Басты ақпаратҚоғам

АЖАРЫ КІРГЕН АУЛАЛАР



Астана күннен күнге көркейіп, қала тұрғындары мен қонақтарын қуанышқа бөлеуде. Оны салынып жатқан биік-биік ғимараттардан да, әрбір үйдің ауласынан да байқауға болады. Ал осы жазда бірқатар өзгеріске ұшырағаны – балалар алаңқайы.

Ананың көңілі балада болғанымен, баланың көңілі қашанда далада. Шынымен де, күннің көзі күлімдеп тұрғанда, қазір балақайлардың аулаға шығып, нағыз бой жазатын мезгілі. Сол себепті біз қаладағы Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарының әкімдігінен тұрғын үйлердегі балалар алаңында нендей өзгеріс барын сұрап білдік.

АЛАҚАЙ, ЖАҢА АЛАҢҚАЙ!
Астана күніне орай Сарыарқа ауданында жаңадан аула ашылып, қала тұрғындарына тамаша тарту жасалды. Н.Тілендиев, 36 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй маңында заманауи резеңке жамылғысы төселген балалар алаңы пайда болды. Онда 12 шағын сәулет кешендері, атап айтсақ, сүңгуір қайық, әткеншек, алтыбақан, құмсалғыш, мұнаралы кешен, «Өрнек» ойын кешені, сыр­ғанақ, «Кірпі» үйшігі сынды түрлі-түрлі пішіндер орнатылған. Балаларға арналған кешенмен қатар, 600-ден аса отбасының мекеніне айналған орамда спорттық жаттығу залдары, футбол алаңдары және тұрақ орындары қарастырылған.

Салтанатты шараға қала әкімінің өзі келіп, абаттандыру жұмыстарын ойдағыдай жүргізіліп жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысы тұрғындарға жайлы жағдай жасап, балаларға арналған спорт және ойын алаңдарын қалпына келтіруді және жастарды белсенді өмір салтына шақыруды тапсырған еді. Осы жылдан бастап, қала әкімдігі 370-ке жуық ауланың құрылысын бітіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық жаттығу залдары, көлік иелері үшін паркингтер мен жаяу жүргіншілерге 40 әлеуметтік орынды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді Әсет Исекешев.

Ал Самал шағын ауданында тура сол ретпен балаларға арналған 3 жаңа алаңның құрылысы басталып кетті. Бүгінде онда 20 шағын сәулет кешені орнатылды.

Тағы бір қуа­нышты хабар, тұрғын үйлердің аумағында асфальт-бетон жамылғысы жаңартылған. Футбол және баскетбол алаңдарын жөндеп, қайта сырлаған. Ал істен шыққан сәулет кешендері алмастырылып жатыр. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің ауласына жарық қою да қарастырылды. Арнайы жарық құрылғыларды 103 аулада орнату жоспарда бар. Ал әзірше 56 шам 33 үйде орнатылған.

Бүгінде ауданға қарасты 30 мекенжай бойынша аулалар мен жолда жөндеу жұмыстары атқарылды. Жалпы, Сарыарқа ауданында 229 тұрғын үйдегі ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Оның 21-і балаларға арналған алаңмен толықтай жабдықталады деп күтілуде.

ТҮРЛЕНГЕН ТҰРҒЫН АЛАПТАР
Қала күніне орай Алматы ауданында орналасқан Кенен Әзірбаев көшесі, 6, Бараев көшесі, 13, Қошқарбаев көшесі, 40 үйлердің ауласында («Тұрсын Астана-2» тұрғын үйі), «Сарайшық» тұрғын үй кешенінде аула күні мерекесі тойланды. Бұл игі шара жыл сайын кешенді абаттандырудан өткен тұрғын үй аулаларында өткізіліп келеді. Алматы ауданына қарасты Күйгенжар тұрғын алабы да назардан шет қалмай, қалалық жағажай абаттандырылып, пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда аудан аумағында көпқабатты 1138 тұрғын үй болатын болса, осы тұрғын үйлерді 603 аула қамтиды. Әрбір тұрғынның жайлы өмірі мен жасампаз тіршілігі, қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін аулалардағы инфрақұрылым аса маңызды.

Биыл Алматы ауданында 125 тұрғын үй ауласын кешенді абаттандырудан өткізу жоспарланған болатын. Бүгінде оның 13-і абаттандырылып, 5-еуі пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Тәшенов көшесі, 15 және 6/1, Майлин көшесі, 23, Күйші Дина көшесі, 4, Абылайхан даңғылы, 6/4, Ш.Уәлиханов көшесі, 9, 9/1, 9/2, Қошқарбаев даңғылы бойындағы 40, 40/1, 42, 46, 46/2 үйлерде және ­Б.Момышұлы саябағында ойын алаңдары орнатылды.

Ал 60 ауланың абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Мәселен, «Сарайшық» тұрғын үй кешенінде, «Тұрсын Астана-1», «Тұрсын Астана-2» тұрғын үй кешендерінде орналасқан 22 аулада және басқа да мекенжайдағы аулаларда 277 спорт және ойын алаңы, жалпы көлемі 6150 шаршы метр болатын жерге тас төселіп, асфальтталды. Аталған аулаларда 375 балалар ойын кешені және шағын сәулет кешені қойылып, 7 спорттық алаң жаңартылып, 4 шағын футбол алаңы абаттандырылды. Ал 8 мекенжай бойынша 62 көшелік жаттығу алаңдары орнатылды.

«ҚҰЛАГЕР» ТҰР ҚҰЛПЫРЫП
Есіл ауданында «Құлагер-1», «Құлагер-2» және «Құлан» тұрғын үйлері бойынша абаттандыру жұмыстары аяқталды. Аудан әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауладағы өзгерістерді қала басшысы Әсет Исекешевке таныстырды. Алаңқайға қарасаңыз көз тартып, көңіл қуан­тады. Кешенді жөндеу жұмыстарынан кейін, балалар заманауи спорт кешендерінде гимнастикамен шұғылданып, футбол ойнап жүр. Одан кішкентай бүлдіршіндер үшін аулада құм төселген. Балалар ойнайтын алаңмен қатар, шұрық-тесік жолдарға көңіл бөлініп, біразы жаңартылып қалғанын айту керек.

Астаналықтар өз ауласындағы оң өзгерістерді байқап, әкімшілікке алғысын жаудырып жүр. Әсіресе, балаларын көзінің қарашығындай қорғайтын әке-шеше үшін ойын алаңдарының қауіпсіздігі аса маңызды. Әкімдікке сенсек, осымен жұмыс тынған жоқ. Себебі жыл соңына дейін 370 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button