Жаңалықтар

БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ



Елордада VII сайланған Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Жиында «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында жобаларды қаржыландыру мәселесі талқыланды.

Үлестік құрылыстың проблемалық нысандарын аяқтау үшін 23 миллиард теңге бөлінді, жыл қорытындысы бойынша 18 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Әлеуметтік салаға 135,8 миллиард теңге, оның ішінде білім беруге 194,9 миллиард теңге қарастырылған. Осы қаражат аясында жыл соңына дейін 15 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Медициналық жабдықтар алуға және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Тұрғын үй алаптарының проблемаларын шешуге бағытталған 38,7 миллиард теңге қолдау тапты. Партияның сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын орындау – бюджетті жоспарлау мен нақтылауда басты басымдық, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Зейдұлла.

Елордада 890 мың жасыл желек отырғызу жоспарланған. Осы мақсатта 1,8 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар қалада бұқаралық спортты, мәдениетті дамытуға, жастарды қолдауға 5,2 миллиард теңге көлемінде қаражат көзделген.

Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Олжас Шабданов қалалық және қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер мәселесі реттелгенін айтты.

– Биыл «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданының сол жағында жалпы ұзындығы 1,9 шақырым болатын Есіл және Бұқтырма көшелерінде жөндеу жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ Ертіс және Жайық көшелері бойынша инженерлік желілердің құрылысын аяқтап, асфальт жабынын төсеу жоспарлануда. Ақарыс көшесінде тұрмыстық және нөсерлік кәріз су құбыры желілерінің құрылысы көзделген. Жобаға 1 миллиард 150 миллион теңге қарастырылған, оның ішінде жергілікті бюджеттен қосымша 400 миллион теңге көзделіп отыр, – деді О.Шабданов.

Басқарма басшысының орынбасары қалада «Өндіріс» тұрғын алабы тұрғындарына көліктік қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында 26 шілдеден бастап «Өндіріс» – GreenLine» қатынасымен жаңа №30 қалалық бағдар іске қосылғанын атап өтті. Жалпы қаладағы қоғамдық көлік саны 6 пайызға артқан. Оның ішінде 11-і қала маңына қатынайды, ал 37-сі – қалалық автобустар.

Сондай-ақ Есіл ауданының әкімі, Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық филиалының төрағасы Берік Жәкенов партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының іске асырылуы туралы есеп береді.

Айта кетейік, Есіл ауданы әкімдігі Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы Жол картасының 6 тармағына жауапты.

– 5 жыл ішінде 31 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарлануда. Биылға 6 мекенжай бойынша қоғамдық кеңістікті абаттандыру бойынша жұмыстар жоспарланған. Сонымен қатар жыл соңына дейін 38 аула абаттандырылады. Қазіргі таңда 10 спорт алаңы абаттандырылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша кешенді жұмыстарды елордалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қолдауымен «Clean City NC» ЖШС жүзеге асырады. Бүгінде мердігерлік ұйым 1000 контейнер сатып алуды жоспарлап отыр. Биылға 160 контейнерлік алаңға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, оның ішінде «Пригородный», «Тельман», «Заречный» тұрғын алаптарына әрқайсысына 10 жаңа контейнер алаңы орнатылса, «Үркер» тұрғын алабында тағы 30 жаңа контейнер пайда болады. Бүгінде ауданда 10 контейнерлік алаң жайластырылып, 20-сы жөнделді, – деді Б.Жәкенов.

Депутаттар Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов пен өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Нұрлан Купешовтің есептеріне оң бағасын берді. ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Павел Казанцев партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, депутаттарға Жол картасының орындалуына бақылауды күшейтуді ұсынды.

Партия мүшелерінің айтуынша, басқармаға бекітілген жекелеген көрсеткіштер ағымдағы жылы төмен деңгейде жүзеге асырылуда. Nur Otan партиясы филиалының бірінші орынбасары Сақтаған Сәдуақасов депутаттар мен басқарма өкілдерін барлық жоспарланған міндеттерді бірлесіп, жүйелі түрде жүзеге асыруға шақырды.

– Жол картасының кейбір пункттері қаражатпен қамтамасыз етілмеген. Оны жүзеге асыруға депутаттар ғана емес, мемлекеттік органдар да жауапты. Қаражат бөлу мүмкіндігі бар-жоғын түсіну керек. Келесі жылға қаржыландыру бойынша талдау жүргізіңіздер, – деді ол.

Жол картасы сайлауалды бағдарламаның төрт бағытын іске асыру бойынша 362 іс-шараны қамтиды: «Баршаға тең мүмкіндіктер», «Зияткер, саламатты және ыждағатты ұлт», «Экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы», «Халыққа есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар». Тұрғын үй құрылысының көлемін, оның ішінде жеңілдікті әлеу­меттік тұрғын үй көлемін ұлғайту, әйелдер кәсіпкерлігін, мектепке дейінгі және орта білім беруді дамыту арқылы қазақстандық отбасыларды қолдау мен нығайту бойынша жүйелі жұмыстар қарастырылған.

Наима Нұралықызы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button