Басты ақпаратРуханият

Азаттық жолындағы арпалыс немесе Кенесары рухы және Тәуелсіздік

Кене сарбаздарын емеурінмен, ешқандай өктемдіксіз басқарды. Жұртты оның мысы басып, әркез айбынынан именді. Кенесары халқының ілтипатына бөленген, елінің оған деген шексіз сүйіспеншілігі мен таңданысы ғана бар. Оның есімін естігенде орыс губернаторлары кабинетінде отырып, тізесі қалтырады. Төрелер мен билер, мансабы жуандар оған іштей сүйініп, тайынып тұрды. Кедейлер оны төбелеріне көтеріп, ол туралы аңызға бергісіз хикаяны жалықпай айтады.

Кенесары шынайы көңілін ұсынғандармен өте жақсы дос бола білді, ал қастасса – ешкім оның қатыгездігімен шендесе алмады. Импершіл ақ патша үшін Орта Азияда Кене ханнан асқан қуатты және тым қатерлі дұшпан болмады. Себебі ол ұлтының мүддесін бірінші кезекке қойып, билік жүргізген әлемдегі ат төбеліндей ғана жандардың қатарынан.

Кене хан: «Егер біз өзіміз болашақтың іргесін қаламасақ, оған ешқашан қол жеткізе алмаймыз, қазіргі отаршылдықта мәңгілікке қалып қоямыз. Тіпті, бұрынғы өткеннен де нашар өмір сүруіміз мүмкін. Ешқайда асықпаған алаңғасар – ешқайда ілінбейді» деген еді…

Абылайды орыстар мен сарт-сауандар жабылып жүріп у беріп өлтіргеннен кейін, қарақалпақ әйелінен туған ұлы Уәли әкесінің орнына ақ киізге көтерілді. Әуел­ден Сібірге шеңгелін салған ақ патша арқа-басы кең, бейқамдығы мол Уәлидің биязылығын пайдаланып бақты. Ежелден құлқы кеткен құзғын ниеттілер қазақ жеріне сұғына кіріп, өз қағынан безген казак-орыстарын аш биттей өргізіп жіберді. Олар шұрайлы жерлерге жайлана қоныстанып, жайбарақат тірлік кеше бастады. Орыстардың оғаш пиғылы мен оспадар ісіне түршіге қараған інісі Қасым мен Уәли ханның өз ұлы Ғұбайдолла сұлтан болды. Ел шетіне жау тиіп, жымысқылықпен баспалай кеулеп келе жатқанына шыдамаған Қасым төңіректегі жібі түзу төрелерді, ілгері күнді аңдайтын өрелілерді ертіп, ағасы Уәлиге барды.

Уәли нақты жайттың тігісін жатқызып майдалай сөйлеп, бауырының ашуын басты да, мысықтабандап жылжып келе жатқан қатерге жете ден қоймады. Ағасынан қайран болмайтынын ұғып, Қасым қам-қаракетке өз беттерінше көшуді ойлады. Уәли хан кері тартқанмен, оның ұлы Ғұбайдолла ел қамы үшін жанынан табылды. Қасымның ұлдары Саржан мен Есенгелді оның оң қолына айналды. Орыстың басқыншылығына қарсы арғын, керей, уақтан қол жиды. Мұның бәрін бозбала Кенесары көз алдынан өткізді, өзі де елдік іске қызу араласты.

Ел шетіне емексіне енген дұшпанға айбат шеге дүбінген Ғұбайдолла мен Саржан бастаған жасақ дүрк көтерілді. Аузы түктілердің ұйлыққан қыстауын шауып, атамекеннен тықсыра қуды. Осыны күтіп отырған ақ патшаның үстемдігін көздеген губерния басшылары қарулы отряд шығарып, Қасым ауылын ұлардай шулатып, үйінің шаңырағын ортасына түсіріп, туырылығын тілгіледі. Пасық ниетті түктілер бойжеткен мен келіншектерді олжалап әкетті. Өйткені басқыншылық пиғылмен тұс-тұстан анталаған казак-орыстарда әйел заты тым аз еді. Іштесері бар мылтық кезенген қаскөйлерден тайынып қалмай, қазақтар қайта орыстарды шапты. Алма-кезек шайқас жиілеп, орыс пен қазақтың арасы ушықты.

Ресей патшасы көпе-көрінеу түземдіктерді езіп-жаншып, отарлауға көшті. Бұрын мұжықтарын жымысқы әрекетпен ішкеріге дендетіп қоныс­тандыруға жағдай жасаса, енді қолдарына қару алып қазақтарды ата-қонысынан, түбін тартса түгі шыққан жайылымдарынан үркітіп-қорқытып, ығыстырды. Бұл қаракетке қарсы тұрар ел иелерінің ауыз бірлігі болмады. Әркім әртүрлі уәж айтып, сөз бір жерден шықпады. Ақырында, оқ дәрімен қаруланған патша отрядтарына төтеп бере алмаған Қасымның басына қауіп төнді. Ағайынның салқын қабағы мен орыстың тепкісінен оған туып-өскен Көкшетау өңірінен көшуге тура келді.

Қаратауға барғанда да қатер күтіп тұр еді. Қоқандықтар «орысқа қарсы бірлесіп соғысудың жайын ақылдасайық» деп, Саржан мен Есенгелдіні Тәшкенге шақырып ап, өлтіріп жіберді. Осы қасіретті басынан кешкен Қасым сұлтан:

– Кер баққыр, кесір шалды – хандықтан айырылдық, тәуелсіздіктің даңғыл жолынан адастық, билік тізгінін өзгеге бердік. Көмек дәмете әркімге бір жалтақтайтын кіріптарға ұшырадық. Ақыры арыстай ұлдарымнан көз жазып отырмын. Осының бәрі ата жолын ұстай алмаған менің кесірім, – деп, өзін кінәлай күңіренді. – Хан Абылай тұқымының басын алдап апарып шапса да, менің өрендерім, алған бетінен қайтпайды. Ата-баба ұстанған жолдан ауытқи алмайды. Елдік мұрат үшін ат жалында арпалысып жүріп Саржан мен Есенкелді қыршынынан қиылса, келесі бір қыраным көк жүзіне саңқылдап шығады. Тек міндет жүктеп, ­аманат арқалату керек. Ендігі алты алаштың алдына шығатын кезек – сенікі, Кенесары! – деді солғын тартқан қарашығына қайта нұр байланып. Төрде малдас құрған кәрлі төре орнынан түрегеліп, кісе белдігін шешті. Кісесі мен күміс қынды сапысын ұлының алдына тастады. – Ел тізгінін, Кенесары, саған табыс­таймын, қолды да сен басқар!

Кенесары молдасоқынған орнынан атып тұрып, бір тізерлеп қайта шөкті де, қылпылдаған сапыны күміс қынынан суырып ап маңдайына тигізіп, жүзінен сүйді.

– Осы от пен суға суарыл­ған алмас­тың жү­зіндей қас-жауларымды аямай бауыз­дауға ант етемін! – Қос жанары кек пен өшпенділікке тұнып, семсердің жүзімен серттесті.

– Қос бауырың мен он сегіз төлеңгіттің кегін әпер маған. Тұтас Қоқанға шамаң келмегенмен, Тәшкенді бір сілкіп алуға күшің жетеді. Ертең сыпайларыңды сапқа тіз, арғы атаң Тәуекел хандай Тәшкендегі мың айлалы құрама шұраттарды (ұйғыр-тәжік-өзбек шатыс сарттар) жаншып, тіземе сал – сонда мен ризамын!

Кенесарының екі көзі екі түрлі жанып, танауы делдиіп апты. Оң қолын кеудесіне қойып, әкесінің алдында басын иді.

– Кек қайтаруды Ташкенттен бастау керек пе, әлде басқа айласын қарастыру керек пе, бүгін ақылдасып, ертең жауабын берейік.

– Мақұл.

***

Қасымның балалары Қарақойынға ірге тепкенін естіп, көп уақыт өтпей-ақ, түп атасы бір төрелер қауымы ыстық құшақтарын айқара ашып, сағыныса жетті. Ат жағы одан сайын қушиып, танауы сәл делдиіңкіреп, қыран көзі жалт ойнап, Кене ағайын-туғанға ықылас білдірді.

– «Асылдың – сынығы, шұғаның – қиығы» деп, сіздер аттың белін талдыра айшылық жерден көрісе келіп жатырсыздар. Бұл – түсінген адамға ата-баба аманатын арқалағандық. Енді менің алдымда, жалпы, Абылай ұрығының алдында қазақ халқын бодандыққа бермейтін, басын біріктіретін, есесін қайтарып, несібесін түгендейтін іс тұр. Соған біржола бекініп келдім. Абылай атамның ақ туын қайта көтерем, халқыма теңдігін әперем!

– Ой, айналайын, дегеніңе жет!

– Алла жар болсын!

Тұс-тұстан кеу-кеулеген қамқор көңілдегі дауыстар шығып жатты.

– Қазақ халқының біртұтас­тығын, орысия империясының езгісіне түспеген еркін ел дәрежесінде сақталуын көксемейтін қазақ жоқ шығар. Әкем Қасым сұлтан, ағаларым Саржан мен Есенкелді патшаға талай мәрте хат жазып, басқыншы Ресейді бейбіт өмір сүруге шақырды. Алайда патша өкіметі тәуелсіздікті түгендеген талаптарға назар да аудармады. Өйткені олардың көкейінде түпкілікті орнап қалған пиғыл – қазақ даласына сұғына еніп, еркін жайлап, тұтастай басып алып, басыбайлы бодан жұртқа айналдыру болатын. Халық әсте-­әстемен табанға жаншылып, қолындағы барынан айырылып, ата мекенінен аласталып, жалшылық ғұмыр кеше бастады. Елінің жоғын түгендейтін төре кәне, жұртының сағын сындыр­май сыбағасын алып беретін сұлтан қайсы? Жоқ. Олар да қушыкеш дүниенің құлына айналып, сатылып кетті. Түсінгенге ата-баба аманатын аяққа басты, алты алаштың баласы уысында ұстап келе жатқан ел тізгінін мансапқа сатты. Енді бізде халықтың көксеген мүдде­сіне күшпен ғана қол жеткізу мүмкіндігі бар. Осыны ұғып, ұлы мақсатты жүзеге асыруға жең сыбана кіріспекпін.

– Дұрыс-ақ!

– Азаттық жолындағы күреске аймауыт киіп, ақбоз ат мініп шығуға біржола бет бұрдым. Ең әуелгі және түпкілікті ұстанғаным – русстің бодандығына мойынсұна қоймаған ел-жұрттың дербестігін сақтап қалу. Қазақ жерлеріне баса-көктеп бекініс­тер салып, үстемдік жүргізетін жаңа өкіріктік құрып, солар арқылы тұс-тұстан отарлауға жан ұшырған обыр әрекеттің жолын кесу.

– Уа, аруақ! Ақсарбас, ақсарбас!

– Абылайдың рухы өлмеген екен!

– Ер қазақ! Ер, қазақ!

Ел одан сайын дүрлігіп, қазір атқа қонатындай сеңдей соғысты.

Бұл уақта Арқа мен теріскей, батыс аймақтар сегіз дуанға бөлініп, орыстардың боданына айналып кеткен кез. Ақмола өкірігінен Төртұғұл болысының сұлтандары – Күшік, Жадай, Жанай Айшуақовтар, билері – Сейдалы Жанмурзин, Аққошқар Кішпентаевтар Қасымұлының қайсарлығын қызу қолдады. Көкшетау өкірігінен өзінің жақындары Ниген Уәлиұлы, Таны Тортайұлы, Қанқожа Уәли­ұлы Абылай көтерген ақ тудың астына жиылды.

Баянауыл өкірігінен Маман, Тоқтамыс, Таймас, Дүйсенбі, ағайынды Абылаевтар мен Рүстемовтер, Жәнібек Абылпайызов сұлтандар Кенесары қолына қосылды. Барлығы он сегіз сұлтан, он сегіз би, жеті старшын Қасым ұлдарының ұйғарымын мақұлдап, жандарынан табылды.

Әсіресе, сексеннің жуан ортасына таянған, ел арасында беделі биік қарауыл Бөгенбай бидің бірқауым ағайын-туғанын ертіп, сұлтанның оң жағынан табылуы ісіне жан бітірді. Кезінде беймәлім жылқышы Әбілмансұрды айбынды «Абылай хан» дәрежесіне көтерген әрі оның қамқорлығы мен қорғанын көрген ел «Абылай атамның ақ туын қайта көтерем, халқыма теңдігін әперем!» деген хан немересінің сөзін елеусіз қойып, міз бақпай қарап отыра алмаған.

«Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарады». Шонжарлардан жапа шеккен халық Кененің азаттық жолындағы уәжінен құлақтанды. Содан кейін-ақ Кенесары төрені қарашының қамқоршысы көріп, ол көтерген жасыл тудың астына жаппай ағылды. Бес қаруын асынып, азаттық іздеген жасақтардың басында Наурызбай, Әбілғазы сұлтан, Бопай ханымдармен бірге халық батырлары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбайлар тұрды. Қазақтың ардагер ұлдары Шәкір, Жәуке, Төлебай, Көбек, Бөрші, Базар, Басықара, Танаш батыр, Сармантай, Нұрабай, Қарабай батырлар және Қарабас сияқты бекініс бұзып, қамал алған кіл ержүректер Кененің қол астына жиналды.

Басқыншылыққа қарсы бағытталған көтерілісті Сарыарқаның атақты байлары Азынабай, Сапақ, Алдажұмандар да қолдады. Сондай-ақ, Кенесарының қаһарынан тайынған орыс қызметіндегі сұлтандар мен билер де, қол құралған бастапқы кезеңдерде дүбірге қосылғандай сыңай танытып, жақауратты.

Кенесарының ымыраға келмейтін қарсыластары да өз қандастарынан шықты. Ақмола өкірігінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин, кіші жүздің басқарушы сұлтандары Ахмед пен Арыстан Жантөриндер, сұлтан Баймағамбет Айшуақов және өзге де дойыр мінезді дөкірлер көптеп ұшырасты.

– Қамқорлығын аямай, құшағын айқара ашып отырған ақ патшаның ілтипатына сес көрсету – не сұмдық?! Ендігі тұста ел болсақ, орыспен ғана ел боламыз. Ата-бабаңның уақытындағы хандық бүгінгі тірлікке аужал болудан қалды. – Жуанқарын Қоңырқұлжа алыстан орағытып, айбат шеге мардымси ақыл айтты. Домбықтау біткен танауын шүйіре, аспандата көтерді.

Әуелгіде рай танытқан аға сұлтандар мен төрелердің шешуші кезеңде айнып кеткенін көрген Кене табансыздыққа төзбей, ауылдарын қан қақсатты. Күресті қолдаудан бас тартқан ел шапқыншылыққа ұшырап, қатыгездік шекті. Бұл – сертте тұрмаған, уәде – құдай аты екенін ұқпаған жұртты жазалау – бір тұстан әділетті көрінді. Шымбайына батқаны – ақсүйек­тердің басым көпшілігі патша үкіметінің шылбырына оралып, Кенесарыға қарсы аттанған қарулы жасақтардың шаруасын жеңілдетуі. Алайда Кенені қолдаушылардың арасында үш жүздің елі түгел бар еді. Оның бәрі өздігінен қосылды.

Кене Қараөткелдің иініне бой көтерген Ақмола бекінісін алуды көздеді. Қамалдың сыртын айналдыра ор қазылған. Екі күн шайқасып қақпаны бұзды. Қаланың ішінде тағы да қоршау бар екен. Жаны тәтті әбілеттер әлгі тосқауылдың ар жағына бой жасырып үлгеріп, мылтықтарын тарс-гүрс еткізеді. Тама Танаш батыр шапанын майға бұлғап-бұлғап алып, бір шетін отқа шалдырып, найзасының ұшымен көтеріп барып қақпаның арғы бетіне атып жіберді. Борап тұрған оқты керек қылмады. Ізінше соңындағы сарбаздары да отқа тез жанатын бұйымдарға шала тигізіп, апарып тастай берді. Бекіністің іргесі от шалған қаудай лап етіп, дүркірей жөнелді. Бақыр­ған-шақырған әлдекімдердің үні тұншыға шығып жатты. Сол жолы тілмаш А.Чанышев, урядник А.Морожников, казактар П.Таңатаров пен И.Алексеевский өртеніп өлді. Ал ағаш үйлер демде оттың қызыл тіліне оранды.

Шабуылшылар бие сауым уақытта қаланы алды, ішкі қамал да қақпасы ашылып қолдарына өтті. Тек казак-орыс әскерлерінің бас панасы – казарма ырықтарына көнбеді. Есауылдан тартып, аузы түкті орыстар казармаға тығылып, айнала оқ боратып жатыр. Әлгіндегідей шапанды тұтатып лақтыратын жер емес, ашық алаңқайға оқшау орналасқан үлкен үй – адам жуытпайды. Қылтиған басты қағып түсіреді. Араның ұясындай бәлені алыстан бағып, қазақ сыпайлары бекіністегі қалқайған нәрселерді қиратты, үйлерге от қойды. Қала тұрғындары әскер мен әскерилерге қызмет ететін арнайы адамдар тәрізді көрінді. Тұяққа қырды, тек екі орысты ғана тірідей тұтқындап, Қараөткелден әрі өткізіп әкетті. Кең далаға шығып, Кенесары нөкерлерімен ат үстінде сөйлесті.

– Бүгінше қаланы қоршауда ұстаңдар, өртеніп бітсін. Жауыздарды ұясында тұншықтырайық, ешкімді шығармаңдар. Казармадан атылып жатқан оққа қарсы жылқыны саламыз, Қоңырқұлжаның табынын айдап әкеліңдер! – деді Наурызбайға.

Ертеңінде он екі мың жылқыны үш жүз сарбаз қуып әкеп, өртеңге айналған шәріні жермен-жексен етіп, жайпап өтті. Түз даладан басқа ештеме көрмеген жабайы жануарлар көздері шатынап, алдындағыларын жапыра жөңкілді. Орыстардың атқан оқтары нысанаға тимей абдырады. Кісінеген, шыңғырған, омақаса жығылған кіл асаулар. Табынның қалқасымен барып, жырынды жасақ казармаға жан-жағынан от қойды. Ініне түтін салған түлкідей жауыздардың өздері сыртқа атып шығып, тағы жылқының тұяғына тапталды. Кейбіреуі заматында оққа ұшты. Қайсыбірі сол жанған үймен қоса өртенді. Сөйтіп, ет асым уақыттың шамасында казак-­орыстардың бәрінің көзін жойды.

– Ал, жігіттер! – деді Кенесары саңқылдаған үнімен көзі ұшқындап, – Дешті Қыпшақ даласының орталығы, кешегі Абылай ханның айбыны болған Ақмоланы жаудан азат еттік. Дәл осы жерге атамның туын қайта тіксем деп едім, Алла дегеніме жеткізді, шүкір! Содан кейін негізгі қолды «Ұлы ту» деп атағам. Ұлы туды ұлы мұратқа жету үшін осында қадаймын!

Аңғал батыр буырыл атын тебініп кеп, байрақты Кенесарыға ұстатты. Абылайдың ақ туы ақбоз арғымаққа мінген сұлтанның қолында желбіреді. Қап-қара өртенген үйлердің ортасында әппақ ту әуелей көтерілді.

– Аруақ, аруақ! Абылай! Абылай!

– Ақсарбас! Ақсарбас!

– Ер қазақ! Ер, қазақ!

Көңілдеріне жел бітіп, ұран шақырған қол сыртқа қозғалды. Әуелі шейіт болған үш жүзге жуық үзеңгілестерін Қараөткел қабірстанында жер қойнына берді. Сосын, со беті олар қотарыла күзге дейін орыстардың ыңғайына жығылған сұлтандардың ауылын шауып, өздерін жазалап, малдарын айдап әкетіп отырды. Бекеттер мен приказдарға шабуылдап, орыстың ұясын талқандады. Қоңыр күз түсе Кенесары ауылдары Торғай мен Ырғыз бойына қарай ығыса көшті.

Қазақ даласына жер аударылып келген поляк ақыны Адольф Янушкевич әлгі оқиғадан соң араға бес-алты жыл салып, «Ақмола – ұлы даланың болашақ астанасы» деген сөзін қағазға түсірді.

***

Кене құлаған қазақ хандығын қалпына келтіруді көздеді. Дуалы ауызды ақсақалдар мен ел ағалары Кенесарының хан тағына отыруын қолдады. 1841 жылы үш жүздің басы қосылған құрылтай өтті. Шақшақ Жәнібектің шөбересі, Торғайдың төбе биі атанған Шеген шешен:

– Уа, халайық! Бас құрасақ, іргемізді бүтіндесек, ел болсақ деген бір ғана тілекпен Ұлытаудың етегін ұлыжіңгір жиын жасадық. Заманның аумалы-төкпелілігінен алты арыстың баласы бой көрсете алмай қалтарыстың түбінде, аңтарыстың інінде тұр. Баяғы ақырып айбат танытқан, өзге жұрттан үстем мерей ішкі іріңгежіктіктен, алауыздықтан қалыбынан түсіп, пәсейді. Халықтың рухын жыққан дұшпанның мықтылығы емес, біздің мықтылардың осалдығы болды. Көкірегін мұң шалған жасың бар, көзін торта, көңілін кіреуке басқан кәрің бар, бәрінің уа­йымы – келешек күннің келбеті. Ата-бабаларымыз дәл біздей алды-арты тұман заманға тап келді ме екен, келмеді ме екен, әй білмеймін. Асау басыңды бұлғаңдатып қоймай қақпайлы кезден, қыспақты тезден өткізіп, иінге салмаққа алпауыттар аласұрып келеді. Қолына түссең темір ноқтаны кигізіп, шалқақ кеудеңді игізіп құл етуге құлшынып отыр. Ел басқарар төре мен сұлтанның пейілі солардың ыңғайына ауып, ұстараның жүзіндей төңкеріледі. Халық бассыз қалды, әркім кеп бөліп ап үстемдік етіп, тұтастықты ту-­талақай жасады. Құл болар елдің тағдыры ыдыраудан басталады. Ыдыраған жұрт көрінгеннің қолжаулығына айналып, жуындысы мен сарқытын ішіп, тегі мен кегін жоғалтады. Атасы мен бабасын танымайтын болады. Ондай өрен мен ұрпақ керек пе? Жоқ! Ендеше, міне, болашағымызды бүтіндейтін, есе мен теңдігімізді ешкімге жібермейтін күн туды, алаш жұрты! Арғы бабаларымыз Керей мен Жәнібектің көтерген бүтіндік байрағы Абылай ханнан кейін сиырқұйымшақтанып, бүгін сорабы ғана қалып еді. Қазақ хандығының ордасын қайта көтеріп, байрағын әуе­летіп, хан сайлайтын шаққа жеттік, ағайын! Тәуба! Халқы үшін қара басын бәйгеге тігетін Кенесарыдай ұлдарыңды ел жақсылары осы хан тағына лайық көріп отыр! Ел боламыз десек екі тізгін, бір шылбырды ұстатайық Кененің қолына! Асылдың сынығы, көшпелі алтынның сарқыны! Баршамыз осы ақ тілеуге жиналдық! Көнеден жаңаға, бабадан балаға мирас салт-дәстүрімізбен Кенені хан сайлайық! – деді.

– Хан сайладық Кенені! Ер, қазақ, соңынан!

– Қазақ халқының туын биік ете гөр!

– Абылай! Абылай!

– Ер қазақ! Ер, қазақ!

Ұрандаған ел теңіздей толқып кетті.

Бір қауым арнайы алдын ала алдырылған боз айғыр мен боз биені сонадайдан нөпірдің алдына қарай жетелеп әкеп, құрбандыққа шалды.

Ханорданың төңірегіне жиылған иінтірескен халық сол жақ тізелерін бүгіп, түстікке бет бұрған қалпы алақандарын жая ұзақ уақыт мінәжат қылды. Бұл уақта бөлек бір топ Кенені ақ киізге салып, халықты айналдырып жүр еді. Олар араның құжынасындай бықыған қалпы ханды төбелеріне көтеріп, дүбіне дүрліккен дүйім елді жеті айналдырды. «Айналайын» деген сөздің шын көрінісі осы еді. «Халқымның жолында қара басым – құрбан» деген ұғым бар еді мұнда. Осы сертті ежелгі дәстүрмен бекіткен Кене, енді, елі үшін ең бірінші ажалға мойнын ұсынуы тиіс.

Бұқараның бітімімен Кенесарыны таққа отырғызды. Топтың арасынан үстіне кіреуке киген Иман батыр шығып, ханның қолына алтын қылыш ұстатты. Тақтан көтерілген Кене алмасты қынынан суырып ап, сұп-суық жүзіне ернін тигізді.

– Қазақ халқының азаттығы үшін дұшпаныма қылыш боп сілтенем! Әшейін жан тапсырмай, уа жаратқан, өлсем – елім үшін күресте ажал құшайын!

Осы кезде Таймас қымыз толтырылған зерен ұсынды. Сусынға «біссіміллә, – деп ернін тигізіп, – елімнің су ішкілігі ешқашан таусылмасын, у ішсек те ұлысымызбен болайық! Бүтіндігіміз бұзылмасын! – деп қайта қайырды. Таймас өзі бір ұрттап, шүпілдеген зеренді қалыңға қарай аралатып жіберді.

Даусы саңқылдай шыққан әз-Бөгенбай:

– Халықтың пейілімен, бұқараның бітімімен Кенесары сұлтан қазақ елі хандығының тағына отырды. Ол – қазақ халқы мен алты Алаштың ханы! – деп жариялады. Оң жағында тұрған батырдан үш шашақты жасыл туды алып, Кенеге ұстатты. Хан байрақты әрі-бері бұлғады да бала Баубекке ұсынды. Нық басып, туды алған Баубек халыққа таяу шықты. Дөңестегі бұқара алдындағы Шеген би:

– Уа, халқым, қадірлеріңе жететін хан құтты болсын! Ханның қадірін халқы да білсін! – деді айқайлай.

Әдетте бұйығы жататын Хан­ордасы алапат үннен теңселіп кетті. Бала Баубек ақбоз атқа қонып, үш шашақты жасыл туды биікке шарықтата көтеріп, әрі-бері бұлғай жосылта жөнелді. Барша халық пен барлық ұлық тізе бүгіп, мемлекеттік туға ілтипат пен құрмет көрсетті.

Бұрын ел бастаған Кенеге тиесілі болған, енді мемлекеттік туға айналған жасыл байрақ зеңгір көкте көлбей қалықтады. Оның үш шашағы басы бір тудың астына біріккен үш жүзді білдіретін еді.

Кенесарыдай алтын ұрықтың хан дәрежесіне көтерілуі еңсесі түсіп жүрген елдің рухын бір асқақтатты. Құлаған қазақ хандығы 21 жылдан соң қайта өмірге келді. Хан болып сайланған Кенесары бір күннен кейін қоқан басқыншылығына қарсы майданға аттанды.

Кене хан бастаған қол он жыл шайқасында ешкімнен, соның ішінде ақ патша әскерінен жеңілмеді. Тек ел игілерінің алауыздығынан, сатқындығынан жеңіліп отырды. Ақыры соның салдарынан кіші жүз бен орта жүз аймағынан Жетісуға қарай қоныс аударды.

Ондағы ойы ақ патшаның ықпалы жүре қоймаған қоқандықтардың дәргейіндегі Жетісуды өзіне қарату еді. Әуелден қазақ ханының бір ұлысы болып саналатын қырғыз елін бауырына тартып, қоқан күшіне қарсы күресуге жұмылдыруды ойлады. Олардың сөзіне тоқтайтынына сенді. Өйткені қырғызды Шағатай әулетінің ұрпағы билеген Моғолстан­нан қорғаймын деп қазақтың Момыш ханы, Тайыр ханы, Тоғым ханы бәрі көз жұмған. Қырғыздар табанға тапталып, илеуге түскенде Хақназар хан моғолды тұралатып бас көтермейтіндей етіп, жерін кеңейтіп, іргесін бекіткен. Кешегі Салқам Жәңгір хан да қырғыз үшін опат болды. Тәуекел ханның тұсында қырғыздар қазақтың бір ұлысы ретінде жүретініне серт еткен. Абылайдың тұсында да «Жайыл қырғынынан» кейін айыр қалпақтың игі жақсыларын Кебек би бастап кеп, «Тақсыр, хан ием, ақтық сөзіміз. Шылбырымызды қазақтың қолына біржола ұстатып, соңынан ереміз. Алдыңызға жазып-жаңылғанымызды мойын­дап, бас ұрып келіп отырмыз» деп, ырқы мен пейілін түпкілікті қазаққа берген еді. Осыған қапысыз сенді. Бірақ ақ айналып, қара байланып, танып кетті. Кенесары хан басына қарадан үкім шығып, ажал аузында тұрғанда қатыгез озбырларға «Бірақ сендер астымдағы атымнан, қойнымдағы қатыннан, алдымдағы асымнан, иығымдағы басымнан айырсаңдар да, бойымдағы қазақ деген рухтан айыра алмайсыңдар! Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі дербес шаңырақ көтереді!» деп, қалың дұшпан ортасында ұрпағына тәуелсіздік қақында аманат қалдырды. Рухты сөзінің салмағына, арманының асқақтығына жеті қат шайқалып, Алатаудың сүйегі сырқырады. Оның үнімен жалғасқан күрес тоқтамады.

Тарихтың кезеңдерімен жалғасқан күрескерлік, ақырында, тұтас бір құрлықты алып жатқан темір құрсауды тас-талқан еткен қасиетті Желтоқсан оқиғасына келіп тіреледі. Кенесары ханның өлер сәтінде:

«Рухымды менің оятар, Қара жер-бесік тербетсе» деп айтқанындай, шырқырап елінің болашағын қорғаған Желтоқсандағы жастардың азалы үні қара жерді тербеді. Хан кененің рухы оянды. Оның ақтық сөзінде «Сендермен бірге жүрегім» дегеніндей, халқының жүрегіне жерленген қайсар тұлға үш ғасырдай езіп-жаншылған қазақтың санасына тәуелсіздік сәулесін себезгілетті. Көк Тәңірідей киелі аруағы халқының десін жүргізіп, сесін арттырды.

Осының бәрін «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясында қамтуға ұмтылдық. Бұл кітап Кенесары ажалын көтере отырып, қазақ пен қырғыз арасында араздықты қоздыру мақсатында жазылмаған. Керісінше екі елдің ортақ трагедиясын көрсетуге арналған.

«Жайыл қырғынынан» кейін қырғызбен арадағы жанжал тоқтаған еді. Әйткенмен екі елдің татулық пен ымырада өмір сүруі сыртқы аларған көзге тиімді болмады. Олар қайта араға от тастап, бір кезде өшкен күлді қоламтаға айналдырып, қоламтадан өрт тұтатты. Қазақтың тәуелсіздік туын жықпаған, от пен судан тайынбайтын көкжалы – хан Кенеге қарсы айдап салды. Ақыры, боз үйлі қос ағайындының арасынан қисапсыз шығын шығып, аяусыз қан төгілді.

Бүгінде, өмірден озғанына екі ғасырға таяу уақыт өткенде Кенесары хан мен оның жақын үзеңгілестеріне кесілген өлім жазасын екшеу әрі қиын, әрі оңай. Қиын болатыны – екі жақтың бірін ақтап, бірін қаралауға ұрынатынымыз. Қатыгез де қасіретті үкімнің біздің дәуірімізден алшақ жатуы – сол бір қым-қуыт шаққа салқынқандылықпен қарауға мүмкіндік береді. Оңай жағы – осы.

Басқыншылыққа ұмтылған отарлау саясатының арандатуы мен сатқындыққа, жағымпаздыққа, табансыздыққа көзіміз жеткен сайын, Кенесарының қазасы қос халықты одан әрі араздастырмай, татуластыра түсетін ортақ трагедия екенін ұғынамыз…

Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісіне қырғыз ағайындар да басқаша қарай бастады. 2020 жылы Зәмірбек Осоров деген тарихшысы «Егер Кенесары Шу жазығында қырғыздармен соғысса, өзі де өлім құшты. Ал қырғыздар патшалық Ресей билігінің алдында құрдай жорғалап, құлдық ұрып, ханның мәйітін қорлады.

Мен «біздің жерге Кенесарының соғыс аша келді» дегеніне өте күмәндімін. Ақ патшаға қарсы күрескен ержүрек көсемнің ондайға бара қоюы екіталай… Шынтуайтында, ол қырғыз халқы мен би-манаптарынан көмек сұрап келсе керек. Бірақ оның ту сыртынан қанжар сұғып, өлім кештірді. Ал ханның басын ең құнды олжа ретінде орыссия билігіне апарып беруі – осының дәлелі.

Өзінің күллі саналы өмірінде басқыншылармен соғысқан бұл қаһарман адам патша қуғындаушыларынан із суытып, ең жақын туыстары бізді пана тұтып келді. Біз болсақ қорғаштаудың орнына оның басын кесіп ап, патша билігіне тарту еттік. Осыған қарамай қазақтар бізге бауырмалдық сезімін көрсетіп келеді. Егер, біз, қазақтардың ұлы ханына ескерткіш тұрғызып, бауырлас қазақ халқынан кешірім сұрасақ, Бішкектің орталық көшелерінің бірін Кенесары ханның атымен атасақ, дұрыс болар еді. Бұл қадам қазақтармен қарым-қатынасымыздың жақсаруына ықпалын тигізетіні хақ» деп құдайылық сөзін айтып, хатқа түсірді. Сондықтан халықтың еш кінәсі жоқ. Әрі-беріден кейін, Кенесарыны өлтірткен қазақ шонжарларының алауыздығы. Билік десе есі ауып кететін төрелер мен байшыкештер бір-бір аға сұлтан болғаннан соң, ежелгі хандық дәуірге оралғылары келмеді. Оралса, қайта сол көптің біріне айналмақ. Осындай пиғылмен халқын бодандыққа байлап бергенін білген жоқ. Ақырында, халық өз қаһармандарын ұмытып, олардың орнына бұратара (қазақтың елі мен жеріне көзін тігіп, шеңгелін салған басқыншы жұрт) батырларын бастарына көтере тәу етті. Соңынан жаттың иманына үйіріліп, бөгденің тілі, бөтеннің мәдениетіне ауды. Қазақтың басы қызыл империяның бұғауында жүрген кезде-ақ батыр Бауыржан «Кенесарының рухын тірілтуіміз керек» деп соңына үн қатқан. Өйткені Кенесарының мақсат-мұраты қазақты дербес ел жасау болатын. Сондықтан тәуелсіздіктің тұғыры, азаттықтың айбыны ретінде Кенесары ханға әрбір облыс орталығында, аудандарға дейін еңселі ескерткіш орнатқан жөн. Оның тас мүсінге айналған рухы тәуелсіздігімізді қорғап тұрады.

Абылай хан «Бұтаққа су, ұрпаққа рух бермесең – көгермейді» деген өсиет қалдырыпты. Міне, бабалар өсиетіне мемлекеттік іспен жауап беретін уақыт әлдеқашан келді. Арамыздағы тілі мен санасынан айныған ұлтсыз ұрпақ – арашаға зәру. Ұлттық рух пен тәуелсіздік бостан сананы асқақ ұстап отыру – мәңгі-бақилық борыш.

Тәңір бізге тәуелсіздікті сол үшін маңдайымызға жазған!

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button