Басты ақпаратҚоғам

Өзекті мәселені шешуге өзгеше тәсіл керек

Біз өткен айдың басында «Астана ақшамы» газетінде «Тамақтан төнген қауіп» (№4 (4592) 11.01.2024) деген тақырыппен Қытайдан әкелінген балалар денсаулығына қауіп төндіретін залалды тағамдардан сақтану туралы дабыл қаққан едік.

Жақында осы мәселені Сенат Депутаты Бибігүл Жексенбай Сенаттың пленарлық отырысында көтеріп, «қоқыс тағамдар» бойынша Үкіметке депуалтын таттық сауал жолдап, нақты ұсыныстар білдірді. Міне, бұл аталған мәселеге билік өкілдерінің де назар аудара бастағанын көрсетеді.

Қаптамасында мемлекеттік тілде немесе ресми тілде жазылған ешқандай нұсқаулығы жоқ, келу қайнары белгісіз тағамдардың еліміздің азықтүлік базарына жалбызбалап кіріп, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқанына біраз уақыт болды. Оны тексеріп, қадағалап жатқан Үкімет болмаған соң, сатушылар оны үлкен сауда базарларында ашық сата бастады. Ал шын мәнінде бұл өнімдердің құрамының залалды екенін былай қойғанда, ол екі бірдей заңды белден басып тұр. Біріншіден, бұл тағамдардың қаптамасында еліміздің заңдарында белгіленген талаптарға сай келетін түсіндірмесі жоқ. Тамақ өнімдерін, оның ішінде импорттық тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын талаптар Кеден одағының «Тамақ өнімдерін таңбалау бөлігінде» техникалық регламентіне (КО ТР 022/2011) сәйкес келуі тиіс. Өнімнің тұтыну қаптамасында: тамақ өнімдерінің атауы, құрамы, саны, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушының атауы және орналасқан жері, пайдалану жөніндегі ұсынымдар және (немесе) шектеулер, тағамдық құндылық көрсеткіштері, гендік – түрлендірілген организмдердің болуы туралы мәліметтер, Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығындағы өнім айналымының бірыңғай белгісі көрсетіледі. Мұндай ақпарат Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілінде болуға тиіс, қысқаша ғана мәліметті орысша жазып қоя салуға да болмайды. Екіншіден, бұл тағамдар кеденнен заңды жолмен емес, көлеңкелі жолмен өткізілген. Яғни ол тағамдарда кеденнен заңды түрде импортталғанын растайтын ешқандай куәлік жоқ. Демек, бұл – әлдекімдердің көлеңкелі бизнесі. Мүмкін олар алдағы уақытта дайын саудасынан айырылып қалмау үшін қажетті құжаттарын толықтап, қаптамасына қазақша түсіндірме жазып, сатуға тырысатыны анық. Әлеуметтік желіде шетелден импортталатын тауарға ақшасын төлесе, жылдам сертификат алуға көмектесеміз деген жарнама да аз емес. Демек, «қаптамасында мемлекеттік тілде жазылған түсіндірмесі болу керек» деген талаппен ғана мәселе шешілмейді. Ол керісінше сатушылар мен делдалдардың жең ұшынан жалғасуына, жемқорлықтың асқынуына жол ашуы мүмкін. Сондықтан Кедендік бақылаушы органдардан сырт, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі де бұл мәселеге баса назар аударуы керек. Әсіресе, Денсаулық сақтау министрлігі шетелден енгізілген азық-түліктердің құрамын, сапасын елімізде қайталай тексеріп, анықтап отыруды әдетке айналдыруы тиіс. Әйтпегенде, ақшаға құныққан сатушылар залалды тағамдардың қаптамасын талапқа сай «қатырып» жасап, сата беруі мүмкін.

Оның үстіне, қазір мұндай залалды тағамдар әлеуметтік желі арқылы да саудаланып жатыр. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс берсең, Қытайдан бір аптаға жетпей алдырып беретін жекелер де, тасымал компаниялары да аз емес. Тағам жарнамасына қатысты талаптарды қайырып қойып, Қытайдың «қоқыс тағамдарын» тамағы жыртылғанша насихаттап жүрген блогерлер де көп. Сондықтан бұл мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің тиісті органдарының тексеруінен өтпеген тағамдарды әлеуметтік желі арқылы сатуға қатаң тыйым салу шараларын да қабылдау керек. Онсыз біз залалды тағамдар саудасына тосқауыл қоя алмаймыз.

Азық-түліктің қауіпсіздігі – бір ел азаматтарының денсаулығының басты кепілі. Сондықтан бұл мәселеге билік те, халық та баса назар аударуы керек. Әсіресе, халық болып қауымдасып, жұрт болып жұмылып, зиянды тағамдарды сатуға тосқауыл қойсақ, залалды тағамдардың елімізге кіретін жолын кесу қиын емес. Ол үшін халық қоқыс тағамдардың адам денсаулығына залалды екенін жете түсініп, оны сатып алудан бас тартса, өтпейтін тағамды ешкім де саудаламайды. Осы тұрғыдан алғанда, кейбір өңірлерде ұстаздардың шетелден енгізілген зиянды тағамдар жайлы оқушыларға түсіндіріп, оны беталды жемеуге шақырғаны; ата-аналардың мектеп төңірегіндегі дүкен қожайындарынан еліміздің қатысты заң талаптарына сай келмейтін, келу қайнары белгісіз тағамдарды сатпауды талап еткені құптарлық бастама деп ойлаймыз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button