Басты ақпаратЕлорда тынысы

Бала қауіпсіздігі қорғалады



Мемлекет басшысының өзі айрықша назар аударып отырған мәселенің бірі – мектептегі қауіпсіздік. Жасыратыны жоқ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көптеген кемшіліктерге жол беріп отырмыз. Прокуратура өкілдері ашық айтқан жайттар бәрімізді ойландыруы тиіс. Мәселен, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, суицид фактілерінің азаймауы – осындай қылмыстардың алдын алу жұмысының жүргізілмеуі я болмаса нашар жүргізілуінің нәтижесі. Бір ғана алаңдатарлық факт, 2023 жылы балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс өскен. Биыл 24 балаға жыныстық зорлық жасалған. Былтыр 83 бала суицид жасап, 12-сі аман қалса, биыл 3 бала өзіне-өзі қол салған. Бұл – бір ғана отбасының қайғысы емес, күллі қоғам болып күресетін мәселе.

Астана қаласының Білім басқармасы әдістемелік орталығымен бірлесе отырып Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицей базасында «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында семинар-кеңес өткізді.

Іс-шараға техникалық және кәсіптік, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері, жекеменшік балабақшалардың қауымдастығының және ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты.

Жиын Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен өтті, семинар-кеңеске Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, Астана қаласы прокурорының кәмелетке толмағандар бойынша аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова, қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қанат Нысантаев, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дамир Ермағамбетов, «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының Балалардың әл-ауқаты департаментінен Әлия Абкенова, Астана қаласы Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысып, бала қауіпсіздігіне қатысты баяндамалар жасады, білім беру ұйымдарының өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Кейінгі кездері біздің әлеуметтік қоғамда байқалып жатқан тенденциялық факторлар шұғыл түрде бала қауіпсіздігіне қатысты жиынды жоспардан тыс өткізуді қажет етті, осы бағытта нақты жұмыс жасалуы тиіс деп есептеймін. Күнделікті балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы, өміріне жауапты білім мекемелерінің осыған қатысты ең өзекті сауалдарын, мәселелерін дәл осы жерде, осы отырған сарапшылармен бірге талқылап, осы тарапта жұмысты жандандыруымыз қажет. Өйткені мамандар келтірген деректер мен дәйектер, көрсеткіштер алаңдатады. Бұл – балаға, оның отбасына, оқу ордасына қатысты мәлімет қана емес, әр бала біздің ұланымыз, біздің болашағымыз, сондықтан, бұл қоғам болып, бала тәрбиесіндегі олқылықтарға, адам түршігерлік цифрларға бейжай қарамай, оны болдырмауға жанымыз­ды сала күресуіміз қажет, – деді Есет Байкен өзінің сөзінде.

Семинар-кеңесте спикерлер келтірген деректер мен дәйектер, балаға қатысты қылмыстық фактілер, буллингтер, түрлі қиындықтарға тап болуы – балалардың өмірін, денсаулығын сақтау жолында, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдау керектігін аңғартты. Бұл – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button