Басты ақпаратЖаңалықтар

Азық-түлік белдеуі – тұрақтылық теңдеуі



Елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту – маңызды мәселе. Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалиновтың қатысуымен арнайы өткен конференцияда азық-түлік белдеуін бекемдеу жан-жақты талқыланды.

ERM_6399

Алдымен қалалық ауыл шаруа­шылығы басқармасының бастығы Әсет Құрманғалиев «Астана қаласы айналасындағы азық-түлік белдеуі: нақты жағдайы, мәселелері, келешегі» деген тақырыпта баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елорда айналасындағы азық-түлік белдеуінен жеткізілетін өнім түрлері тұрғындар сұранысының тек 35 пайызын ғана өтеуге қабілетті екен.

– Біздегі белдеуде қала жұртшы­лығының сұранысын артығымен өтейтін өнім түрлері де жеткілікті. Ең бірінші ұн және нан өнімдері, макарон, жұмыртқа сияқты тауарлар қала қажеттілігін толығымен өтеп отыр. Бәрі де отандық өнімдер, сырттан тасымалданбайды. Астананың азық-түлік белдеуіне кіретін Ақмола және Қарағанды сияқты облыстар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 28 позициясын толық өтеуге мүмкіндігі бар. Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері 33 позициядан құралады. Көріп отырғанымыздай, бұл позицияны 100 пайызға жуық өтеуге белдеудің мүмкіндігі жетеді. Қалалық әкімдік азық-түлік белдеуінің аймағын 60-100 шақырымға қысқарту арқылы тасымал қашықтығын азайтып, өндіруді және сақтау мен өткізуді бірыңғай жүйеге ықпалдастыру жолымен «кластерлік кооперациялар» құруды ұсынған болатын. Бұл өте тиімді ұсыныс. Өйткені, белдеу аймағын қысқарту нәтижесінде тауарларды әрі-бері тасымалдау кезінде кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ делдалдардың жолы кесіліп, олардың қызметіне үлкен тосқауыл қойылады. Мұның өзі тауар бағасының шамадан тыс артуына жол бермейтіні белгілі. Сөйтіп, Астананың азық-түлік белдеуінде жұмыс жасайтын тауар өндірушілерге өнімдерін елордадағы сауда нүктелеріне ешқандай кедергісіз жеткізуге жағдай жасалады. Астанада жергілікті азық-түлік белдеуінде өндірілген өнім көлемі арта түсетін болады, – деді белдеудің келешегі жөнінде басқарма басшысы.

Конференцияға «Қазагрофинанс», «Қазагромаркетинг», «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры», «Астана» ӘКК ҰК» сияқты іргелі ауыл шаруашылық құрылымдарының өкілдері қатысып, өздерінің жобаларымен таныстырды.

Жиын соңында ұсынылған жобаларды іске асыру бағытында Астана қаласы әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақмола және Қараған­ды облысының әкімдіктері ынты­мақтастықты дамыту меморандумына қол қойды. Осы құжат аясында тауарлардың ішкі нарыққа өтуін оңтайластырып, делдалдардың қызметіне тосқауыл қою, тасымал шығындарын төмендетіп, шынайы бағаны қалыптастыру көзделіп отыр.

М. ШАМҰРАТОВ, astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button