Қала мен Сала

Бала емізуден неге бас тартады?



Жыл сайын тамыздың бірінші аптасында табиғи жолмен емізудің бала денсаулығына пайдасын түсіндіру үшін Дүниежүзілік бала емізу апталығы өтеді. Осы апталық аясында елорда емханаларында атқарылған жұмыстар туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндалды. «Жаңа туған нәрестелер мен аналардың денсаулығын сақтау туралы» тақырыбында өткен брифингке Астана қаласының бас педиатры Дана Әбілғазина, Астана қаласының №3 көпбейінді қалалық ауруханасының неонатолог-дәрігері Ұлсерік Қалибекова қатысты.  

Бұл іс-шара БДСҰ, ЮНИСЕФ және көптеген елдердің денсаулық сақтау министрліктерінің, азаматтық қоғам серіктестерінің қолдауымен ұйымдастырылады. Апталық биыл ана сүті мен еңбек қызметінің үйлесімділігіне бағытталып, емізулі балалары бар аналардың құқықтарын қорғауға арналды. Спикерлердің айтуынша, бұл іс-шаралар ана құқығын қорғап, 18 аптадан кем болмайтын, алты айдан асатын жүктілік демалысының берілуін және жұмысқа шыққаннан кейін де оларға қажетті жағдайдың жасауды насихаттауға бағытталады.

– Көптеген елдер соңғы 10 жылда табиғи тамақтандыру бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Расында  аналарға жұмыс орнында қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуы өте маңыз­ды. Жаңа туған балаға ана сүтін беру – олардың дене бітімі мен ой-санасының толыққанды дамуына ықпал ететін, баланың да, анасының да денсаулығына оңтайлы әсер ететін, бала үшін теңдесі жоқ қорек. Қазақстанда ана сүтімен емізуден бас тартудың себептеріне балаға омырауды дұрыс бермеуден тері қабатының ауырсыну, фармацевтикалық компаниялардың жасанды қоспаларды жарнамалауы, ана сүті мен табиғи емізудің маңызын түсінбеу жатады, – дейді Ұ.Қалибекова.

Мамандардың айтуынша ана сүті, сондай-ақ сәби денсаулығы мен оның дамуына қажетті гормондарды, ферменттерді, биологиялық белсенді қоспаларды және иммундық жүйені нығайтатын бірегей құрамнан тұрады. Соған қарамастан, үш сәбидің екеуі 6 ай бойы тек ана сүтімен ғана тамақтанбайды. Бұл көрсеткіш соңғы екі онжылдықта өзгермеген. Биыл алты айда Астанада 15 мыңнан астам әйел босанып, 15 121 бала дүниеге келді. Алайда сәбиді 6 айға дейін тек қана ана сүтімен емізу көрсеткіші 72%-ды құрайды. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп барады.

Дәрігерлер сәбиін емізетін әйелдердің сүт безі мен аналық без қатерлі ісігіне шалдығу қаупі төмен болатынын жеткізді. Ана сүті – бала ағзасы үшін ең құнды әрі пайдалы тағам. Ол қауіпсіз, зиянсыз және көптеген балалар ауруларынан сақтайтын антиденелерге бай. Ана сүтінің құрамындағы ақуыздар, майлар, минералды заттар мен витаминдер бала ағзасы үшін өте пайдалы.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button