Басты ақпаратЭкономика

БАЛА – БОЛАШАҒЫМЫЗ БОЛҒАНДА…



Кеше өткен Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында 2017-2019 жылдарға арналған қала бюджеті нақтыланып, елордада көші-қон үдерісін реттеу қағидалары сияқты бірнеше маңызды мәселе қаралды. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бюджет жобасымен қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді таныстырды.

Өз баяндамасын ол бастан-­аяқ қазақ тілінде оқып шыққанын айтуымыз керек. Сессия соңына қарай соны атап өткен қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Күрішбаев өзге баяндамашылар Ерғали Қуандықұлынан үлгі алса екен деген тілегін жеткізді.

Сессия­ны жүргізіп отырған Мұхтар Төлеутаев оны қолдады.Шыны керек, қалалық мәслихат сессиялары мен мәслихаттың кез келген отырысында баяндама жасайтындар, негізінен, қазақша амандасқаннан аспай, әрі қарай бірыңғай орыс тілінде сөйлей жөнеледі. Тіпті депутаттардың қазақ тілінде берілген сұрақтарына орысша жауап беретіндер көп. Осы жолы да Ақылбек Күрішбаевтың бюджетке қатысты мемлекеттік тілде берілген сұрағына салыққа жауапты орган өкілі, Гүлжан атты өзіміздің қара көз қарындасымыз орыс тілінде жауап беріп келе жатқан еді, депутат қазақша сөйлеуін талап етті.

Алайда қарындасымыздың талпынысынан түк шықпады. Ақырында «орысша сөйлей берейінші» деп өтінуге мәжбүр болды. «Жарайды. Бірақ мемлекеттік қызметте, әсіресе, салық жүйесінде қыз­мет істегеннен кейін қазақша үйрену керек» деді Ақылбек Қажығұлұлы.

Сондай-ақ: «Бір жыл бұрын мемлекеттік тілді қолдану мәселесі бойынша ұсыныс айтқанмын. Содан бері мәслихатта оң өзгерістер байқалуда. Сессия мен комиссия отырыстарын қазақша жүргізіп отырмыз. Бұрын ондай емес еді. Біз Астананың мәслихаты болған соң өзгелерге үлгі көрсетуіміз керек. Баяндамасын бастан-аяқ қазақша оқыған Ерғали Қуандықұлына рақмет айтуымыз қажет. Өзге баяндамашыларға баяндаманың кемінде жартысын қазақша оқуға болады ғой. Олардың барлығы да қазақ жігіттері мен қыздары. Мемлекеттік тілді сыйлауымыз керек. Бұл – тәртіп, бұл – заң. Осындай шешім қабылдайық. Сонда қазақ тілін өздеріміз де үйренеміз, жастарды да үйретеміз» деді Ақылбек Күрішбаев. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл ұсыныс сессия төрағасынан қолдау тапты.

Хош, сонымен негізгі мәселелерге келейік. Сессияда қаралған мәселелер одан бір күн бұрын мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралды. Сол кезде мектептерге қатысты біраз әңгіме болды. Мектептердің құрылысына жасалатын жобалық-сметалық құжатқа сәйкес олардың толықтай жабдықталуы, мектептердің маңына балалардың қауіпсіздігі үшін бағдаршам орнату, орта білім беру орындарына апаратын жолдарды салу сияқты мәселелерде №17 мектеп-гимназия директоры Рамзия Умербаева, №59 мектеп-лицейдің директоры Зәуре Жүсіпова, Мирас Шекенов сияқты қалалық мәслихат депутаттарының дауыстары ащы шықты. Бала – болашағымыз болғанда, олардың білім алуы мен қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға болмайтынын айтты.

Алайда осы және депутаттар көтерген өзге мәселелерге де мардымды жауап болмады. Депутаттар «Басқарма басшылары неге ақпаратпен қамтылмаған өкілдерін мәслихатқа жібереді?» дегенге дейін барды. Тұрақты комиссиялар отырысынан кейін «жандары мұрындарының ұшына келгенін» сезген басқарма басшылары депутаттарға жауап беріпті. Мұны кеше қалалық мәслихаттың сессиясы барысында Ерғали Егемберді мәлімдеді.

Тұрақты комиссияларының отырысында мәслихаттың өткен жыл аяғында Астана қаласының «Recommended by EXPO-2017» әріптестік бағдарламасының қатысушыларын іріктеу бойынша комиссиясының құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы қалалық Инвестициялар және даму басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Құлтаева ұсыныс енгізді. Оның айтуынша, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне байланыс­ты әзірленген бұл бағдарламаны жоймай, «Recommended by Astana» атауына өзгерту шешімі шыққан.

Алайда мәслихат депутаттары аталмыш бағдарлама ойдағыдай жүзеге аспағаны туралы пікір айтып, жаңа атауы да сәйкес келмей тұрғанын жеткізді. Мәселен, Мирас Шекенов «Оның аудармасы бұрын ЭКСПО-ға ұсынады деген мағына берсе, қазір Астанаға ұсынады деп өзгеріп тұр. Сонда Астана өзіне не ұсынып отыр? Атауы сәйкес келмейді ғой» деді. Кеше сессия барысында Әйгерім Құлтаева депутаттардың барлық ұсыныстарын басқарма қарау­ға дайын екенін айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button