Басты ақпаратМәселе

Алапат аптап

Жер шарын мекендеген халық биыл тарихтағы ең алапат аптапқа тап болды. Жердің шаңын шығарып, апшысын қуырған ыстық климат ерте көктемнен басталды. Көктем басталысымен-ақ «Қазгидромет» оңтүстік түгіл, еліміздің солтүстігінде +44°С ыстықты тіркеді. Сарапшылар биыл Қазақстан мен Сібірде Африкадан да өткен аптап ыстық болатынын айтып, дабыл қақты.

 Қауіпті болжам

Соңғы сегіз жыл планета тарихындағы ең ыстық кезең болды, ал Еуропа мен Қытай өткен жылы бұрын-соңды болмаған ыстық жазды басынан өткерді. БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының бес жылдық жаңа болжамы алдыңғыларға қарағанда алаңдатарлықтай болып шықты. Жер шарындағы ең ыстық жыл ретінде тіркелген – 2016 жылғы рекорд бұзылғалы тұр. 98% ықтималдықпен ол 2023-2027 жылдардағы орташа температура өткен бесжылдыққа қарағанда жоғары болады деп айтып отыр.

Биылғы жаз, әсіресе, Еуропа, Азия мен Солтүстік Америкада ерекше болып тұр. Кейбір өңірлерде ауа температурасы 50 градустан асты. Мұндай температура бұрын-соңды тіркелмеген. Соңғы 8 жылдағы зерттеулер нәтижесі бойынша аптап ыстық жылдан жылға күшейіп барады. Былтыр жазда Еуропада температураның қалыпты деңгейден жоғарлауы салдарынан 60 мыңнан аса адам қайтыс болды.

Қазақстандағы жағдай қалай?

Мамыр айында Қазақстандағы аптап ыстық 50 жыл бұрынғы температуралық рекорд тіркелсе, маусым айында «Қазгидрометтің» ақпараты бойынша, Қазақстанда 102 жыл бұрын болған температуралық рекорд жаңартылды. Астанада жаздың алғашқы айында ең жоғары ауа температурасы 6 маусымда тіркелді, термометрлердің бағандары +38,4 С белгісіне жетті, осылайша 1939 жылғы рекорд (+35,7 С) жаңарды.

«Бұған Жер шарындағы климаттың өзгеруі қуатты ықпал етуде. Себебі, ғылыми талдаулар көрсеткендей, жаһандық жылыну әсіресе жоғарғы ендіктерде барынша экстремалды температураларды туындатады» деп жазады америкалық саяси шолушы Лора Паддисон.

«Еуразия континентінің орталығында орналасқан және мұхиттан едәуір қашықтыққа (2-3 мың км) алыс орналасқан Қазақстанның аумағы солтүстік жарты шар мен жер шарына қарағанда едәуір қарқынмен жылынуда» деп атап өтті «Қазгидромет» РМК Ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев.

Аптаптың алдын алу керек

– Ыстыққа бейімделмес­ке амал жоқ. Табиғаттың тосын мінезіне шыдас беріп, алдын алу жұмыс­тарын күшейту керек. Тұрғындар да денсаулығына бейжай қарамай, имунитетті көтеріп, ыстыққа төзуді қолға алған жөн. Басқа жолды көріп тұрған жоқпыз. Қытай қырғиқабақ соғыстан қалған бомбадан сақтану паналарды қолдануды ұйғарды. Бункерлерде демалыс орындарын ашып, қойманы дәрі-дәрмекпен толтырмақ. Мюнхенде қала картасына көлеңке жерлер белгіленген мобильді қосымша іске қосылды. Сол арқылы саябақтарды табуға болады. Ал Барселона билігі «климаттық баспаналар» жобасын іске қосты. Яғни кез келген адамға кітапхана, мұражай мен мектеп, спорт орталықтарына барып, демалуға болады, – дейді Барселона денсау­лық сақтау институтының профессоры Джоан Баллестер.

НАСА-ның климатолог мамандары жылдан жылға күннің ысуы жоғарылай беретінін ескертті. Сондықтан қазірден бастап климаттың өзгеруіне бейім­делу маңызды болып отыр.

Экологтардың айтуынша, жаһандық жылынудың алдын алуға болады. Ол үшін әлем елдері келісімшартқа отыру керек. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің бірқатары балама энергия көздеріне 30-40%-ға көшті. Осы бағытта Америка, Еуропа елдері жақсы жұмыс істеп жатыр. Қазақстан, Ресейге жаһандық жылыну мәселесін алдын алуға байланысты қыруар жұмыс атқару керек. Мәселен, біздің елімізде балама энергия көзін пайдалану тек 1% ғана. Бұл – өте мардымсыз жағдай. Ендеше, климаттың өзгеруі, теңіз деңгейінің көтерілуі, мұздықтардың еруі секілді табиғи зардаптар адамзатқа орасан қауіптің келе жатқанын сездіргендей.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button