Денсаулық

Бәрін білетін білезік



Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров қаладағы №4, 9 және 10 емханалардың диспансерлік есепке тұрғандарға тегін берілетін ID денсаулық-білезіктерінің қанатқақты жобасымен таныстырды.

Денсаулық-білезіктер қант диабетіне, артерия­лық гипертензияға және созыл­малы жүрек ауруына шалдыққан науқастарға арнал­ған. Пилоттық жобаға тар­­тылған 210 адамның бәріне денсаулық-білезіктері тегін үлестірілді.
Бұл білезіктер науқастың аяқ астынан қан қысымы көтеріліп, не жүрек соқпасымен ес-түссіз құлағанда науқастың жағдайын жа­қындарына жылдам жеткі­зеді. Білезіктегі QR-кодта науқастың қандай дәрілерге аллергиясы бар, қандай ем алып, қайда тіркелгені туралы мағлұмат жинақталған. Тосын жағдай болса, автоматты түрде науқастың өзі белгілеген жақын-жуығына жедел хабар жетеді.
Статистика бойынша жыл сайын 500-ге жуық науқас қаладағы стационарларға ес-түзсіз жағдайда түседі. Дәрігерлер жедел жәрдемге кіріспес бұрын денсаулығы туралы барлық мәліметтерді білуі емнің тиімділігін арттырады. Бұл аз уақыттың ішінде шешім қабылдап және науқастың өмірін сақтап қалу үшін өте маңызды.
«Кейде науқас реанимация­ға келіп түскенде, біз оның туысы мен жақындарын біле алмай, кімге қоңырау шалуды білмей жатамыз. Ал бұл білезікте барлық деректер қамтылған» деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Қазіргі уақытта елордада диспансерлік есепте тұрған науқастардың саны 120 мың адамды құрайды. Жаңа жоба келесі жылдың наурызына дейін толық жүзеге асырылады.

 


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button