Елорда тынысы

Азық-түлік себеті таратылды



Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Құрбан айт мерекесіне орай демеушілер мен еріктілердің көмегімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті тапсырылды. Қала әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, қайырымдылық іс-шарасында 1000-нан астам отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді. Азық-түлік жиынтығын таратуда еріктілер мен белсенді азаматтар көмек көрсетті.

Қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет ­Әлмұхановтың айтуынша, елордада әр тоқсан сайын мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі.

«Қала әкімдігі жыл басында Qazaq oil-мен меморандумға отырды. Енді тоқсан сайын мұқтаж жандарға көмектесуді көздеп отыр. Осы жолы азық-түлік себетінің жанына құрбандыққа шалынған мал етінің бір бөлігін қосып бердік. Құрбан етінің үштен бір бөлігін елорда тұрғындары, оның ішінде мұқтаж жандарға тарату көзделген. Тұрғындар тізімі қала және аудан әкімдігіне түскен өтініш бойынша жасалды. Мұндай сауапты істе көмектесіп жүрген барлық жанға алғыс білдіремін. Құрбан айт мейрамы құтты болсын!» деді басқарма басшысы.

Елордада 180 мыңнан аса әлеу­меттік жағынан аз қамтылған отбасы бар. Биыл осы санаттағы 4 мың отбасыға азық-түлік себетін тапсыру жоспарланған. Игі істің басы-қасында жүрген қала әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек өз сөзінде соңғы 4 жылда осындай 30-ға жуық қайырымдылық іс-шарасы өткенін айтты.

«Бүгінгі іс-шара дәстүрлі «Игі істер» марафоны аясында өтіп отыр. Себетте әлеуметтік маңыз­ды азық-түліктер мен үй шаруа­шылығына қажетті заттар бар. Бір қораптың салмағы шамамен 40 келіге жуық. 2019 жылдан бері 30-ға жуық осындай игі іс атқарылды. Осы орайда барлық елорда тұрғындарын қайырымдылық жасауға шақырамын. Құрбан айт баршамызға құтты болсын!» деді қала әкімінің кеңесшісі.

Азық-түлік себеті тізімдегі мекенжайлар бойынша таратылды. Елордаға 2008 жылы Леңгірден көшіп келген Гүлбина Көшер­баева қайырымдылық жасап жүрген жандардың бәріне алғысын білдірді.

«Бізге көмек көрсетіп жатқандарыңызға өте қуаныштымыз. Менің 5 балам бар. Үйде жолдасым ғана жұмыс істейді. Бұл азық-түлік себеті – біздің отбасымызға үлкен көмек. Қазір бір келі шекердің өзі 625 теңге тұрады. Қымбатшылық заманда азық-түлікке көп ақша кетеді. Қазір үй кезегінде тұрмын. Бізге көмектесіп жатқан қала әкімдігіне, Байқоңыр ауданының әкімдігі мен еріктілерге алғысымды айтамын!» деді Гүлбина Көшербаева.

Астанада 20 жылдан бері тұрып жатқан Гүлнәрайым Мырзабекова қала әкімдігі әрқашан көмек қолын созатынын айтты. Игілікті іс екі күнге дейін жалғасады.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button