Басты ақпаратРуханият

Бас қалаға Қасым хан жат па?



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев айтқандай, биыл Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өтеміз. Бұл ұлт тарихының мыңжылдық жылнамасын қайта зерттеуге жол ашады. Жошы ұлысы негізінде құрылған Ұлық ұлыс пен Қазақ хандығының сабақтастығы туралы сөз еткенде ең бірінші ойымызға Қасым хан түседі. Ендеше мерейлі датамен бірге Қасым ханды ұлықтау маңызды міндет деп ойлаймыз.

– Қасым ханның билігі Шығыс Дешті Қыпшақ даласына кең тарап, бұрынғы Жошы және Шағатай ұлысы аумағындағы ең күшті мемлекетке айналды. Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайы тұрақтанып, аймақтағы күрделі саяси үдерістерде шешуші рөл атқарды. Ол Мауереннахрдағы саяси жағдайды тұрақтандыруға ықпал етіп, Астрахан, Қырым хандығымен дипломатиялық байланыс орнатып, оңтүстікте Түркістан, Сауран, Сығанақ және тағы басқа қалаларды маңызды сауда-экономикалық орталыққа айналдырып, шекараны солтүстікте Сібірге, батыста Еділ өзеніне дейін жеткізді. Халықтың береке-бірлігін арттыруда «Қасқа жол» заңдар жинағын жариялап, қоғамға ортақ құндылықтар ұсынды. Бұл мемлекет ретінде алға ілгерілеуде шешуші рөл атқарды. Ендеше Жошы ұлысы туралы сөз еткенде Қасым ханның тұлғасын дәріптеу маңызды, – деді тарихшы Жамбыл Артықбаев.

Жошы ұлысының заңды мұрагері саналған Қасым хан Қазақ хандығын іргелі ұлысқа айналдырды. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, біз Қасым ханды қалай танып жүрміз? Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын.

Білетініміз, 2022 жылы жарық көрген «Ұлы дала таңы» атты тарихи фильмінде Қасым ханның тұлғасын көруге болады. Алматы, Атырау және Қызылорда қаласындағы көшеге аты берілді. Ханды насихаттайтын өзге атрибуттарды көріп тұрған жоқпыз. Қайбір жылы елорда төрінен Қасым ханға көше беріледі деп айтылған еді. Бірақ жабулы қазан жабулы күйінде қалды.

Шын мәнінде, хандар институты – елдіктің темірқазығы. Тарихшылар елдіктің ұйытқысы болған хандар билігі Жошы ханнан басталатынын, ал Қасым ханның аталары Жәнібек, Барақ, Орыс хандар Ақ Орда мен Алтын Орданың билеушілері болғанын дәйектейді.

Қазіргі Ақорда Жошы ханды және Жошы ұлысын дәріптеу­ді ұстын етті. Алайда ұлттың ұйыт­қысы болған хандар институтына мән беру жағы кемшін сынды. Бұл ойымызды әдебиетші-ғалым Сағымбай Жұмағұл қуаттап:

– Тарихи тұлғалардың болмыс-бітімін жас ұрпақтың санасына сіңіру – ұлттық идеологияның бір құралы. Қоғам тұтастығын сақтауда, Отан қорғауда Қасым ханның сіңірген еңбегі зор. Ханға қойылған ескерткіш елорданың сән-салтанатын еселей түседі. Ал оның есіміне берілген көшенің рәміздік мән-мағынасы болады. Тіпті ұлы ханның атымен аталатын мемлекеттік награда берудің де орайы бар, – деді.

2010 жылы Керей мен ­Жәнібек хандарға ескерткіш бой көтеріп, Тұңғыш Президент мұражайы алдындағы саябақта қойылды. Сол жағалауда 5,8 мың метрге созылған даңғылға қос ханның есімі берілді. Одан бөлек, Абылай және Кенесары ханның есімімен аталатын көшені және соңғы ханның Есіл жағалауындағы ескерткішін көруге болады.

Әзірге Қазақ хандығын кемеліне келтіріп, өз заманында қуаты тасып, айбыны асқан Қасым хан, Хақназар хан, Тәуке хан ескерусіз қалуда. Бәлкім, Жаңа Қазақстан тұсында Қасым ханның тұлғасына лайықты баға берілетін болар.

 

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button