Басты ақпаратМәселе

Бай-бағландар салығы

ол қашан жүзеге асырылмақ?



Астана – ауқаттылар қаласы деген сөздер халық арасында жиі айтылып қалады. Әрине, қалталы адамдар тек елордасында ғана емес, еліміздің кез келген қаласында бар. Ондай адал еңбегімен, маңдай терімен дәулет жинаған жандарға бұқараның құрметі де зор. Ал олигархтардың жөні бөлек. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, «олигарх» деген сөз қолындағы билік арқылы дәулет жинағандарға қолданылады екен. Яғни мемлекеттің заңдарын өз мүдделеріне қарай икемдеп, сол арқылы қалтасын қампитып, шетелге қомақты қаржы шығарып үлгергендер. Міне, сол супер байлар елде ресми түрде 162 адам деп саналғанымен, шын мәнінде одан әлдеқайда көбірек сияқты. Осыған байланысты елде жаңа салық кодексін қабылдау міндеті тұр.

Қоғамға қажет заң

«Бұл жердегі негізгі мақсат – байлар көбірек салық төлеп, кедейлер соның арқасында молырақ өтемақы алса, сөйтіп елде әлеуметтік әділеттілікке бір қадам жақындай түссек деген ой. Кейінгі кезде осы сән-салтанат салығын енгізу идеясын әркім де құптап отыр. Әрине, ол біздегі кедейшілік мәселесін түпкілікті шешпейтіні түсінікті. Дегенмен, қазіргі шамадан тыс байлыққа кенелген олигархтарға мұндай талап қойылуы – бірден-бір дұрыс мәселе. Тек енді осы қолға алынған реформаны жүзеге асыру үшін құқықтық тетіктер, заңдық тұжырымдар керек. Осыған орай алдағы уақытта елде жаңа заңдар қабылданбақ. Оның 2017 жылдың 25 желтоқсанында қабылданған салық кодексінен басты айырмашылығы – салық жүйесіндегі ашықтық пен тең мүмкіндіктері болуы қажет, – дейді экономист Жұмағазы Кенжебек.

Мойындау керек, сән-салтанат салығы туралы айтылып келе жатқанына он жылға жуық уақыт өтті. Ал ресми түрде ол Үкімет тарапынан нақты шешімін таба алмай келеді. «Қазынаның бүйірін толтыруға септігі тиер еді» деп алқалы жиындар мен үлкен мінберлерде айтылғанымен, заң жүзінде қабылданбай тұр. Бюджетті жоспарлау мен оны мақсатты орындау жақында Мемлекет басшысының назарына ілікті. Шығындар мен мемлекет қарызы өсіп барады. Ұлттық қордағы трансферттер төмендемей тұр. Жиналып келгенде, осының барлығы түйінді мәселеге айналуда.

Тағы бір атап айтарлығы, Қазақстан Республикасының Бюдждет кодексі 2008 жылы қабылданыпты. Содан бері бюджет саясатын оңтайландыруға шенеуніктердің желкесінің қыры жібермей келеді. Ал бұл дегеніңіз, жылдан жылға немқұрайлылықтың құрсауынан шыға алмау екенін екінің бірі мойындайды. Енді, міне, тағы бір бағдарламалық құжатты жаңартпай, алға қойған жоспар да, мақсат та орындалмайтыны көрінеді. Сондықтан осы жылы Парламент қарауына Бюджет кодексінің жаңа жобасы ұсынылады деген сөз.

Табысы екі жүз мың теңгеге дейінгі азаматтардың салығын азайту мүмкіндіктерін, ал табысы
500 мыңнан жоғарыларға 15 пайыз салық салуды қарастырса дегендей ұсыныстар болды

Мамандардың пікірінше, байлыққа салынатын салықты нақты заңмен бекіту үшін елдегі ақша ағымын реттеп алу керек екен. Бұл жерде қаржы-өндіріс топтары ірі бизнестерінің де мүддесі ескерілуі тиіс. Сондықтан салық кодексіне өзгерістер енгізер кезде ҚР Президенті қазынаны толтыруды ғана мақсат етіп қоймай, одан туындайтын өзекті күрмеулі мәселелерді де қатаң ескеру керектігіне баса назар аударды.

Әңгіме лоббизм төңірегінде болып отыр. Мемлекет басшысы жемқорлықпен күрес аясында лоббилауды реттейтін арнайы заң қажеттігін қозғады. Ал құзырлы мемлекеттік органдар осыған қатысты заңды қарауға асығар емес. Үкіметте, саяси элитада осы заң жобасының қабылданбауына мүдделі топтар бар сияқты. Түптеп келгенде, оларға құқықтық жағынан шектелмей, көлеңкеде жұмыс істеген тиімді. Ал шын мәнінде, лоббизм туралы қандай да бір заңдық күші бар құжаттың қабылдануы азаматтық институттарға  заңнамалық процеске қатысуға жол ашпақ.

Лоббиге жол жоқ          

Өткен жылы өзінің халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев байлыққа салынатын салық туралы айтып, оның орта тапқа қатысы болмауын тапсырды. Табысы екі жүз мың теңгеге дейінгі азаматтардың салығын азайту мүмкіндіктерін, ал табысы 500 мыңнан жоғарыларға 15 пайыз салық салуды қарастырса дегендей ұсыныстар болды.

Расы керек, байлыққа салық салу мәселесі елде 2013 жылдан бері  көтеріліп келеді. Бірақ нақты бір нәтиже әлі шешімін таба алмауда. Өйткені бұл бастаманы қолдамайтындар бұрынғы депутаттар арасында көп болғанға ұқсайды. Бұлай деуіміздің себебі – елде 2007 жылға дейін прогрессивті салық салу тәсілі қолданылып келген екен. Экономист Жанкелді Шымшықтың айтуынша, салықтың пропорционалды және осы прогрессивті екі түрі болса, оны 2007 жылы депутаттар лобби жасап тоқтатып тастаған. Міне, сол бұрынғы тәсілді қайтадан жаңғыртса, құба-құп болар еді. Әйтпесе, бір адамда яхта бар да, екіншісінде велосипед те жоқ. Әрине, «бұл нарық заңы» дейтіндер табылады. Сөз жоқ, бізде қазір сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдікті қалыптастырып отыр. Айына 50 мың теңге табыс табатын да, айына 50 миллион теңге алатын адам да екі жүз теңгенің нанын сатып алып отыр. Міне, прогрессивті салық осы әділетсіздікті жоюға бағытталар еді. Мұндай салық салу тәжірибесі дүние жүзінде бар. Тек оны біз өзіміздің мүмкіндіктерімізге ыңғайлап жүзеге асыруға болады.

Тағы бір мәселе – қымбат көліктерге салынатын салық. Оны да қазір 50 миллион теңгеден асатын көліктерге салу керек деген ұсыныстар айтылуда. Мұндай көліктер елімізде барлық көліктің 1,5 пайызындай болады екен.

Ал жылжымайтын мүлікке салынатын салық оның құнына байланысты айқындалмақ. Мәселен, бағасы 450 миллион теңгеден асатын үйлерге салық кодексінде жазылған мөлшерде салық салу қарастырылып отыр. Қазір бұл мәселе мамандар арасында да, сарапшылар ортасында да кеңінен талқыланып жатыр. Өйткені жаңа салық кодексі Парламентке осы жылдың аяғында енгізіледі. Ал оны халық қалаулылары қарап, талқылап заңдық тұрғыда қашан қабылдайтындары әлі белгісіз.

Қазына еселенер еді

– Бай-бағландарға салынатын салық деп біз ауыз толтырып айтып жатқанымызға, қызыл кеңірдек болып талқылап жүргенімізге екі-үш жылдың жүзі болды. Ұлттық экономика министрі өз ұсыныстары мен тұжырымдарын алға тартады. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты болғанымен, тереңірек үңілсек, мұның астарында халықтың қамын ойлау жатыр ма, әлде баяғы сол қисапсыз байығандардың мүддесін көздеп, соларды қорғаштау жатыр ма? Осы жерін нақты ашып алу керек, – дейді  экономист Ермұқан Жамаев.

Ұлттық экономика министр­лігінің мәліметінше, биыл қаңтар мен мамыр аралығында бюджетке түскен салық 6 667, 3 млрд болыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,4%-ға көп екен. Сондай-ақ салықтан республикалық бюджетке – 3 триллион 776,7 млрд., жергілікті бюджетке – 1,793,6 млрд., ұлттық қорға – 1 млрд, 7 миллион қаржы түсіпті. Мамандардың айтуынша, осы қаражатты сән-салтанат салығы арқылы бірнеше есе көбейтуге болады екен. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі таңда Қазақстанда ресми тіркелген жеке ұшағы мен яхтасы бар 384 адам бар көрінеді. Олар жылына осы мүліктері үшін мемлекетке тек 13 мың ғана салық төлейтін көрінеді. Ал 620 адамның өте қымбат көлігі (80 миллион теңгеден жоғары) бар екені анықталып отыр. Солардан сән-салтанат салығы алынса, қазынаның бүйірі біраз бұлтияр еді.

Міне, қазір кезең-кезеңімен қолға алынып, 2025 жылы баршаға бірдей декларация тапсырылғаннан кейін елімізде кім қандай дәрежедегі дәулетке ие екені одан да анық айқындала түсетін болады. Сонда байлыққа салынатын салықтың бағыты бұдан да нақтырақ көріне түседі деп отыр сарапшылар мен экономист мамандар. Ал сол жаңа заң ел Парламентінде тезірек қабылдансын деп тілейік.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button