапта республика аумағында өмір сүретін барлық азаматтың құқығын қорғаудың жайы жазылды. 6-бапта сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес шешім шығара алатыны, 7-бапта мемлекеттік басқару органдарының құрылымы: заң шығарушы, атқарушы, сот билігі көрсетілді. 9-бапта жер, оның қойнауындағы барлық табиғи ресурстарды басқаруға, пайдалану тәртібі, сондай-ақ өсімдік пен хайуанаттар дүниесі, мәдени, тарихи, рухани қазыналары өз меншігіне жататыны, 10-бапта Жоғарғы Кеңеске бағынышты ведомстволар көрсетілді.

11-бапта экологиялық мәселелер орынды келтірілсе,

12-бапта ел аумағында тұратын өзге ұлт өкілдерінің құқықтық мүмкіндігі, 13-бапта елдің құқық қорғау жүйесі мен әскер ұстауы, 14-бапта халықаралық қатынастардағы орны, 15-бапта егемендік құқығын қорғауы, 16-бапта Мемлекеттік рәміздер: ту, елтаңба, гимн болатыны, 17-бапта декларация елдің жаңа Конституциясын әзірлеуде заңды тұрғыда негіз болатыны айқын жазылды.

P.S: Тәуелсіздің бізге осылай келді. Оған сол кездегі депутаттардың үлесі зор. Респуб­лика күнінде қайраткер тұлғалар Ерік Асанбаев, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды тұлғалардың еңбегін атап өтуді ұмытпау керек. Бұл – біздің басты міндетіміздің бірі.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button