Басты ақпаратСараптама

Бағдарлама несімен тиімді?



Ұлттық байлықты теңдей бөлу мақсатында құрылған Ұлттық қор қаржысының ендігі бір бөлігі болашағымыз – балаларға арнап жиналмақ. Келер жылдан бастап балалар Ұлттық қордан өз үлесін алады. Қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді. Ал Ұлттық қор қаржысынан оларға қанша қаражат жиналады? Оның тетіктері қандай? Жыл сайынғы жинақ соммасы қанша? Жинақтар қандай мақсатта жұмсалады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Балалар жылы аясында ұсынған еді. Осы ретте ол жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалардың жеке шотына аударып отыруды тапсырды. Президент әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін мәлімдеді.

«Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңыз­ды деп санаймын. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына бөлуді ұсынамын. Жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді» деп Мемлекет басшысы Ұлттық қор шынымен «ұлттық» деген мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететінін атап өтті.

Бағдарламаға кімдер қатысады?

Ұлттық қордан бүгінге дейін үлес алатын балалардың саны қанша дегенге келсек, соңғы ресми деректер бойынша еліміздегі 18 жасқа толмаған балалардың жалпы саны шамамен – 6,7 млн. Дегенмен ауыл-аймақтарда құжаттары жоқ балалар бар екенін және шетелде тұрып жатқан азаматтарымыздың балалары туралы толыққанды мәлімет болмауы мүмкін екенін ескерсек, бұл көрсеткіштің өзгеруі анық.  Туу көрсеткішінің тұрақты динамикасын да есептесек, 2024 жылға қарай кәмелетке толмағандар саны 7 млн-нан асады.

Кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. Егер 18 жасқа толмаған бала шет елге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді. Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады. Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны «Ұлттық банк» түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады. Әр жылдың 20 қаңтарына дейін бағдарламаға қатысатындардың соңғы тізімі жасалып, 31 қаңтарға дейін шотқа ақша аударылады.

Бағдарламаға қатысты тиісті заң жобасы жақында Мәжіліс қабырғасында қаралып, талқыланды. Отырыс­та Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ аталған заң жобасының ерекшеліктерін түсіндірген еді. Оның айтуынша, Ұлттық қор қаражаты тек қана тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім алу мақсатында пайдаланылады.

«Тұрғын үйді тек Қазақстан аума­ғында ғана сатып алуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар. Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған. Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Шоттағы ақша доллармен есептеледі және 18 жасқа толғанда доллармен беріледі. Бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі. Бір үйдің балалары Отбасы банктен ортақ депозит аша алады. Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты Отбасы банктегі ортақ депозитке аудару құқығы беріледі. Яғни ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын Отбасы банкіне аударып, бірігіп пәтер сатып ала алады. Балалардың арнайы жинақтаушы шоттарының операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады» деді депутат.

18 жылда қанша қаражат жиналады?

Ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама жайлы естіп, қуанып қалған қауымды алдымен әр баланың еншісіне шамамен қанша көлемде қаржы бұйыратыны қызықтырды.

Бала туған кезде қаржы түсетін арнайы шот Әділет министрлігінің жеке тұлғалар дерекқорының ақпараты негізінде тіркеу кезінде автоматты түрде ашылады. Жиналған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынады. Болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 500 АҚШ доллары жиналады. Шамалап көрсетілген бұл сома, яғни доллардың бүгінгі бағамымен есептегенде 1 млн 500 мыңнан аса теңгеден үміттеніп қалған біраз жұрттың ойлағанындай емес екені белгілі. Бірақ экономистер бұл жинақтың инвестициялық табыс есебінен арта түсуі мүмкін екенін де айтып жатыр. Осы орайда бірқатар сарапшыны сөзге тартып, пікірін білдік.

Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, әлемдік тәжірибеде бар бағдарламаның біздің елімізде де жүзеге асырылатыны өте құптарлық қадам. Алайда көңіл көншітпейтін жайттар да жоқ емес.

«Жоба идеясы өте жақсы. Алайда түсетін қаражаттың көлемі төмен. Біріншіден, бұл Ұлттық қор қаражатының аз мөлшерде болуымен байланысты. Екіншіден, Қазақстанда инвестициялық кірістілік аз. Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігі жылына орташа есеппен 2 пайызды ғана құрайды. Кей жылдарда 0 пайыз болып, ешқандай өсім көрсетпеген еді. Яғни, мұнда маңыздысы – инвес­тициялық кірістілікті арттыру. Араб елдерінің, Норвегияның мысалына қарасақ, инвестициялық кірістілігі орташа есеппен 7 пайыз. Ал, 2 пайыз кірістілікпен есептегенде, әр балаға 100-150 АҚШ доллары түсетін болып тұр. Егер ол 6-7 пайыз болса, жылына кем дегенде 500 АҚШ доллары түсер еді. 2023 жылдың наурыз айының соңына қарай Ұлттық қордың активі 58,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бізге қордың кірістілігін арттырып, түсімдерін ұлғайту керек. Президенттің өзі жақында 2030 жылға дейін Ұлттық қордың көлемін 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу керек деп тапсырма берді. Меніңше, оны шетелге кетіп қалған активтерді қайтару арқылы одан да ерте уақытта жүзеге асыруға болады» деді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай бала кәмелет жасына толғанша, жиналған қаражат тиын-тебен болып қалмау керегін айтады.

«Айталық, бала мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмай қалса, оны 4 жылғы оқуының ақшасын төлеп, жатақханамен қамтамасыз ету керек. Егер жоғары біліміне жылына 1 млн теңге көзделсе, 4 жылда 4 млн теңге, жоқ дегенде 8-10 мың АҚШ доллары кетеді. Ал 3 500 АҚШ доллары қазірдің өзінде үш есе аз болып тұр. Ең алдымен баланың жоғары білім алуына жағдай жасау керек. Демек, 3 500 АҚШ долларын кем дегенде 10 мың АҚШ долларына дейін өсіретіндей жағдай мен мүмкіндік жасалғаны жөн» деді ол.

Сондай-ақ, сарапшының айтуынша, жобаның тиімсіз бір тұсы – кәмелет жасынан асқан баласы бар, не мүлде баласы жоқ азаматтар Ұлттық қордан өз несібесін көре алмауы. Яғни, қоғамның бір бөлігі жобадан тыс қалып, бұл шешімнің олар үшін әділетсіз екенін сезуі мүмкін.

Шетелдің тәжірибесі қандай?

Біріккен Араб Әмірліктерінде мұнай мен газдан түсетін кірістерді пайдалана отырып, мемлекет жаңа туған нәрестенің болашағын қамтамасыз ету үшін депозиттік шот ашады. Әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың АҚШ доллары жиналады. Алайда, ел азаматтарының 15 пайызы бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Бұл өз кірістерінің жеткілікті болуымен түсіндіріледі.

Ирландия балаларға депозит түрінде ақша төлейді. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 АҚШ долларын бөледі. Баланың ата-анасы ақшаны үшке бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 АҚШ доллары жәрдемақы ретінде төленеді.

Норвегия – сыртқа мұнай мен газ экспорттайтын Еуропадағы бірден-­бір ел. Яғни, мұнай мен газ саудасынан әрбір норвег азаматы үлес алып отырады. Осы күні әрбір норвег азаматының жеке шотында 100 мың АҚШ долларынан астам қаржы бар. Норвегия адам даму индексі бойынша 2009 жылдан бері бірінші орынды бермей келеді. 3 жастан 18 жас аралығындағы сәбилер мен жас жеткіншектерге мемлекет 1620 АҚШ доллары көлемінде жәрдемақы төлейді. Мұнай ғана емес, елдегі табиғи байлықтың бәрі халықтың ортақ меншігі, ұлттық жетістігі саналады.

Балалардың қажетіне жарай ма?

Бүгінгі күнгі бағам бойынша 3 500 АҚШ доллары 1 549 024 теңгені құрады. Осы тұста, біз Астана қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алудың құны мен тұрғын үй бағасын салыстырып көрдік.

Мәселен, елордадағы Еуразия ұлттық университетінде бір жылдық оқудың бағасы 1-1,2 млн теңге. Оқу құны түлек таңдаған факультетке байланысты өзгереді. М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде оқу құны кем дегенде 1,5 млн теңгеден басталады. Ал қаладағы ең қымбат баға Назарбаев университетіне тиесілі. Мұндағы білім алу бағасы 7-9 млн теңгені құрайды.

Пәтер бағасына келетін болсақ, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылдың мамыр айында тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы: жаңа тұрғын үй үшін 486 040 теңге, пәтерді қайта сату 505 679 теңге болды. Осылайша, бір бөлмелі пәтердің, ауданы 36 шаршы метр болса, бағасы 17 497 440 теңгені құрамақ.

Ел табысының шарапатын әр шаңырақ сезінуі тиіс. Алғаш рет енгізілгелі отырған бастамаға қатысты алып-қосар жайттар баршылық. Бастысы, Үкіметтің Ұлттық қорды сауатты басқарып, инвестициялық табысын еселеп арттырғаны маңызды. Сонда балалардың арнаулы есепшотына қаражат тамшылап емес, тасқындап құйылатын болады.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button